• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Шілде, 2010

Тәуелсіздік шежіресі

880 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында “Нұрсұлтан Назарбаев — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті” атты кітап көрмесі ашылды Елбасының мерейтойына орай­лас­­ты­рылған көрме мақсаты – Мем­лекет бас­шы­сы Н.Назарбаевтың өмі­рі мен саяси қызметі жайындағы Ұлттық кітапхана қо­рын­дағы отан­дық және шетелдік басы­лым­дар­ды кеңінен таныстыру. Бұл көр­мені Тәуелсіз Қазақстанның қа­лып­тасу жылдарының тарихи ше­жіресі десе де болғандай. Негізінен жеті бөлімнен тұратын көрмеге қазақ, орыс және шет тілде­рін­дегі 1 мыңнан астам басылым қойы­лып, оларда Елба­сы­ның өмір жо­лы: жастық шағы, есейіп, ең­бек­ке ара­ласқан жылдары, саяси және қо­ғам­дық қызметі қамтылған. Сондай-ақ Мем­лекет басшысы туралы әлем саясат­кер­лері­нің ой-пікірлері, ақын-жазушылар шығар­ма­ларының топтамалары бар. “Менің Қазақстаным” атты бөлім Тәуел­сіз Қазақстанға арналып, ондағы құжаттар еліміздің қысқа мерзім ішінде жүріп өткен жолын, тарихи оқиға­лар­ды суреттесе, екінші бөлім “Н.Назар­баев­тың еңбектері” деп ата­лып, Елбасының кітаптары, баяндамалары мен сөздері, жол­дау­лары мен үндеу­лері, сұх­бат­тары мен мақалалары, құт­тықтаулары қам­­тыл­ған. Олардың ішін­де әр жылдары жарық көрген “Әді­лет­тің ақ жолы”, “Тәуел­сіздігімізге бес жыл”, “Ға­сыр­лар тоғы­сын­да”, “Тарих тол­қы­нын­да”, “Еуразия жүре­гін­де”, “Қа­зақ­стан жолы”, “Сындарлы он жыл”, “Қалың елім қазағым”, т.б. кітап­тары қойылған. Келесі “Өмірі мен қызметі” бөлі­мінде Елбасының өмірбаяны, оқыған жыл­дары мен еңбек жолының баста­луы, Қазақстан Рес­­пуб­­ли­ка­сы­ Пре­зи­дентін сайлау және ұлықтау, ха­лықаралык наградалар мен кұрметті атақ­тары туралы әде­­биеттер бар. “Мем­л­е­кет және Пре­зидент” бөлімінде президенттік билік пен мем­ле­кеттік басқару, заңдық-құқықтық саясат, Конс­титуция туралы әдебиеттер көрсетілген. “Ішкі саясат” бөлімінде Елбасы­ның әлеуметтік-экономикалық сая­са­ты, оның “Қа­зақстан­-2030”  Стра­тегиялық бағдар­ла­масы және Қа­зақстан халқына жыл сайынғы жолдау­ла­рымен, Қазақстан өңірле­ріне жаса­ған жұмыс сапарларымен, Астана қа­ласын дамыту туралы материалдармен, сондай-ақ елімізде тұратын этностар­дың жара­сымды дос­тығы мен ын­ты­мақ­­тастығы жө­нінде жүр­гізіп отырған саясаты, Қа­зақстан халқы Ассам­блея­сы туралы материалдармен танысуға болады. Ал “Сыртқы саясат” бөлімінде таяу және алыс шетелдермен халық­аралық қатынастар, Шанхай ынты­мақтастық ұйымына, Еуразия­лық одаққа қатысу, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі жайлы мате­риалдар ерекше орын ала­ды. Қорытынды бө­лім­де Прези­денттің Ұлттық кітап­ха­нада болғаны туралы материал­дар жинақталған. Сондай-ақ көрмеге келушілер “Нұр­сұлтан Назарбаев – Қазақстан Рес­­пуб­­ли­ка­сы­ның Тұңғыш Прези­ден­ті” атты электрон­дық кітап­ха­надағы 1993 жылдан бастап жүр­гі­зіліп келе жатқан мәлімет­тер база­сына кірген Н.На­зарбаевтың өмірі мен қыз­меті туралы 16620 библио­гра­фиялық (қазақ тілінде – 7011, орыс ті­лінде – 8304, шет тілдерінде ­– 1305) мәлімет­термен және жазба­лар­мен де таныса алады. Ол жыл сайын жаңа ақ­­парат­тармен толықтырылып отырады. Көрмеге келушілер Тәуелсіз­дік­тің 20 жылдығы мен Астана күніне және Елбасы Н.Назарбаевтың 70 жасқа толу құрметіне арналған “Ел­басы. Тәуел­сіз­дік. Алматы” атты фотошежіре кітабы­мен де таныса алады. Баршаға аян, ел тәуелсіздігіне тиянақ болған барлық істің бастауы Алматыда басталды. Тәуелсізді­гі­міздің тұсауы Алматыда кесілді. Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны, төл теңгесі де Алматыда дүниеге келді. Тәуелсіздігіміздің жеті жылғы тамыр жаю жолы Алматыда қалыптасты. Елбасымыздың: “Ал­маты – біздің Тәуелсіздігіміздің алтын бе­сігі, мемлекеттігіміздің алтын діңгегі”, деуі де сондықтан болатын. Бұл құнды сыйлық “Ал­маты ақшамы” газетінің жанынан “Алматы ақшамының” кі­тапханасы” сериясы бойынша Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен “АRNА-В” баспасынан шығып отыр. Алматы қалалық ішкі саясат бас­қар­масының мемлекеттік әлеуметтік тап­сы­рысы аясында кітапты “Азаматтық баста­малар орталығы” қоғамдық бірлестігі шығарды. Жоба авторы – “Алматы ақшамы” газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай. Көрме үш ай жұмыс істейді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.