Міне, алдымыздағы 30 тамыз күні ұлттық саяси-құқықтық жүйенің өзегі, мемлекеттілік пен ел егемендігінің, заңдылық пен құқық тәртібінің негізі болып табылатын Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясына 20 жыл толады. Бұл бәріміз үшін аса қуанышты да, мерейлі күні екені белгілі. Олай деуімізге толық негіз бар. Себебі, бұл Конституциямыз ең демократиялық жолмен, яғни Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 28 шілдедегі Жарлығына сәйкес жалпыұлттық референдумда қабылданды. Референдумға дейін Конституцияның жобасы жалпыхалықтық талқылау үшін екі мәрте жарияланды. 1995 жылғы 30 маусым – 30 шілде аралығында 33 мыңға таяу ұжымдық талқылаулар болды, 30 мыңнан астам ұсыныстар келіп түсті, бұларды зерделеу нәтижесінде жобаға 1100 шамасында түзетулер мен өзгерістер енгізілді. Әрине, қазір мұның бәрі өткен күннің бір белгісі секілді. Бірақ ақиқат шындық тарихта жазылып қалды. Жаңа Конституцияның талапқа сай қабылдануына көптеген адамдардың орасан зор еңбегі сіңді. Осы және басқа да мәселелер төңірегінде газет оқырмандарына айтып беруі үшін біз Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Роговқа жолығып, сындарлы сұрақтарымызға салиқалы жауап алдық.
– Игорь Иванович, кезінде аталған жаңа Конституция жобасын талдау және оған тәуелсіз сараптама жүргізу үшін Мемлекет басшысының жанынан Сарапшылық-констультативтік кеңес құрылып, оның құрамына отандық және шетелдік белгілі заңгерлер енгені белгілі. Өйткені, сол 1995 жылғы Президенттің 28 шілдедегі Жарлығында «елдiң мемлекеттiк өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн тiкелей шешу жөнiндегi халықтың құқығын жүзеге асыру мақсатында 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдум өткiзiлсiн» деп жазылған болатын. Әңгімемізді осы алғашқы жалпыхалықтық дауыс беруден бастай отырып, жаңа Конституцияның қабылдануы не берді деген сауалға жауап іздеумен жалғастырсақ.
– Иә, жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесі айтарлықтай болғаны сөзсіз. Референдумға Қазақстанның 8 миллионнан астам (немесе дауыс беру үшін енгізілген барлық адамдардың 90,6 пайызы) азаматы қатысты. Конституция жобасын 7 миллионнан астам қазақстандықтар (немесе 89,14 пайызы) қолдап дауыс берді.
Әлбетте, осы көпжылдық және ерен еңбектің басы-қасында сол бір күрделі кезеңде өз маңына миллиондаған қазақстандықтарды топтастырып, осы жобаны әзірлеу кезінде идеялардың қайнар көзі болған Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев еді. Әлемде қазіргі мемлекет басшыларының ішінде Конституцияны әзірлеу жөніндегі тиісті комиссияға басшылық етіп қана қоймай, Конституция құрылымының шетелдік тәжірибесін жеке зерделеп, ел конституциясының мәтінімен кәсіби тұрғыда жұмыс жасаған, ол қабылданғаннан кейін олардың нормалары мен ережелерін күнделікті өмірге енгізуге атсалысқан адам табыла қояр ма екен.
Осы орайда Қазақстанның Ата Заңы халық пен Елбасының бірлескен шығармашылығының жемісі деп мақтанышпен айта отырып, оның идеяларының, ережелері мен нормаларының жоғары заңи дәрежесі бар екеніне, ұлттық дәстүрлерге және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей мойындалған қағидаттарына сәйкес келетініне кәміл сенеміз. Әрине, елдің басты саяси-құқықтық құжатының қабылдануы дамудың қағидатты жаңа кезеңіне көшуді бастаған Отанымыз тарихындағы бетбұрысты сәт.
Еліміздің ең жоғары актісі әлемдік заң ғылымының озық жетістіктерін бойына сіңірді, ұлттық дамудың басымдықтарын нақты белгілеп, жаңа мемлекеттілік қалыптасуының құқықтық, саяси және экономикалық алғышарттарын бекітіп берді. Мемлекеттіліктің халықаралық заңдылығы тәжірибесін және ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, Конституция өтпелі кезеңнің негізгі міндеті – халықаралық қатынастардың жаңа субъектісі – Қазақстанның тең құқықтық шеңберде құрылу үдерісінің жүруіне мүмкіндік берді. Сол кездегі қиын-қыстау кезеңде қарулы, не өзге де жаппай қақтығыстар мен жанжалдарды болдырмау қолдан келді. Конституцияның өзегі болған ілгерінді заң қағидаттары елдің тәуелсіз даму жолына оңай өтуіне мүмкіндік берді.
Қазақстанның бүгінгі жеткен жетістіктері еліміздің Ата Заңымен тығыз байланысты. Өткен кезеңге көз жібере отырып, тарихи өлшеммен алғанда қысқа ғана уақыт ішінде конституциялық құндылықтарды іске асыру бойынша орасан зор жұмыс атқарылды деп сенімді түрде айта аламыз. Бұған Мемлекет басшысының Конституция әлеуетін өмір-тіршіліктің барлық саласында жан-жақты іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі қатаң нұсқамасы көп ықпал етті және ықпал ете береді де.
– Осы орайда Ата Заңымыздың рөлі мен маңызына да тоқталып өтсеңіз.
– Ата Заңымыздың рөлі мен маңызын нақты салалардың, институттар мен тіршілік ету аяларының қалыптасуы мен дамуы мысалынан нақты көруге болады. Мәселен, Республика Президентінің Конституцияның бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму деген қағидатынан туындайтын (Ата Заңның 1-бабының 2-тармағы) «әуелі экономика, содан соң саясат» деген тәуелсіздіктің таңы атқан тұста айтқан тезисі елде әлеуметтік бағдарланған нарықтық экономиканың қалыптасуына соны серпін берді. Республика Конституциясының 6-бабында бекітілген мемлекеттік және жеке меншікті тану және бірдей қорғау еркін нарықтың қалыптасуы мен жұмыс істеуінің маңызды кепілдігі болып табылады.
Конституциялық Кеңес меншікті шектеу мен қорғау тәсілдеріне рұқсат беретін оның құқығының конституциялық мәнін ашатын бірқатар құқықтық ұстанымдар жасады. Конституцияның қағидаттары мен нормалары меншік құқығы пайда болатын, өзгертілетін және тоқтатылатын барлық кезеңінде оған кепілдік беріп, бекітеді, қоғам мен мемлекеттің тұрақты және үдемелі дамуын қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың тиісті шешімдер шығаруының барлық рәсімдеріне қатысты болады (Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 23 сәуірдегі №4 және 2011 жылғы 7 желтоқсандағы №5 қаулылары (бұдан әрі – КК қаулылары)
Мемлекеттік және жеке меншікті бірдей қорғау туралы конституциялық талаптың мәні мемлекеттік және жеке меншік иесі олар үшін заңнама рұқсат берген және жол беретін нақты қатынастарда жария салада да (салық, т.б.), жеке салада да (шарттық өзара қатынастар, т.б.) сол бір ғана құқықтық режімге бағынуы тиіс екенін білдіреді. Аталған конституциялық кепілдіктер жоспарлы түрде іске асырылып келеді. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып бұрын болмаған жерден бастау алған нарықтық экономикасы бар ел ретінде танылды. Тәуелсіздік жылдары ішінде елдің ІЖӨ 24 есеге өсіп, халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ 13 мың долларға, орташа табысы бар ел деңгейіне жетті. Қазақстан БҰҰ-ның мыңжылдық даму мақсаттарының көпшілігіне қол жеткізді, кедейлікті 20 есеге (60%-дан 2,9%-ға дейін) азайтып, жүздеген мектептер мен ауруханалар салды. Еліміз ТМД ішінде тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша (200 млрд. доллардан астам) көшбасшы атанды.
Үстіміздегі жылдың 27 шілдесінде Женевада Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы туралы хаттамаға қол қойылды. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев азаматтарға арналған өз үндеуінде ДСҰ-ға кіру – күллі Қазақстанның жеңісі, оның жаһандық экономикалық жүйенің ажырамас бөлшегі ретінде танылуы деп атап көрсетті. 2017 жылы Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу баламалы энергия көздері және «жасыл экономика» сияқты барша адамзат үшін өзекті салаларда жаһандық экономиканы дамытуға қазіргі заманғы тың тәсілдерін көрсетеді.
– Сөз жоқ, бұл аталған Конституция өз тиімділігінің жоғары екенін көрсетті. Десек те 4-бапта Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл қазақ тілі деп белгіленген. Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін қандай жағдай жасауға қамқор болып отыр?
– Иә, осы жылдар ішінде Қазақстанның бейбітшілік пен келісім жағдайында үдемелі дамуы ел жетістіктерінің бірі ретінде қабылданды. Бұл құндылықтар қандай да бір конституциялық қағидаттарға негізделгені сөзсіз. Бұл орайда Конституциялық Кеңес осы конституциялық ережелердің мәні мен мазмұнын түсіндіретін шешім қабылдады. Мемлекеттік тілдің жоғары саяси-құқықтық мәртебесі оның Конституцияда бекітілуімен және оның заңдар арқылы ерекше болып белгіленуі не жария-құқықтық салада қолданылу басымдылығы мүмкіндігімен расталады. «Орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны» туралы конституциялық норма мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ және орыс тілдері қандай да бір мән-жайларға қарамастан біркелкі тең дәрежеде қолданылады деп түсініледі. Заңнама және құқық қолдану практикасы Конституцияның 14-бабының 2-тармағының талабын ескеруге тиіс, оған сәйкес ешкімді, оның ішінде тіліне байланысты ешқандай кемсітуге болмайды, сондай-ақ әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алу құқығын бекітетін конституциялық ереже де ескерілуі қажет.
Конституция қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты республиканың негіз құраушы қағидаттары ретінде айқындады (1-баптың 2-тармағы). Олар мемлекеттің, оның институттарының, қоғамдық бірлестіктер мен әрбір азаматтың қызметінде қағидатты түрде маңызды орын алады. Көпұлтты және көпконфессиялы ел болып табылатын Қазақстан толеранттық пен келісім идеясын ұсынады. 100-ден аса этностар мен 17 діни конфессиялардың өкілдері тұрып жатқан Қазақстанның тұрақтылығы көптеген елдер үшін үлгі. Қазақстан ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішінде конституциялық мәртебесі бар бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған жалғыз ел, ол көпэтностық қоғамның қазақстандық моделін қалыптастыруға және орнығуына ықпал етіп, елдегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуда зор рөл атқарады. Астанада Мемлекет басшысының бастамасы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі жүйелі түрде өтіп келеді, ол әлемде айтарлықтай қолдау тауып, он екі жыл ішінде конфессияаралық және дінаралық қатынастар мәселелері бойынша беделді диалог алаңына айналды.
– Бұл орайда Конституцияда үкіметтік емес сектор мәселесі қалай шешіледі?
– Конституцияда азаматтық қоғам институттары – қоғамдық және діни бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдары мен басқа да мемлекеттік емес ұйымдардың құқықтық мәртебесінің әртүрлі аспектілеріне қатысты нормалар мен қағидаттарға ерекше орын берілген. Мәселен, Конституцияның 23-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан азаматтарының бірлесу бостандығына құқығы бар. Азаматтардың бұл конституциялық құқығы саяси партиялар, кәсіптік одақтар мен жалпы мақсаттарға қол жеткізу үшін ерікті негізде құрылған коммерциялық емес сипаттағы өзге де бірлестіктер құру арқылы іске асырылады. 2002 жылы «Саяси партиялар туралы» Заңның Конституцияға сәйкестігін қарап, Конституциялық Кеңес оның нормаларының қоғам мен оның барлық жіктері үшін өз саяси мүдделерін білдіруге ұмтылатын партиялардың тұрақтылығына және олардың саяси қызмет белсенділігіне кепілдік беретін мақсаты бар екенін атап көрсетті. Партиялар туралы заңнамада мұндай нормалар қоғамдағы шынайы плюрализмді қорғайтын және ынталандыратын болып танылады.
Демек, барлық қоғамдық бірлестіктер ішінде кәсіптік одақтар да саяси партиялар ретінде азаматтардың өздері ұйымдастыратын жоғары нысан болып табылады, әлеуметтік-экономикалық мақсаттарды көздейтін жеткілікті құрылымдық бірлестікті білдіреді.
– Өзіңіз де жақсы білесіз, Ата Заңымызды барлық заңдардың бастауы, заңнамалар негізі болып табылады дейміз. Бұған қалай қарайсыз?
– Республика Конституциясы тиімді норма шығармашылықтың берік негізін құрайды. 4-бапта елде қолданылатын құқықтың құрылымы айқындалған. Конституциялық құқық жөніндегі көптеген мамандар бұл ережені Ата Заңымыздың сөзсіз басымдығы ретінде қарастырады.
Конституциялық Кеңес құзырында заңнама мәселесіне арналған шешімдердің тұтас тегі бар. Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығы белгіленген тәртіппен құқықты субъектілер қабылдаған нормативтік-құқықтық актілерде бар нормалар жүйесі ретінде қаралады. Оларға өзгерістер немесе толықтырулар енгізу тиісті органның құзыреті шегінде белгіленген тәртіпті сақтай отырып, жүзеге асырылуға тиіс. Республика Конституциясының жоғары заң күші бар. Қазақстан Республикасының Конституциясы заңдар, оның ішінде елдің барлық аумағында міндетті күші болатын конституциялық заңдар нысанында заңнамалық актілер қабылдауға құқылы.
– Конституцияны мемлекеттік тәуелсіздіктің конституциялық заңдылығының іргетасы дейміз. Осы орайда оның базалық элементтерін заңды түрде ресімдеу процесі аяқталды ма?
– Ата Заңның 2-бабында республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтитыны бекітілген. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қолсұғылмаушылығы мен бөлінбеушілігін қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет.
Конституциялық Кеңес бұл конституциялық ережелерге ресми түсіндірмелер береді. 2003 жылғы 23 сәуірдегі №4 нормативтік қаулысында Конституциялық Кеңес аумақтық тұтастық оның аумағын бөлшектеуге, мемлекеттің келісуінсіз табиғи ресурстарды пайдалануға және Қазақстан өңірлерінің мәртебесін өз бетінше өзгертуге жол берілмейтінін, мемлекеттік шекараның мызғымайтындығын және ұлттық мүдделер мен мемлекеттің егемендігіне нұқсан келтіре отырып, аумақты басқаға беруге тыйым салынатынын білдіреді. Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын өзгерту Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастама білдірудің нысанасы бола алмайды. Қазіргі кезде Қазақстанның аумақтық даулы мәселелері жоқ, барлық көрші елдермен мемлекеттік шекара жұмыстарын реттеді. Біздің сыртқы шекарамыз бүгінде – тату көршілік пен ынтымақтастық шебі болып табылады. Конституция ұлттық және халықаралық құқық қатынастары туралы мәселені шешті, бұл еліміздің халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуына, интеграциялық процестердің бастамашысы болуына және көпвекторлы сыртқы саясат жүргізуіне мүмкіндік береді.
Қазақстандық құндылықтардың елдің халықаралық міндеттемелерімен үйлесімділігі туралы орын алған пікірталас Конституциялық Кеңестің бірқатар шешімдерімен шешілді. Мәселен, Конституцияның 8-бабы бойынша Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын құрметтеуі туралы ереже оларды мемлекетішілік құқықты жасау кезінде ескеруге ұмтылушылықты білдіреді. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттары немесе оның жекелеген ережелері Ата Заңның 4-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында ең жоғары заң күші бар Республика Конституциясына қайшы келеді деп танылған жағдайда мұндай шарт толықтай немесе Конституцияға сәйкес емес деп танылған бөлігі орындалуға жатпайды.
Қазақстан Республикасы тәуелсіз және халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болып табылады, Қазақстан халқының мүддесінде Конституция негізінде және халықаралық құқықтар мен Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа мемлекеттермен ынтымақтастық және тату көршілік қатынастарды жүзеге асырады. Мемлекетаралық (үкіметаралық) экономикалық ұйымдар халықаралық құқық субъектілері ынтымақтастығының маңызды нысаны болып табылады. Конституциялық Кеңес Қазақстан ратификациялаған Шартқа сәйкес құрылған Кеден одағы комиссиясының шешімдерінен туындайтын Қазақстанның құқықтары мен міндеттерін іске асыруды Ата Заңның 4-бабының 1-тармағында көрсетілген өзге де міндеттемелерді орындауы ретінде түсіну қажет екенін атап көрсетті. Аталған актілер қатысушы мемлекеттер үшін, оның ішінде Қазақстан үшін міндетті сипатта және тараптар, олардың мемлекеттік органдары, лауазымды адамдар ұлттық заңнамалық актілерді оларға сәйкес келтіруді қоса алғанда, осындай талапты орындауға бағытталған барлық қажетті ұйымдық-құқықтық іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті.
Сонымен қатар, Конституциялық Кеңес өз шешімінде халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтитыны және Конституцияда белгіленген мемлекеттің біртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайтыны туралы Конституцияның 2-бабының 2-тармағының және 91-бабының 2-тармағының ережелерін бұзатын шешімдері Қазақстан үшін міндетті деп танылмайтынын атап өтті. Ата Заңның Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жариялайтын 1-бабының 1-тармағын ескере отырып, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын кемсітетін комиссия шешімдері қазақстандық заңдар алдында басым болмайды және тікелей қолданылуға жатпайды. Бұл қағидаттар өткен жылғы мамырда Астана қаласында қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың негізін құрады, оған сәйкес қазіргі кезде жаңа интеграциялық бірлестік құрылды.
– Игорь Иванович, сіз де жақсы білесіз Елбасының орасан зор басшылығымен Қазақстан қысқа кезең ішінде таңғажайып табыстарға қол жеткізді. Осы орайда, оның көшбасшылық қасиеттерімен қатар мемлекеттік басқарудың таңдап алынған моделінің сәттілігін де атап кеткен жөн шығар.
– Иә, мемлекеттік құрылым туралы айтқан кезде президенттік басқару нысанының айрықша маңызын атап кеткен орынды. Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті – Мемлекет басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.
Республиканың Президенті халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі. Ол мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және олардың халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.
Конституциялық Кеңестің бірқатар шешімдері президенттік басқару нысанына арналған. Қазақстан Республикасының Президентін жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы сайлайтын халықтың жалғыз дербес жоғары өкілі. Сайлау қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қазақстанға басшылық етуге, ел ішінде және халықаралық қатынастарда халықты және оның мүдделерін білдіру мандатын алады. Сондықтан басқарудың ғылыми-практикалық електен өткен нысаны және Елбасының реформаторлық жеке тұлға ретіндегі күш-жігері кәсіби пікірлес командамен үйлесімде қысқа мерзім ішінде қажетті өзгерістер енгізуге және жедел дамудың тұрақты деңгейіне шығуға мүмкіндік берді.
– Конституцияның 1-бабының 1-тармағында өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратын, ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болатын Қазақстанның жаңа сапасы айқындалған дейміз. Осыған нақтырақ тоқталып өтсеңіз.
– Қазіргі заманғы мемлекеттің осы сипаттамалары Қазақстанның жоғары мақсаттарға кезең-кезеңмен жетуін ынталандыратын Конституциялық Кеңестің шешімдерінде ашып көрсетіледі. Конституцияның 1-бабының 1-тармағындағы «Қазақстан Республикасы өзін... және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деген сөздердің бөлігі «Қазақстанның өз азаматтарының лайықты тыныс-тіршілігі және жеке бастың мемлекет мүмкіндіктеріне барабар еркін дамуы үшін жағдай жасау жолымен әлеуметтік теңсіздікті жұмсартуға өзіне міндеттеме алатын мемлекет ретінде дамуға ниетті» екенін білдіреді. Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін және одан жоғары ұлғайту, жалақы, әлеуметтік жәрдемақылар және шәкіртақылар мөлшерін арттыру, кедейлік және жұмыссыздық деңгейін қысқарту, балаларды мектепке дейінгі білім берумен 100 пайыз қамту туралы Мемлекет басшысы қойған тапсырмаларды өмірге енгізу аталған бағытты іс жүзінде айқындайды.
Мемлекеттің әлеуметтік сипаты Мемлекет басшысы жария еткен конституциялық негізі.Негізгі Заңда жария етілген әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамы идеясымен шектеулі түрде үйлеседі. Конституция адамдардың әл-ауқат көзі бірлесіп еңбек ету екенін паш етеді. Мемлекет әрбір адамға қауіпсіздік және гигиеналық талаптарға жауап беретін еңбек жағдайына, ешқандай да кемсітушіліксіз еңбегі үшін сыйақыға, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауға кепілдік беруге міндеттеме алады. Осының барлығы теңгерімді әлеуметтік саясат жүргізуге мүмкіндік береді.
Конституцияның 1-бабының 1-тармағында көзделген мемлекеттің зайырлы сипаты дінді мемлекеттен бөлуді білдіреді. Конституцияның 14-бабына сәйкес заң алдында жұрттың бәрі тең, ол барлық діндердің және діни бірлестіктердің тең екенін, қандай да бір конфессияларға немесе діни бірлестіктерге басқаларымен салыстырғанда артықшылықтар берілмейтінін, діни нанымына немесе басқа да кез келген өзге де мән-жайларға қатысты кемсітушіліктерге тыйым салынатынын білдіреді.
– Ал халық билігі Конституцияда қалайша шешімін тапқан?
– Халық билігі және оны тікелей жүзеге асыру конституциялық құрылымның негізін айқындайтын Конституция нормаларының мазмұнын қамтиды. Негізгі Заңның 3-бабына сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық, ол билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді.
Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдары және ұсынымдары халықтың еркін айқындау және жүзеге асыру рәсімдерін жетілдіруге және сайлау заңнамаларын жаңғыртуға ықпал етеді. Халықтың еркін білдіру актісі конституциялық құндылықтардың негізін қалаушылардың бірі бола тұра, республикалық референдумда не елімізде мерзім сайын болып тұратын Президенттік және Парламент депутаттарын сайлауда дауыс беру арқылы міндетті заң күшіне ие болады. Халықтың еркін заңдарда және өзге де маңызды мемлекеттік актілерде іске асыру, сондай-ақ азаматтардың көпшілік институттарға әсер етуін ұдайы жетілдіру, ішкі тұрақтылықтың, экономикалық прогрестің және халықтың әл-ауқатын жақсартудың пәрменді кепілі.
– Барлық елде адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтауға елеулі назар аударылады. Бұл орайда біздің Негізгі Заңымыздың құқық қорғау әлеуеті қандай?
– Республика Конституциясының 1-бабында кез келген өркениетті қоғамның түпкілікті қағидаты бекітілген – ол адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп тану. Конституциялық Кеңес Негізгі Заңның осы шешуші ережесін ұдайы ұстанады, ол мемлекетте адам және оның әл-ауқаты туралы қамқорлықтан басқа маңызды міндеттің жоқ екенін білдіреді. Конституцияның 12-бабы 2-тармағының адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумасынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады деген ережесі осы құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асырудың шарттары мен тәртібін белгілейтін заңдарды, өзге де нормативтік құқықтық актілер әзірлеген және қабылдаған кезде негізге алынады. Құқықтың және бостандықтың конституциялық деңгейге дейінгі нақты алуан түрлілігін енгізу және Конституцияда олардың кепілдіктері туралы жария ету мемлекетке осы құқықтар мен бостандықтарды іске асыруды қамтамасыз етудің ерекше міндеттемесін жүктейді.
– Конституциямыз бойынша билік тармақтарын бөлу мемлекеттік басқару жүйесін ұйымдастыру және құқықтық мемлекеттің жұмыс істеу негізі қалай құралады?
– Иә, Конституция жетістіктерінің бірі билікті бөлу қағидатын бекіту болып табылады. Билік тармақтарын бөлу мемлекеттік басқару жүйесін ұйымдастыру және құқықтық мемлекеттің жұмыс істеуі негізін құрайды. Конституцияның 3-бабының 4-тармағына сәйкес республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау қағидатына сәйкес жүзеге асырылады.
Өткен жылдар ішінде мемлекеттік билік органдарының жаңа жүйесін қалыптастыру бойынша кең ауқымды жұмыс жүргізілді. Бүгінде қос палаталы Парламент, Үкімет басқаратын атқарушы билік органдары ойдағыдай жұмыс істеуде, тәуелсіз сот жүйесі дамыған және одан әрі жетілдірілу үстінде.
Конституциялық Кеңес шешімдерінде бірыңғай тәсіл нақты көрсетілген: біртұтас мемлекеттік биліктің тармақтарға бөлінуінің конституциялық қағидаты олардың дербестігін, үйлесімді жұмыс істеуін ғана емес, олардың арасында жанжалдардың болуына жол берілмейтінін білдіреді. Заң шығарушы және атқарушы биліктің өзара іс-қимылының барлық мәселелері Конституция нормаларында көзделген және келісу рәсімдері шеңберінде конституциялық өкілеттіктерді пайдалана отырып, оларды өздері шешеді немесе халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі – Республика Президентінің қатысуымен шешіледі.
Ата Заңымыздың 75-бабының 3-тармағына және 82-бабына сай сот жүйесі және оның құрылымына қойылатын жалпы талаптар айқындалған. Конституцияның 13-бабының 2-тармағында кепілдік берілген әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығы Конституцияға және конституциялық заңға сәйкес құрылған және құқық төрелігін жүзеге асыратын соттарда іске асырылады. Конституцияның 76-бабына сәйкес сот билігі өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды.
Елдегі заңдылық режімін қамтамасыз ететін маңызды институттардың бірі – прокуратура. Конституцияның 83-бабында оның құқықтық мәртебесі, міндеттері мен өкілеттіктері белгіленген, оның мазмұнын Конституциялық Кеңес түсіндіріп берген болатын. Жоғары қадағалаудың конституциялық сипаттамасы прокуратура мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау іс-қимылдарының және шешімдерінің заңдылығын (мысалы, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау немесе кедендік бақылау органдары) тексеруі тиіс екенін білдіреді, олар заңсыз болған жағдайда прокурорлық ден қою шараларын қабылдайды. «Прокуратура сотта мемлекет мүддесін білдіретінін» белгілейтін Конституциялық норманы прокуратура қызметінің конституциялық белгілі бір бағыты ретінде түсіну керек. Адам құқықтары жөніндегі өкілдің, адвокатураның, нотариаттың және басқа да институттардың қызметі адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Ел егемендігін қорғауды ұлттық қауіпсіздік органдары жүзеге асырады.
– Елімізде заңдылықтың іске асырылуына кім ықпал етеді дейміз. Өйткені, Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйесіндегі басты жаңалықтардың бірі – конституциялық бақылау органының құрылуы болып табылады.
– Дұрыс айтасыз, қолданыстағы Конституцияға сәйкес конституциялық бақылауды конституциялық заңдылықтың, яғни тұтастай заңдылықтың іске асырылуына ықпал ететін Конституциялық Кеңес жүзеге асырады. Конституциялық Кеңестің жұмыс істеп келе жатқан жиырма жыл тәжірибесі таңдалған моделдің дұрыстығын растады. 1996 жылғы ақпаннан бастап Конституциялық Кеңеске 190-нан астам өтініш түсті, атап айтқанда: Мемлекет басшысынан – 21 өтініш, Парламент палаталарының төрағалары мен оның депутаттарынан – 77, Премьер-Министрден – 27, соттардан – 66 өтініш болды. Конституциялық Кеңес 140-тан астам нормативтік қаулы қабылдады.
Конституциялық Кеңеске түскен барлық өтініштердің ішінде 27 өтініштің нысанасы Парламент қабылдаған және Мемлекет басшысына қол қойылуға берілген заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексеру болды. 15 өтініш бойынша жалпы алғанда 17 заң Конституцияға сәйкес емес деп танылды. Конституциялық Кеңес жұмыс істеген жылдар ішінде Конституция нормаларын ресми түсіндіру туралы 100-ден астам өтініш қаралып, олар бойынша 80-нен аса нормативтік қаулы қабылданды.
Парламент палаталарының бірлескен отырыстарында Конституциялық Кеңестің Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы 19 жолдау жария етілді. Онда адам құқықтарын қорғау, заң шығару қызметін жетілдіру, заңнаманы Конституцияға сәйкес келтіру туралы, сот құрылымы және сотта іс жүргізу, жүргізіліп жатқан реформалар мен конституциялық реттеудің басқа да салалары туралы мәселелер көтерілді.
– Игорь Иванович, сіз Конституциялық Кеңестің Төрағасы ретінде Конституция қолданыста болған 20 жылды қалай бағалайсыз? Келешекте конституциялық реформаның болуы күтіле ме?
– 20 жыл бойы мемлекеттік саясат конституциялық құндылықтарды толық іске асыруға бағытталды. «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» Стратегиялары, Құқықтық саясат тұжырымдамасы сияқты ұзақ мерзімді бағдарламалық құжаттар мен Мемлекет басшысының Жолдаулары мен сөздерінде жүйелі түрде нақтыланып және толықтырылып отырған басқа да тағдыршешті құжаттары барлық тіршілік салаларында Конституцияның әлеуетін жан-жақты ашу бойынша белсенді мақсатқа бағытталған жұмыс жүргізудің негізі болды.
Бүгінде Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңінде тұр. «Мемлекет құрылымының одан арғы 100 қадамы» атты Ұлт жоспарына сәйкес ағымдағы жылғы 11 наурызда болып өткен «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев белгілеп берген бес институттық реформаны кезең-кезеңмен іске асыру жұмысы басталды. Оның ішінде: қазіргі заманғы, кәсіби және дербес мемлекеттік аппаратты құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, әртараптандыруға негізделген индустрияландыру және экономикалық өсу; Ұлт бірлігі; транспарентті және есеп беретін мемлекетті қалыптастыру сияқты міндеттер бар.
– Осы жүргізіліп жатқан реформалар қандай міндеттер жүктейді?
– Бүгінде жүргізіліп жатқан реформалар аясында мемлекет дамуының қазіргі қарқыны конституционализмнің идеялары мен қағидаттарын, олардың таралу дәрежесін және ұлттық заңнамада олардың іске асырылу серпінін тұтастай қайта салмақтау қажеттігін туындатады. Конституция осы құқықтық постулаттарды өмірге енгізудің негізгі нысаны ретінде жоғары саяси-құқықтық акті болып табылады, ол: адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының көлемі, конституциялық құрылыс негіздері, қоғам мен мемлекет құрылымы, мемлекеттік билікті жүзеге асыру тетігі және тағы басқалар сияқты негіз құрайтын қоғамдық қатынастарды реттейді. Мемлекеттің Ата Заңының мазмұны жалпы адами, сондай-ақ ұлттық идеяларды да қамтуға, әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени-ізгілік және қоғам мен мемлекеттің өмір-тіршілігінің басқа да салаларының талаптарына сәйкес болуға тиіс. Ұсынылатын идеялар мен жобалар Республика Конституциясының жасампаздық әлеуетіне негізделеді, ал кейбір мәселелер бойынша одан әрі жаңғырту талап етіледі, осыған орай елдің конституциялық-құқықтық алаңында елеулі өзгерістерді күтуге болады.
Мемлекет басшысы билік өкілеттіктерін ұлттық дәстүрлерді ескере отырып, Президенттен Парламентке және Үкіметке қайта бөлуді білдіретін конституциялық реформаның негізгі шегін айқындап берді. Республика Президенті жария еткен «Мәңгілік Ел» атты ұлттық идеясы, біздің ойымызша тікелей Конституция негізінен туындап отыр және тиісінше ол конституциялық мәртебе ала алады. Ол жаңа қазақстандық патриотизм негізі бола отырып, барлық қазақстандықтарды біріктіруге және оларды «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру үшін жұмылдыруға бағытталған. Құқық үстемдігін, мемлекеттік органдардың транспаренттілігі мен есеп берушілігін қамтамасыз ету, азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту мен құқық қорғау және сот жүйелерін реформалау саласындағы көптеген бастамалар конституцияның барабар нығаюын талап етуі мүмкін.
Қазақстан Президентінің бес институттық реформаларын іске асыру Конституция үстемдігін одан әрі күшейтуге ықпал ететін болады. Конституцияның қағидаттары мен нормаларын ұстану қоғамды, оның мүшелерін және ең бастысы, адамның өзін өзі құрметтеуін білдіреді. Конституцияны сақтау және құрметтеу Қазақстанның өркендеуіне және елдің халықаралық қоғамдастықтағы беделінің нығаюына әсер етіп, мемлекет пен барша қоғамды нығайта түседі. Әлбетте, шынайы қадірлеуге лайық Қазақстан Конституциясының оң әсерін әрбір қазақстандық сезінуі үшін бұдан әрі де осы бағыт бойынша мақсатты әрі табанды түрде жұмыс жасалатын болады.
– Игорь Иванович, сөз соңында мемлекеттік мереке қарсаңында «Егемен» оқырмандарына қандай тілек айтар едіңіз?
– Осы сәтті пайдалана отырып, еліміздің бірден-бір бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің барлық оқырмандарын Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдық мерейтойымен құттықтағым келеді. Баршаларыңызға мықты денсаулық, бақыт және толайым табыстар тілеймін.
– Сындарлы әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».