Міне, әлем назары тағы да Астанаға ауды. Кеше елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген Астана экономикалық форумы (АЭФ) салтанатты жағдайда өз жұмысын бастады. Әлем сарапшыларының бірауызды пікірінше, қазір Астана экономикалық форумының әлемге танымал Давос жаһандық форумы, Санкт-Петербург және Боао Азиялық экономикалық форумдарымен дәрежесі теңесіп үлгерді. Осымен қатарынан сегізінші рет өткізіліп отырған АЭФ-ке әлемнің 90 елінен 3 мыңнан астам делегат қатысып отырғандығы соның айқын айғағы.
Сонымен бірге биылғы форумға 200-ден астам вип-спикер қатысады. Олардың қатарында премьер-министрлер, қаржы институттарының төрағалары, Нобель сыйлығының лауреаттары және беделді халықаралық ұйымдардың басшылары бар. VIII Астана экономикалық форумының басты тақырыбы: «Инфрақұрылым – экономиканың тұрақты дамуының драйвері» деп аталады. Жалпы, бүгінгі өркениет биігіндегі даму жағдайында инфрақұрылым – экономиканың күретамыры десек, артық айтқандық емес. Бүгінде қарқынды даму биігіне көтеріліп отырған мемлекеттердің барлығы дерлік экономикалық өсу үрдісін инфрақұрылымнан бастады. Әлемдегі бірінші экономика деп танылатын АҚШ өзінің қарқынды даму шежіресін өткен ғасырдың 30-шы жылдарында жол қатынастарын дамыту шарасынан бастады. Болашақта осы инфрақұрылым экономиканың қалпына келтірілуіне серпін берді. Бүгінде бұл жолды Қытай сияқты көптеген елдер таңдады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты да еліміздің инфрақұрылымын түбегейлі дамытуды көздейді.
Түйіндей айтсақ, екі күн бойы елордадағы Тәуелсіздік сарайында жаһандық экономиканы тығырықтан құтқару жолында тиімді де басым бағыттардың бірі ретіндегі инфрақұрылымды дамыту тақырыбы орамды ойлар, пайымды пікірлер, нақты ұсыныстар ретінде ортаға салынбақ. Отыз сессиядан тұратын форумның басты пікірсайыс алаңы ретінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қатысқан «Еуропа және Азия» форумын айтуға болады. VIII Астана экономикалық форумы шеңберінде өткізіліп отырған «Еуропа және Азия» форумын Ұлттық экономика министрлігі мен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ ұйымдастырып отыр. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов форумға қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде елордадағы бұл дәстүрлі үнқатысу алаңының жетекші халықаралық сарапшылардың, ғалымдар мен көшбасшылардың пікір алмасу орнына айналғандығын атап көрсетті.
«Еуропа және Азияда тұратын халықтар саны әлем халқының үлкен бөлігін құрайды. Бұл әлемдік ІЖӨ-нің едәуір бөлігі осында шоғырланғанын білдіреді. Екі субконтинент арасында орнатылған іскерлік байланыстар мемлекеттердің экономикалық өсуіне, компаниялар мен ғылыми-зерттеу институттары арасында тәжірибе және озық практикалармен алмасуға жәрдемдеседі», деді одан әрі Кәрім Мәсімов. Үкімет басшысы бүгінгі экономикалық жаһандану жағдайында Еуропа және Азия арасындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталды. Бұл ынтымақтастықтың инфрақұрылымды және өнеркәсіпті дамытуда, білім беру, инновациялар және мемлекеттік басқару секторларында жоғары нәтижелер көрсетіп отырғанын атап өтті. «Қазақстан-2050» Стратегиясының басымдықтары болып табылатын осы салаларды дамытуға Қазақстан ерекше көңіл бөледі. Мемлекет басшысының осы бастамасын іске асыра отырып, біз озық стандарттарды қолданамыз, құрылымдық реформаларды, оның ішінде білім беру жүйесіндегі реформаларды жүргіземіз», деді Премьер-Министр. Одан әрі Үкімет басшысы Еуропа және Азия арасындағы көпір болып табылатын Қазақстан Республикасы екі аймақ арасындағы жан-жақты ғылыми және инновациялық ынтымақтастықпен ықпалдасуды нығайтудың бастаушысы болатынына сенім білдірді. «Еуропа және Азия» форумының отырысында сөз алған «Сбербанк России» ААҚ басқарма төрағасы, президенті Герман Греф Еуропа және Азия құрлықтары елдері арасындағы ынтымақтастық пен кооперацияның маңыздылығына жан-жақты тоқталды. Ол өз сөзінде Қазақстанда жасалып жатқан экономикалық реформалардың маңыздылығы мен тиімділігіне тоқталды. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасының өміршеңдігін ерекше атап көрсетті. «Жақында жарық көрген бұл құжатты, Қазақстан Президенті жариялаған «100 нақты қадамды» сіздер оқып үлгере алдыңыздар ма, мен білмеймін. Мен бұл құжатты оқыған кезде мәдени есеңгіреу сезіміне тап болғанымды айтқым келеді», деп атап көрсетті ол. Одан әрі «Сбербанк России» ААҚ басшысы бұл құжатты «сәтті мемлекет құру жолының тамаша бағдарламасына» теңеді. «Қазақстанда әлемдегі ең бір өршіл бағдарлама бастау алды. Мен бұл бағдарламаны оқыған кезімде Сингапур үкіметінің бағдарламасын оқып отырғандай сезімде болдым. Менің ойымша бұл бағдарламаға көптеген еуропалық өкіметтер қызғанышпен қарайтын болады», деді Герман Греф. Форумда ҚХР «ЭксимБанкінің» вице-президенті Сан Пинг және Қытай Мемлекеттік даму банкінің вице-президенті Жао Ксяоу сөз сөйледі. Мемлекеттік даму банкі вице-президентінің айтуынша, бұл қаржы институтының басты міндеттерінің бірі инфрақұрылым, энергетика және көлік саласындағы әрі ұлттық жобаларды қаржыландыру болып табылады. ҚХР-дың аталмыш қаржы институттары Қазақстанмен ынтымақтастық мақсатында да біршама тиімді жетістіктерге жетіп отыр. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-тың басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев өз сөзінде бұл пікірді толық қолдады. Ұлттық холдинг басшысының айтуынша, холдинг азиялық бағытта Қытайдың қаржы институттарымен, атап айтқанда, Мемлекеттік даму банкі және «ЭксимБанкімен» тығыз жұмыс жасайды. Қазақстан Премьер-Министрінің жақын арада Қытайға жасаған жұмыс сапары барысында осы екі банкпен жалпы көлемі 1 миллиард 150 миллион АҚШ долларын құрайтын несиелік келісімдерге қол қойылды. Қытай компанияларымен бірлесіп іске асыру үшін 48 жобадан тұратын тізім қарастырылуда, олардың ішінде 35 жоба «Бәйтерек» холдингінің қатыстырылуымен қаржыландырылмақ. «Еуропа және Азия елдері арасындағы екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мен нығайтуда даму институттары үлкен рөл атқарады», деп мәлімдеді форумда сөйлеген сөзінде Қуандық Бишімбаев. «Біз Еуропа мен Азия арасындағы интеграцияның жаңа кезеңіне аяқ басудамыз. Қазіргі кезде негізінен түрлі тауарлармен, машиналармен, технологиялармен сауда қарым-қатынасын жүзеге асырудамыз. Бұған арзан жұмыс күші тартылады», деді өз сөзінде Израильдің экс-премьер-министрі Эхуд Барак. Оның айтуынша, Қазақстан Еуропа мен Азияның ортасында тұрғандықтан қазақстандық экономика үшін Ұлы Жібек жолының жаңғыруы ерекше маңызды болмақ. «Ұлы Жібек жолы қазірдің өзінде жұмыс істеуде, алайда, оны әрі қарай дамыту үшін бүгінгі жаһандық үнқатысу алаңында қабылданатын шешімдердің де маңызы зор болмақ», деді Эхуд Барак. Сонымен бірге, VIII Астана экономикалық форумы аясында «Invest in Kazakhstan» инвестициялық форумы болып өтті. Бүгінде Орталық Азияға салынған инвестицияның төрттен үш бөлігі Қазақстан үлесіне тиесілі. «Қазақстан бизнес үшін әрқашан ашық. Біздің еліміз Орталық Азияда бизнес жүргізудің ең қолайлы өңірі болып саналады. Тәуелсіздіктің 24 жылы ішінде біз даму үшін мықты тұғыр жасадық. Соңғы онжылдықтарда Қазақстан экономикасы іс жүзінде екі еселенді. Бүгінде ол қуатты дамып отырған әлемдегі он экономиканың бірінен саналады», деді форумда сөйлеген сөзінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов. Форумда сөз алған Польша Республикасының бұрынғы президенті Александр Квасьневский, «Forbes» іскерлік апталығының бас редакторы Стив Форбс және басқалар Қазақстан экономикасын әртараптандырудағы қолайлы инвестициялық ахуалды атап көрсетті. VIII АЭФ аясында Smart City үлгісімен қалалардың экономикалық тұрақтылығы мен оларды жоспарлау, қаланы басқарудағы инновациялық әдістер мәселелерін талқылау үшін сарапшыларды жинаған Урбанистік форум өтті. «Жаңа ұрпақ қаласы» форумының панельдік сессиясына Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков қатысты. Бүгінде ғаламшар халқының жартысы қалаларда өмір сүреді, олардың үлесіне әлемдік ІЖӨ-нің 80%-дан астамы тиесілі, дәл осы жерде адам, техника және қаржы капиталы шоғырланған. – Қалалардың қызметі мен дамуына, олардың өсуі мен тіршілігіне байланысты мәселелер мен шектеулерді шешуге планетаның барлық елдерінде ерекше көңіл бөлінеді, – деп атап өтті елорда басшысы. Әкімнің ойынша, Урбанистік форум қалалар дамуының басты тапсырмаларын шешетін сұхбат алаңы болып табылады, сондықтан, болашақта ол АЭФ бағдарламасының негізгі оқиғасына айналуы мүмкін. Сонымен қатар, әкім жас Астананың жоғары жетістіктері мен дамуы туралы айтып өтті. Қала астана дәрежесін алғалы бері оның ауқымы мен халқының саны үш есеге, жылдық инвестиция көлемі жеті есеге артты. Осы және басқа да өзгерістер Астананың жаңа сапа деңгейіне көтерілуіне мүмкіндік беріп, соның арқасында, республикалық бюджет донорлары қатарына енді. Әкім сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астананың алдыңғы қатарлы «ақылды» қалалар тізіміне енуі туралы мақсатты дер кезінде қоя білгенін атап өтті. Бұл тұрғыдан алғанда елордада инновациялық жобалар мен осы бағыттағы ұсыныстарды жүзеге асыратын «Smart Аstana» тұжырымдамасы жұмыс істеуде. Аталмыш жобалардың арасында Smart» көлік, «Smart» тұрақ, «Smart» мектеп, «Smart» емхана, «Smart» көше жарығы мен «Smart» БЕО (Бірыңғай есептеу орталығы) бар. Ол, сондай-ақ, француз әріптестермен біріге отырып жасалған ASTAINABLE қаласы дамуының 3 Д-симуляторы туралы да айтып өтті. – Бұл бірегей виртуалды платформа қарапайым модельдерге тиесілі шеңберден шығуға мүмкіндік береді және қаламыздағы болашақты мүмкін болатын дүниелерді көз алдымызға әкеледі, ал бұл өз кезегінде мемлекеттік билік өкілдеріне шешім қабылдауға үлкен септігін тигізеді, – деп түсіндірді Әділбек Жақсыбеков. Әкім, «Тіршілікті кешенді қамтамасыз ету» жобасына да тоқталып, соның аясында қоғамдық орындарда, жолдарда, көше қиылыстарында 15 мың бейнебақылау камераларын және оған қоса осы көлемдегі жеке камераларды орнату көзделіп отырғанын мәлімдеді. Қала басшысының сөзінше, бұл жобалар әлемдік кеңістіктегі ірі оқиға саналатын ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында ерекше маңызға ие болып отыр. Әділбек Жақсыбеков «Жаңа заман қалалары» тақырыбында өткен дөңгелек үстел жұмысында талқыланған Қазақстанда Урбанистика орталығын ашу мәселесін қорытынды ұсыныстар тізіміне енгізуге ұсыныс жасады. Иә, бұл форумның ерекшелігі де сонда – барлық сессиялар мен талқылаулар «Инфрақұрылым – экономиканың тұрақты дамуының драйвері» тақырыбы аясында өтті. Форумға белгіленген 30 сессияның бәрі де осы инфрақұрылымды дамыту мәселесіне ойысады. Себебі, инфрақұрылымды дамыту экономиканың күретамыры екендігі айтпаса да түсінікті. Екі күнге ұласатын VIII Астана экономикалық форуымына жоспарланған отыз сессияның жартысынан көбі алғашқы күніне белгіленген екен. Таңертең ертемен басталған шарада сессиялар бірден бірнеше залда қатарынан өтіп жатты. Соның бірі – «Жаһандық экономикадағы экономикалық, қаржылық және монетарлық өзгерістер» тақырыбында болды. Ауқымды тақырыпты қамтыған шара таңертең басталып, кешке дейін жалғасты. Онда «Қазіргі мұнай бағасының деңгейі қаншалықты тұрақты, мұнайдың бағасының төмендігі ұзақ уақытқа дейін сақтала ма, мұны біз мұнай бағасының жаңа стандарты деп қарай аламыз ба?» дегендей мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, «Әлемдік экономика мұнай бағасына қалай әсер ете алады? Төмен баға экономиканың басқа да салаларына және өңірлерге қалай әсер етеді?» деген мәселелер жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ, осы мәселелерден туындап отырған қазіргі әлемдік экономикалық тұрақсыздықтың алдын алу, тығырыққа тіреген күрделі жағдайлардан шығудың тетігін табу жайы да қызу әңгіме арқауына айналды. Бұл сессия екі бөлімнен тұрды. Оның бірі «Өрлеудің идентификациясы» деп аталып, онда өрлеудің жаңа драйверлері: табысы орташа елдерден жоғары табысты елдерге өту үшін экономикалық өзгерістер және жаһандық экономикада тұрақтылық пен өсуді қамтамасыз ету тақырыптары тілге тиек етілді. Ал екінші бөлім «Қаржылық тұрақтылықтың идентификациясы» деп аталып, онда монетарлық саясат және оның экономикалық өсімге әсері сөз болды. Сондай-ақ, осы бөлімде «Өңірлік макроэкономикалық үдерістердің Орталық Азия мен көрші елдерге ықпалы: іс-әрекет стратегиясы» тақырыбында үнқатысу өтті. Аталған сессияның алғашқы бөлімін Лондоннан арнайы келген Еуропа Қайта құру және даму банкінің экономика бағыты бойынша атқарушы директоры Маттиа Романи жүргізіп отырды. Ал екіншісі бөлімінде Би-би-си-дің бизнес тақырыбын жүргізуші атақты тілшісі Линда Юэ сөз тізгінін ұстады. Сессияларға Қазақстан тарапынан Премьер-Министрдің бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев және Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев қатысты. Ал шетелдік қонақтардан Бүкіләлемдік банктің даму перспективалары тобының аға экономисі Джон Баффс, Еуразиялық даму банкінің өкілі Дмитрий Панкин, Еуропалық инвестициялық банктің экономика департаментінің директоры Дебора Револьтелла, Бүкіләлемдік банктің Еуропа және Азия бойынша өңірлік басқармасының бас экономисі Ганс Тиммер, Ресей банктері ассоциациясының вице-президенті Олег Прексин, Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы, Италияның экс-премьер-министрі Романо Проди, Азия даму банкінің вице-президенті Жанг Вэнчай және басқалар болды. «Жаһандық экономиканың өсімі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету» сессиясы барысында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев алдағы уақыттары Қазақстанның экономикалық даму көрсеткіштері жақсаратынын атап өтті. «Жаһандық өзгерістерге қарамастан, Қазақстан алдағы жылдары экономиканың даму көрсеткіштерін жақсартады деген болжам бар. Ресей рублінің девальвациясына және ІЖӨ-нің 1,5 пайызға дейін төмендеп кетуіне қарамастан, Қазақстан өзінің ІЖӨ-сін 1,8 пайыз көрсеткішінде сақтап қала алды. Бұл соншалықты жаман көрсеткіш емес. Оның үстіне, жылдың соңына дейін оның деңгейі 3,5 пайыздан жоғары болады деп күтілуде», деді министр. Оның айтуынша, жаңа экономикалық серпінге Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестермен тығыз нарықтық ықпалдастықтың, шетел инвесторларын тарту және жаһандық көліктік-логистикалық жобаларға қатысу арқылы қол жеткізу көзделуде. «Біздің ел табиғи ресурстарға бай, сондай-ақ, біздің екі ірі көршіміз бар, олар әлемнің ең бай елдері қатарында. Әлемдік экономикадағы қазіргі ахуалды ескере отырып, Қазақстанға үлкен сын-қатерлермен қатар зор мүмкіндіктер де туып тұр. «Жібек жолы» бастамасы жайлы білеміз. Қазақстан бұл жолға алғашқылардың бірі болып қосылып, Еуропаны әлемнің өзге де бөліктерімен байланыстыруды мақсат тұтады. Біз ЕАЭО аясындағы стратегиялық әріптестермен бірге ықпалдастықты тереңдете беретін боламыз. Қытайдан Еуропаға қарай бағыт ұстанатын «Жаңа Жібек жолы» бағдарламасына да белсенді қатысады. Қазақстан осы мүмкіндіктерді толықтай пайдаланатын болады. Тікелей шетелдік инвестициялар болу үшін бұл мүмкіндіктер қажет. Ол үшін инвесторларға ерекше жағдайлар жасалуда. Мүмкін, шетел инвесторлары Қазақстанның жаңа секторларына да тартылуы ықтимал», деді Е. Досаев. Ұлттық экономика министрі, сондай-ақ, осы жылдың сәуірінде Қазақстан мен Қытай арасында жаңа зауыттар құрылысы үшін 24 млрд. доллар сомасындағы өзара түсіністік меморандумына қол қойылғанын еске салып өтті. «1 қаңтардан бастап ынтымақтастықтың жаңа үлгісіне көштік. Ол – Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы. Қазір Қазақстан экономикасын дамытуға зор мүмкіндік туып отыр», деді ол. Айтпақшы, «Жібек жолы» туралы тақырып Астана экономикалық форумының жеке бір сессиясына да арқау болды. «Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруы: жаңа экономикалық келешегі» деп аталған панельдік отырысқа шетелдік ғалымдар, сарапшылар қатысып, осы тақырып төңірегінде ойларын ортаға салды. Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруы көрінісі экономикалық және геосаяси жағдайда қалай өрбиді? Ұлы Жібек жолының экономикалық әлеуеті қандай? Өзара табысты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жолдары қандай? Елдің экономикалық дамуына инфрақұрылымдық жобалардың әсері қандай? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеген сарапшылар тақырыпты тереңнен талқылады. Осы отырыста Қазақстан Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев бүгiнде елімізде жаңа инфрақұрылымдық жоба талқыланып жатқанын, оның аясында Бейжің – Астана – Қазан – Мәскеудi байланыстыру көзделiп отырғанын мәлiм еттi. «Қазақстан өз тарапынан да Ұлы Жiбек жолын жаңғырту тұжырымдамасын iлгерiлетiп отыр. Бұл мақсатты Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты көздейдi. Қазақстан бүгiнгi күнi өңiрдегi iрi экономика болып табылады. Жыл сайын елге 11-14 млрд. доллар тiкелей инвестиция тартылады», дедi Б.Сағынтаев. Қазақстан Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары атап өткендей, соңғы жылдары Қазақстанда инфрақұрылымдық ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Мемлекет басшысы Еуразиялық трансконтиненттік дәлiз салуды тапсырды, ол Азиядан Еуропаға кедергiсiз жүк транзитiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. Бұл дәлiз екi бағыт бойынша өтетiн болады: Қазақстан, Ресей аумағы арқылы Еуропаға және Қазақстан арқылы Қорғастан Ақтау портына дейiн және әрi қарай Каспий арқылы Әзербайжанға, одан кейiн бұл жол Грузия арқылы өтедi. Бұл бағыттың аясында Президент бүкiл елдiң аумағы бойынша Ақтау теңiз портына дейiн жаңа темiржол салу мiндетiн қойды», дедi Б.Сағынтаев. Сондай-ақ, форум барысында Қытайдың Қазақстанға «Жібек жолы» экономикалық белдеуін құруға қолдау көрсетуге дайын екендігі айтылды. Бұл туралы «Жібек жолы» қорының президенті Ванг Янджи мәлім етті. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан Қытай үшін өңірдегі ең басымдыққа ие стратегиялық әріптестерінің бірі. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 22 млрд. АҚШ долларынан асып жығылған. «Соңғы жылдары екі көрші елдердің ықпалдастығы өте маңызды кезеңге қадам басты. Өткен жылғы 17 қыркүйекте ҚХР Төрағасы Қазақстан Президентіне «Жібек жолы» жобасының экономикалық белдеуін бірлесіп жүзеге асыру жөнінде ұсыныс айтқан болатын, бұл өз кезегінде Қазақстанның Қытай үшін қаншалықты маңызды серіктес екендігін көрсетеді», деді ол. Б.Сағынтаевтың сөзіне қарағанда, алдағы жылдары Қазақстан мен Қытай ірі инвестициялық жобалар бойынша белсенді ықпалдастық орнататын болады. «Қазақстанда қазіргі уақытта көптеген инфрақұрылымдық жобалар мен жоспарлар қолға алынуда. Біздің қор Қазақстанға инфрақұрылымдық ресурстардың капиталын қолдауға мүдделі», деді Ванг Янджи. Сондай-ақ, Қытай Халық Республикасы Жібек жолы бойындағы инфрақұрылымды дамытуға қыруар қаржы бөлуді жоспарлап отыр екен. Бұл жөнінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының басшысы Хелен Кларк форумда сөйлеген сөзінде тілге тиек етті. «Кез келген мемлекеттің дамуына айрықша үлес қосатын бизнес түрлері бар. Олар – таза энергия, көлік және өндіріс. Сондықтан бүгінгі Астана экономикалық форумының тақырыбы инфрақұрылымға арналғандығы мені қатты қуантады. Менің ерекше атап кеткім келіп тұрғаны – осы инфрақұрылым саласында Орталық Азия өңірінде, әсіресе, Қазақстанға жақын аймақта орасан үлкен жобалар жоспарлануда. Жуырда Қытайда болғанымда, қорында 100 млрд. долларға жуық қаражаты бар инвестициялық компанияның болашақ жоспарларымен таныстым. Қытайдағы «Бір жол – бір құрылыс» деген бағдарлама бойынша Жібек жолы бойындағы инфрақұрылымды дамытуға 40 млрд. доллар құю жоспарланған», деп атап өтті Х.Кларк. Форум барысындағы кезекті сессиялардың бірі «Африка – әлемдік экономиканың келесі драйвері» деп аталған болатын. Оған Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қатысты. Ол өз сөзінде Африка елдері мен Қазақстан «жасыл энергетиканы» дамыту саласында бірлесе жұмыс істей алатынын алға тартты. «Біз ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге, сол арқылы «жасыл энергетика» бойынша жұмыстарды бастауға мүмкіндік алдық. Әзірге Қазақстан «қоңыр», тіпті, «қара» энергетикалы ел болып отыр. Себебі, қазір біз жалпы энергетикадан тек екі пайыз «жасыл энергетика» шығарып отырмыз. Бірақ 2050 жылға қарай бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізгіміз келеді», деді Е.Ыдырысов. «Африканың саясатында да жасыл экономика маңызды рөлге ие екенін білеміз. Бұл тұрғыда да Қазақстан мен Африка бірге жұмыс істей алатын еді. Біз осы бағытта бірлескен бағдарлама әзірледік. ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу үшін дамушы алпыс елді таңдадық. Себебі, біз даму үстіндегі елдер өз тәжірибесімен бөліссін дейміз. Осы уақытқа дейін ЭКСПО көрмесіне қатысу үшін дамушы елдер өз мүмкіндіктерін таныстырған екі семинар өтті. Келесі семинарда Африка елдері де 2017 жылғы көрмеге қатысу үшін өздерін жақсы таныстыра алады деп ойлаймын. Сонымен қатар, сіздер де көп нәрсе үйрене алатын едіңіздер», деп атап өтті Қазақстан Сыртқы істер министрі. «Қазақстан Африка елдері үшін адами капиталға инвестиция салады. Сондықтан, біз бірқатар бағдарламалар әзірлей бастадық. Әрине, Африкада болған үлкен «апаттардың» бірі эбола дерті болды. Біз сол кезде БҰҰ-ның эбола жөніндегі қорын қолдадық. Африка одағы эболаға қатысты өз қорын құрған кезде Қазақстан қаржылай көмек көрсеткен болатын. Енді, бірқатар басқа бағдарламаларды жүзеге асырсақ па дейміз. Жоғарыда айтқанымдай, білім – ең негізгі аспектілердің бірі. Сондықтан, қазір біз БҰҰ-ның Даму бағдарламасымен бірге Африканың жастары үшін оқыту бағдарламаларын әзірлеп жатырмыз. Африкадан алғашқы жастар легі 2015 жылдың жазында Қазақстанға оқуға келе бастайды. Олар бұрын тәжірибеміз бар энергетика, ауыл шаруашылығы, медицина салаларында білім алатын болады. Біз алғашқы студенттерді қуана қарсы аламыз», деді Е.Ыдырысов. Ыдырысов бұл бағдарлама алдағы уақытта жалғасады деген үмітін жеткізді. VIII Астана экономикалық форумы аясында «Еуразиялық экономикалық одақтағы бизнес мүмкіндігі» тақырыбында сессия өтті. Аталған жиында шетелден келген бірқатар сарапшылар экономика саласы төңірегінде пікірталас жүргізді. Сессияға Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Бәсекелестік және антимонополиялық реттеу жөніндегі алқа мүшесі Нұрлан Алдабергенов, ЕЭК қаржы саясаты және экономика бойынша алқа мүшесі Тимур Сүлейменов, ЕЭК алқа мүшесі Ара Нраньян, Армения кәсіпкерлер және өнеркәсіпшілер одағының бірінші вице-президенті Нектар Манукова, Беларусь Республикасы «Өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер конфедерациясы» коммерсиялық емес ұйымы директорының орынбасары Вячеслав Винник, Қырғыз өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағының президенті Жырғалбек Сағынбаев келді. Оған төрағалық еткен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев қонақтарға қош келдіңіздер дей отырып, басқосудағы тақырыптың мәнін түсіндіре кетті. Оның айтуы бойынша, еуразиялық интеграция жағдайында бизнес жүргізудің тәжірибелік мәселелерін талқылап, пікір алмасуға жасалып отырған осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланып, сессияға қатысушыларға өз ойларын ортаға салудың маңызы зор. Сонымен қатар, форум аясындағы сессияда ЕАЭО Іскерлік кеңесін құру жөніндегі келісімге қол қойылды. Айта кетейік, Іскерлік кеңес Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстанның ірі бизнес-қауымдастықтарының шешімімен құрылып отыр. Ал ЕАЭО Іскерлік кеңесі Қазақстан, Беларусь және Ресейдің ірі бизнес-қауымдастықтарын біріктіретін «Бизнес-диалог» алаңын алмастырады. Оған Одаққа қабылданатын жаңа мүшелер де енетін болады. Р.Ошақбаевтың айтуына қарағанда, аталған кеңестің біздің елге берері мол. Осының арқасында біз барлық бес мемлекеттің бизнес-қауымдастықтарымен тікелей байланысқа шығып, олармен бірлесе отырып жұмыс жасауға мүмкіндік аламыз», деп атап өтті Р.Ошақбаев. Сонымен қатар, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің белгілі бір салаларда объективті түрде бәсекелес бола алатындығы және мүдделерінің ортақ болатындығымен ерекшеленетіндігін атап көрсетті. Сондай-ақ, Кеңес мүшелерінің жыл сайынғы бас қосып тұруы осы келісімнің жаңалығы болатындығына назар аударды. ЕАЭО қарапайым кәсіпкерге не ұсына алады, оның жартыжылдық жұмыс нәтижесі қандай және осыдан кейінгі даму барысы, қай мүмкіндіктерге қол жеткізетіндігі жөнінде, сонымен қатар, кешегі және бүгінгі экономикалық жағдайдың артықшылықтары барысында қажетінше сұрақтарға толықтай жауап беріліп, форум аясындағы сессияда осы мәселелердің егжей-тегжейлі қамтылатынын атап өтті. Және де Р.Ошақбаев 182 млн. тұтынушысы бар, сыртқы сауда айналымы 1 трлн. долларды құрайтын алып нарықта бизнестің инвестициялар тартуға, жаңа өндіріс орындарын құруға, сыртқы нарыққа тауарларын ілгерілетуге үлкен мүмкіндікке ие екендігін тілге тиек ете отырып, тақырыпқа орай Еуразиялық экономикалық одақтағы бизнес үшін тиімділік тетіктерін тарқатып айтты. Келесі кезекте сөз алған ЕЭК-тің Бәсекелестік және антимонополиялық реттеу жөніндегі алқа мүшесі Нұрлан Алдабергенов үстіміздегі жылдың 1 қаңтарында құрылған Еуразиялық экономикалық одақтың антимонополиялық органының құзырына ЕАЭО трансшекаралық нарығындағы бәсекелестік қағидаларының сақталуына бақылау жүргізу тапсырылғандығын айта келе, антимонополиялық әрекет ету шараларын қолдану, оның ішінде қағида талаптарын бұзушыларға айыппұлдар салу және тергеу жүргізу де аталған органның құзырына берілгендігіне тоқталды. Сондай-ақ, Минск қаласында ЕАЭО туралы шарттың және ЕАЭО органдарының шешімдерінің орындалуы бойынша туындаған дауларды қарастыратын ЕАЭО соты өз жұмысын бастағандығын атап өтті. Бұл ретте ЕЭК трансшекаралық нарықтағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларының сақталуы бойынша бақылауды жүргізу үшін барлық қажетті нормативтік база қабылданған. Және де ағымдағы жылғы 12 мамырда бәсекелестіктің ортақ қағидаларының сақталуын бақылау бойынша ЕЭК құзырын жүзеге асыру барысында құпия ақпаратты және жауапкершілікті қорғау мен жарияламау туралы келісім күшіне енді, деп атап көрсетті Н.Алдабергенов. Сондай-ақ, бәсекелестік қағидаларын бұзудың алдын алу бойынша ЕАЭО мүше мемлекеттердің ұлттық антимонополиялық органдары мен Комиссия арасындағы құзыреттерді белгілеу, сондай-ақ, өтініштерді қарастыру рәсімдері, жосықсыз бәсекелестік туралы істерді қарау және тергеулер жүргізу мәселелері, ЕАЭО трансшекаралық нарығында басымдық жағдайды пайдалану туралы және бәсекеге қарсы келісімдер туралы түсіндірілді. Айтар болсақ, Бәсекелестік және антимонополиялық реттеу жөніндегі алқа мүшесі Нұрлан Алдабергенов пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Өзара түсіністік және әріптестік меморандумына қол қою барысында ҰКП пен ЕЭК арасындағы ортақ жұмыс тобы күмәнді бәсекенің, бәсекелестікке қарсы келісімдердің фактілерін анықтап, оларды ЕЭК қарауына жолдап, тиісті шешімдерге қол жеткізіп, екіжақты келісім талаптарына сәйкес шара қолданып отыруға қол жеткізілмек. Біз өз ісімізді шетел тәжірибесін негізге ала отырып жүргізетін боламыз. Кез келген мемлекеттің өзіндік ерекшеліктері және кемшіліктері болады, соған байланысты әр елдің өзіне сай ұтымды тұстарын өзіміздің экономикалық нарықта пайдалануымыз қажет. Тап қазіргі уақытта түсіндірме жұмысы қызу жүріп жатыр. Оған себеп, бірінші кезекте бизнес мүмкіндігін игеру үшін көпшілік бұл мәселе жағдайын түсініп алуы қажет, деді ол. Сессия көпшілік тарапынан айтылған пікірталастар мен баяндамалар легіне ойысып, форум аясында Еуразиялық экономикалық одақтағы бизнес мүмкіндігі тақырыбына байланысты сұрақтар қойылды. Осы ретте өзіндік пайымын айтқан ЕЭК алқа мүшесі Ара Нраньян осындай қызмет бабы себеп болып, сондай-ақ, бірқатар елдердің біріккен жұмысының арқасында Қазақстан Республикасының елордасы Астананы көргеніне ризашылығын жеткізді. Тап осы ынтымақ пен келісімнің бастамасы экономикалық одақтың нәтижесі екендігін айта отырып, көпшілікті форумның ашылуымен құттықтады. Келесі кезекте экономика саласына қатысты болсын немесе кез келген салада нәтижеге қол жеткізу үшін бірінші кезекте бәсекелестік қажет екендігін атап өтті. Әр мемлекет бәсекелестік мәселесін дұрыс жолға қойып, сауда нарығында қызмет көрсету қағидаты қалыптасуы керек, деп атап айтты. Бизнес үшін мемлекеттер арасында осы саланы жақсы қамтыған әрі дамытқан елдердің озық тәжірибелерін үйренуіміз керек, жұмысымызда оған басымдық беріп, өз жүйемізді қалыптастыруымыз қажет, деді А.Нраньян. Бұл орайда шетелдік сарапшының ойын жалғаған Нектар Манукова Армения экономикасына қатысты ақпараттар айтып, осындай қысқа уақыт ішінде көптеген міндеттер атқарылғандығын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, Армения елі ЕАЭО-ны барынша пайдалы бірлестік деп санайды. Оның тауарларды жылжыту негізін оңтайлы жолға қойған одақ деп есептелетіндігіне назар аударды. Осы Одақтың арқасында біз миллиондаған нарыққа шығып отырмыз, оның болашағы зор екендігіне сенім мол. Біздің еліміз пайдалы сауда режімін бұрыннан қолданып келеді. Әр дамыған және дамушы мемлекет экономика саласын дұрыс жолға қойғандығымен ерекшеленеді, деді ол өз сөзінде. VIII Астана экономикалық форумы аясында өткен бұл сессия жағымды жаңалықтар мен ынтымаққа ойысқан пікірталасқа толы болды. Астана экономикалық форумы аясында кешегі күні өткен маңызды шаралардың бірі «Тұрақты дамуды қаржыландырудағы инновациялық шешімдер: әлеуметтік желілердің рөлі» тақырыбындағы халықаралық конференция болды. Бұл іс-шараға Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі мен БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментімен бірігіп ұйымдастырылған мемлекеттік басқару, инфокоммуникациялық технологиялар мен электронды үкіметті дамыту саласындағы 20-дан аса шетелдік сарапшылар қатысты. Конференцияның спикерлері ретінде Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, осы министрліктің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы Сәкен Сәрсенов, БҰҰ ЭӘМД Электронды үкімет басқармасының басшысы Винченцо Акваро, БҰҰ Экономикалық даму жөніндегі бас хатшысының көмекшісі Ленни Монтьэль, БӨД Атқару комитетінің бас директоры Нурудин Мухитдинов, IDC вице-президенті Стивен Франтзен және тағы басқалар сөз сөйледі. Конференцияны ашқан еліміздің Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев қатысушыларды форумның басталуымен құттықтады. «Біздің бүгінгі шарамызға мемлекеттік мекемелер мен халықаралық ұйымдардан, ақпараттық технология саласындағы компаниялардан 100-ден астам өкіл қатысуда», дей келе бұл конференцияның өткен жылы осы форумда қозғалған «Электронды үкімет-2014» басқосуының жалғасы ретінде көрінетіндігін де атап көрсетті. Осы ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен 2013 жылы қабылданған «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылып жатқандығын еске салды. Бүгінгі күні Қазақстанда «электронды үкімет» қалыптасты деп айтуға да болады. Өйткені, Біріккен Ұлттар Ұйымының «Адамдар үшін электронды үкімет» рейтингі бойынша өткен жылы Қазақстан әлемнің 193 елінің арасында 28-орынға ие болды. Ал, Бүкіләлемдік экономикалық форумның желілік дайындық индексі бойынша Қазақстан 2014 жылдың қорытындысында 143 елдің ішінде 40-шы орынға табан тіреді. Қазақстанда интернет желісі пайдаланушыларының тығыздығы 70 пайызды құрайды. Ауылды жердегі байланысты қамтамасыз етуге арналған CDMA/EVDO (Evolution Data Optimized) байланыс стандарттары енгізілген. Қалаларда FTTH (Fiber to the home) стандарттары қолданылады. Енді, 3G және 4G технологияларын енгізу жөніндегі жұмыстар жалғасуда», деді министр. Сонымен қатар, бүгінгі күні мемлекеттік қызметтердің «Электронды үкімет» және мобильді үкімет құралдарымен жүргізілетіндігін, сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталықтары да белсене жұмыс істейтіндігін мәлімдеді. «Электронды үкімет» инфрақұрылымы арқылы 700-ден астам қызметтер мен сервистер көрсетілуде. 2012 жылдан бастап, барлық лицензиялар тек электронды түрде ғана берілетін болды. Ал мобильді үкімет арқылы қазіргі күні азаматтарға 50-ден астам қызмет пен сервис қолжетімді болып отыр. 2016 жылы мобильді үкімет арқылы көрсетілетін қызметтер мен сервистер саны 100-ге дейін жететін болады. Мұның сыртында халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы берілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің саны да жылма -жыл өсу үстінде. Мәселен, өткен жылы ғана халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 25 миллионнан астам қызметтер көрсетілді. Осымен қатар, Әсет Исекешев Мемлекет басшысының бастамашылдығы бойынша халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді неғұрлым сапалы ете түсу үшін әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің тәжірибесіне сәйкес «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясын құру жоспарланып отырғандығына тоқталды. «Жаңа технологиялардың жүйелі түрде пайда болатындығын ескере отырып, біз дамудың әлемдік трендтерінің негізінде бірқатар бағыттарды дамытуға ықпал ететін жаңа заң жобасын әзірледік. Ол заң жобасы бізге ашық мемлекетті қалыптастыруға, ақпараттандырудың сервистік модульдерін құруға, архитектуралық құралдарын енгізуге, ақпарат саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесетін болады. Бұл істе халықтың ақпараттық, сандық технологиялық сауаттылығын көтерудің маңызы зор. Бұл жөнінде жағдайымыз да жаман емес. 2014 жылдың қорытындысындағы зерттеулер бойынша, ел халқының «компьютерлік сауаттылығы» біз бұл заңда көзделген негізгі бағыттар бірқатар нәтижелерге қол жеткізуімізге мүмкіндік береді деп есептейміз. Мәселен, ашық үкіметті қалыптастыру нәтижесі де мемлекет халыққа неғұрлым жақын бола түседі, халықтың мемлекетке деген сенімі артады. Ал, сервистік модульдерді енгізу нәтижесінде орта және шағын бизнес жақсы дамып, ақпараттық технологиялар саласындағы компаниялардың өнімдерін сату мүмкіндіктері ұлғаятын болады. Сондай-ақ, бюджеттік қаражатты үнемдей түсуге де жағымды ықпал етеді. Өйткені, серверлер, бағдарламалар мен бұл жөніндегі жұмыстар қазіргідей жекелеп сатып алынбайтын болады. Мәселен, аутсорсингтік модульге көшу нәтижесінде мемлекеттік органдардың өздерінің серверлік-құрал жабдықтарына жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді сатып алу шығындары 2020 жылға таман 30 пайызға қысқара түседі деп есептеліп отыр», деген Әсет Исекешев осы 2020 жылға таман халықтың сандық технологияларды пайдалану жөніндегі сауаттылығы да 80 пайызға дейін көтерілетіндігін айтып өтті. Қазақстанда қазіргі күні ашық мәліметтер бойынша қызмет көрсететін портал жұмыс істеуде. Онда көлік, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, қауіпсіздік және басқа да салалар бойынша мәліметтердің 219 топтамасы орналастырылған. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерді пайдаланушылар саны да артып келеді. Міне, осы және басқа да мәселелерді айта келе Инвестициялар және даму министрі бүгінгі өтіп жатқан конференция аталған саланы дамыту үшін маңызды болып есептелетіндігіне тоқтала кетті. Конференция жұмысына табыс тіледі. Конференция барысында оған қатысушы шетелдік қонақтар да өз ой-пікірлерін білдірді. Мәселен, БҰҰ Экономикалық даму жөніндегі бас хатшысының көмекшісі Ленни Монтьэль Қазақстан Президенті қолға алған 5 реформа Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы ақпараттық қоғамды және электронды үкіметті дамыту жөніндегі ынтымақтастыққа жана серпін береді деген сенімін жеткізді. «Астана экономикалық форумы 100 нақты қадамды жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспары жарияланған күннің ертеңіне өтіп отыр. Бұл Ұлт жоспарында ақпараттық қоғам мен электронды үкіметті одан әрі дамыту мәселелері кеңінен қамтылған екен. Оның нәтижелері Қазақстанның дамуына және БҰҰ-мен ынтымақтастықтың артуына жақсы серпін береді деп есептеймін», деді Ленни Монтьэль. Іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, конференцияның тақырыбы өте өзекті. Егер бұрында әлеуметтік желілер тілдесу және көңіл көтерудің құралы ретінде пайдаланылса, ал бүгінде олар ақпараттандыру, талқылау алаңдарына, азаматтық жұмылдыру, сондай-ақ, тұрақты дамудың қаржыландыру құралдарына айналуда. «Біз өмірлік ұстанымы белсенді адамдардың ауыр сырқатпен науқастанған балаларды емдеу үшін топтарға бірігіп немесе өздігінен қаражат жинап, қайырымдылық қор