• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Шілде, 2010

Ұлттық өрлеуден – жаһандық жауапкершілікке

451 рет
көрсетілді

Адамзат қоғамы ұдайы даму үдерісінде болады. Бірақ даму кейде баяу, кейде жылдамдау болумен ғана парықталады. Сол барыста қоғамдық өрлеу де, құлдырау да болып тұрады. Бұл қалыпты қоғамдық құбылыс. Дегенмен, өрлеудің аты – өрлеу, ұлттық сападағы өрлеу – мәңгілік дамудың кепілі. Өйткені, тарихи тәжірибелер осы бір аксиоманы ұдайы айғақтай береді. Өрлеген, дамыған елдер де кейде қателеседі. Екінші дүниежүзілік соғысты қозғаған да, сол соғыста күйреген де немістер мен жапондар болды. Бірақ олар өздерінің өрлеп кеткен ұлттық сапасымен қазіргі әлемдік дамуының алдыңғы қатарында келе жатқан жоқ па?! Қоғамдық дамуда ауық-ауық өрлеудің болып тұрғаны абзал. Әсіресе, Қазақстан үшін. Қазақстан дәл қазір көсіліп бір өрлеудің қарсаңында тұрғаны Президент Жолдауында баяндалды. Жолдауда алдағы онжылдықта жаңа экономи­калық өрлеудің болатыны, сондай-ақ оның Қазақстанның жан-жақты дамуына жаңа мүмкіндіктер аша­ты­ны н­ақтылы қаржылық дайын­дықтар негізінде нақтыланғаны адамға сенім мен шабыт ұялатады. Президент Жолдауында міндет­ті түрде басшылыққа алатын қағи­даттар көрсетілді: “Біріншіден, біз­дің ең басты құндылығымыз – ол Отанымыз. Тәуелсіз Қазақстан! Екіншіден, мемлекет және оның әрбір азаматы қай жерде де қоғам­ның тұрақтылығы мен елдің әл-ауқатына кері әсерін тигізуі ықти­мал кез келген қадамға бармауы тиіс. Үшіншіден, экономикалық өр­леу – әрқай­сымызға қатысты бүкілхалықтық іс. Бұл – қоғамның әлеуметтік мәсе­лелерін шешудің және баршамызды табысқа бас­таудың кілті. Төртіншіден, өңірлік және әлемдік нарыққа инте­гра­циялану – дамудың аса маңызды шарты”. Міне, осыдан болашақ дамуда мемлекетіміздің ең басты құн­ды­лығы Қазақстанның тәуелсіздігі  екендігін анық аңғарамыз. Олай болса, республикадағы барлық іс-шаралар Қазақстан Республика­сы­ның тәуелсіздігі сынды басты құндылық үшін қызмет атқаруға тиісті. Қазақстанның тәуелсіздігі деген құндылық жалаң ұғым емес, ол – мемлекет аумағының тұтас­тығымен, ішкі-сыртқы саясатының дербестігімен және мемлекеттік тіл-жазудың өз функциясын атқаруы­мен нақтыланатын күрделі дүние деп білемін.  Сондықтан Президент атап көрсеткен басты құндылықты сақтау үшін қызмет ету – әрбір азаматтың борышы. Әрине, ел тәуелсіздігін берік сақтау үшін алдымен әлеуметтік эко­номиканы дамыту қажет. Ал эко­номиканы дамыту ұлттық білім беру мен ғылыми техниканың даму деңгейіне тікелей байланысты. Осындай өзара байланысты мәсе­ле­лердің ара қатынастары мен ше­шімді жолдары Президент Жол­дау­ында  диалектикалық түрде баян­да­лып, әрбір саланың атқарар мін­дет­тері мен жауапкершіліктері нақтыланған. Елбасы Жолдауының алтыншы бөлімі сыртқы саясатқа арналған. Сыртқы саясат елдің ішкі мақсатын жүзеге асыру үшін қолданылатын амал-тәсілдер болып табылады. Пре­зидент  еліміздің сыртқы саяса­тына тоқталғанда: “Ұлттық мүдде­лер­ді қамтамасыз етуге, елдің ха­лық­аралық беделін арттырып, ұлт­тық, өңірлік және жаһандық қауіп­сіздікті нығайтуға бағытталған бел­сенді, прагматикалық теңдесті­ріл­ген сыртқы саясат жүргізілетін бо­ла­ды” деп атап көрсетті. Бұдан елі­міздің сыртқы саясаты ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету алғы- шартында, теңдестірілген, яғни тепе-теңдік негіздегі сыртқы саясат жүргізетін болады деген сөз. Елбасы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық қызметіне тоқтал­ған­да: “Біздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалы­ғы­мыз бүкіл әлем халықтарының қауіпсіздігін дамыту мен өркен­детуге бағытталатын болады”, – деп  атап көрсетті. Бұл сөздің мәні өте зор. Өйткені, Елбасының осы сөзі қазіргі таңда Қазақстан Рес­пуб­ликасы тәуелсіз ел ретінде өзінің ғана емес, жалпыәлемдік даму мә­селелеріне де жауапты бола ала­тын­дығын аңғартады. Сондай-ақ ол еліміз ұлттық өрлеуден жаһандық жауапкершілікке көтерілгенін тү­сіндіреді. Жаңа онжылдықтағы эко­номикалық өрлеу – ұлтымыздың жаңаша келбеті мен мінезін қа­лыптастыруға да зор мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бағдарламаның түпкі мақсаты – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркен­деуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік жасау. Келер ұрпақтың жүзін жарқын ететін бұл мақсатқа біз асқан табандылықпен ел бірлігін сақтай отырып қана қол жеткізе аламыз. Ол жалғыз Пре­зиденттің ғана немесе Парламент пен Үкіметтің ғана шаруасы емес. Біз болашағымыздың жарқын болуын көргіміз келеді. Елбасымыз айтқандай, ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын үлкен іс баршамызға сәтті болғай. Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры. Алматы.