Адамзат қоғамы ұдайы даму үдерісінде болады. Бірақ даму кейде баяу, кейде жылдамдау болумен ғана парықталады. Сол барыста қоғамдық өрлеу де, құлдырау да болып тұрады. Бұл қалыпты қоғамдық құбылыс. Дегенмен, өрлеудің аты – өрлеу, ұлттық сападағы өрлеу – мәңгілік дамудың кепілі. Өйткені, тарихи тәжірибелер осы бір аксиоманы ұдайы айғақтай береді. Өрлеген, дамыған елдер де кейде қателеседі. Екінші дүниежүзілік соғысты қозғаған да, сол соғыста күйреген де немістер мен жапондар болды. Бірақ олар өздерінің өрлеп кеткен ұлттық сапасымен қазіргі әлемдік дамуының алдыңғы қатарында келе жатқан жоқ па?!
Қоғамдық дамуда ауық-ауық өрлеудің болып тұрғаны абзал. Әсіресе, Қазақстан үшін. Қазақстан дәл қазір көсіліп бір өрлеудің қарсаңында тұрғаны Президент Жолдауында баяндалды. Жолдауда алдағы онжылдықта жаңа экономикалық өрлеудің болатыны, сондай-ақ оның Қазақстанның жан-жақты дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатыны нақтылы қаржылық дайындықтар негізінде нақтыланғаны адамға сенім мен шабыт ұялатады.
Президент Жолдауында міндетті түрде басшылыққа алатын қағидаттар көрсетілді: “Біріншіден, біздің ең басты құндылығымыз – ол Отанымыз. Тәуелсіз Қазақстан! Екіншіден, мемлекет және оның әрбір азаматы қай жерде де қоғамның тұрақтылығы мен елдің әл-ауқатына кері әсерін тигізуі ықтимал кез келген қадамға бармауы тиіс. Үшіншіден, экономикалық өрлеу – әрқайсымызға қатысты бүкілхалықтық іс. Бұл – қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешудің және баршамызды табысқа бастаудың кілті. Төртіншіден, өңірлік және әлемдік нарыққа интеграциялану – дамудың аса маңызды шарты”.
Міне, осыдан болашақ дамуда мемлекетіміздің ең басты құндылығы Қазақстанның тәуелсіздігі екендігін анық аңғарамыз. Олай болса, республикадағы барлық іс-шаралар Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі сынды басты құндылық үшін қызмет атқаруға тиісті. Қазақстанның тәуелсіздігі деген құндылық жалаң ұғым емес, ол – мемлекет аумағының тұтастығымен, ішкі-сыртқы саясатының дербестігімен және мемлекеттік тіл-жазудың өз функциясын атқаруымен нақтыланатын күрделі дүние деп білемін. Сондықтан Президент атап көрсеткен басты құндылықты сақтау үшін қызмет ету – әрбір азаматтың борышы.
Әрине, ел тәуелсіздігін берік сақтау үшін алдымен әлеуметтік экономиканы дамыту қажет. Ал экономиканы дамыту ұлттық білім беру мен ғылыми техниканың даму деңгейіне тікелей байланысты. Осындай өзара байланысты мәселелердің ара қатынастары мен шешімді жолдары Президент Жолдауында диалектикалық түрде баяндалып, әрбір саланың атқарар міндеттері мен жауапкершіліктері нақтыланған.
Елбасы Жолдауының алтыншы бөлімі сыртқы саясатқа арналған. Сыртқы саясат елдің ішкі мақсатын жүзеге асыру үшін қолданылатын амал-тәсілдер болып табылады. Президент еліміздің сыртқы саясатына тоқталғанда: “Ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге, елдің халықаралық беделін арттырып, ұлттық, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған белсенді, прагматикалық теңдестірілген сыртқы саясат жүргізілетін болады” деп атап көрсетті. Бұдан еліміздің сыртқы саясаты ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету алғы- шартында, теңдестірілген, яғни тепе-теңдік негіздегі сыртқы саясат жүргізетін болады деген сөз.
Елбасы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық қызметіне тоқталғанда: “Біздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымыз бүкіл әлем халықтарының қауіпсіздігін дамыту мен өркендетуге бағытталатын болады”, – деп атап көрсетті. Бұл сөздің мәні өте зор. Өйткені, Елбасының осы сөзі қазіргі таңда Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел ретінде өзінің ғана емес, жалпыәлемдік даму мәселелеріне де жауапты бола алатындығын аңғартады. Сондай-ақ ол еліміз ұлттық өрлеуден жаһандық жауапкершілікке көтерілгенін түсіндіреді. Жаңа онжылдықтағы экономикалық өрлеу – ұлтымыздың жаңаша келбеті мен мінезін қалыптастыруға да зор мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Бағдарламаның түпкі мақсаты – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік жасау. Келер ұрпақтың жүзін жарқын ететін бұл мақсатқа біз асқан табандылықпен ел бірлігін сақтай отырып қана қол жеткізе аламыз. Ол жалғыз Президенттің ғана немесе Парламент пен Үкіметтің ғана шаруасы емес. Біз болашағымыздың жарқын болуын көргіміз келеді. Елбасымыз айтқандай, ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын үлкен іс баршамызға сәтті болғай.
Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры. Алматы.