Қазақта: «Тау баласы тауға қарап өседі» деген сөз бар. Асқаралы шыңдары бірінен екіншісі аса асқақтап көкке шаншылса, ұландары жарыса оқу оқып құдды сол мұзарттар іспетті ғылымның қия жолында өзара бәсекеге түскені естіген жанды қуантары хақ. Екшей білсек, бұл заңды құбылыс. Саф ауасы мен тұнық та таза мың бұрала ағатын сансыз бұлақтарының суы қандай ғаламат. Сусап келген жан мейірлене шөлін басып, рахат бір әсерге бөленері анық. Жүздеп саналатын дәрілік шөптерінің мал мен жанға дәрумендігі өз алдына. Тілге тиек етіп отырған қарт Алатаудың бір сілемі болып саналатын Суықтөбе осы сөзімізге нақты дәлел болады. Төбесіндегі жазиралы жайлауында қазақ пен қырғыз ат жарыстырып жатады. Осы Суықтөбенің етегіндегі 150 үй түтін түтетіп отырған Қастек атты ауыл Қазақстан ғылымына 65 ғылым кандидатын, 15 ғылым докторын берген қасиетті елді мекен болып саналады. Осыдан төрт жүз жыл бұрын Суықтөбе баурайында дүниеге келіп, өмір сүріп, күллі қазақ сахарасын қас дұшпаннан қорғаған Қарасай батырдан жалғасқан адами құндылық көкірек көзі ашық пенделерді биік мақсатқа жетелей түсері анық. Соның әсерінен болар шағын ауылда өскен 15 академиктің екеуі бір әулеттен шығыпты. Нақтылай түссек, Тоқтасын және Тоқтамыс Меңдебаев деген азаматтар. Бұл кәусар бұлақ суын ғана ішіп, таңғажайып тамаша табиғатына тамсана өскен суықтөбеліктердің бір ерекшелігі болса керек. Міне, сол әулет жалғасы бүгінде асқаралы 60 жасқа толып отырған Кеңесбек Меңдебаев қаржыгер болып елге танылып, Алматы облысы қаржы басқармасының басшысы қызметін мінсіз атқарып, ел экономикасының өркендеп өсуіне өзіндік үлесін қосып жүрген азамат.
Негізі, сұңқар құс үш рет түлейді. Кеңесбек Меңдебаев та құс төресіндей түлеп те түрленіп те жетісулықтардың қаржы саласының тізгінін ұстағалы қалайда халыққа берсем, осынау иен байлықтың пайдасын мына ел көрсе екен деген ұстаным қалыптасқан. Еш дабырасыз заңнама шеңберінде байыптылығы мен байсалдылығынан танбайтын жанның әр қадамы орнықты. Суықтөбенің төл перзенті еңбек жолын қатардағы жұмысшы болудан бастап, ер азаматтың бір міндеті әскери борышын өтеп туған жеріне оралып жоғары білім алған соң, қызмет баспалдақтары біртіндеп өссе Жамбыл, Талғар аудандары қаржы салаларын басқарып, әлеуетін танытқандықтан, 2013 жылдың басынан бері Алматы облысы қаржы басқармасының басшысы қызметін атқаруда. Төл міндетін жетік меңгерген жан бірқалыптылықтан танған емес. Мемлекеттік қызмет этикасын қатаң сақтап, ұйымдастыра біліп, ұтып жүрген жайы бар. Облыстағы қаржы саласы туралы деректерге жүгінсек, 2014 жылғы жалпы өңірлік өнім 1829,0 млрд. теңгеге жетіп жан басына шаққанда 930,0 мың теңгені құрады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы облыс экономикасының нақты секторларының дамуына ықпал етті. Былтыр облыста 537,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, көлем көрсеткіші 101,9%-ды құрады. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 412,4 млрд. теңге болып, республикалық пайыздық көлемнің 16,4%-ын берді. Ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау жылдан-жылға өсуде, Статистикалық мәліметке жүгінсек, былтыр Алматы облысында 39,6 млрд.теңгеден астам қаржы игерілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 201,6 млрд. теңгеге жетіп, белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 93,8 бірлікті құрады. Былтырғы жылғы бағалауға дейінгіні есептеумен негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 452,7 млрд. теңгеге өсіп, жетісулықтардың республика көлеміндегі үлесі 6,9%-ға жетті. Рас, бұл көрсеткіштер жергілікті биліктің тынымсыз еңбегінің жемісі. Десек те, осынау қыруар шаруаның заңнама шеңберінде атқарылып, құзырлы органдар тексерілулерінен жақсы өтуі, ең бастысы, сол билікке қажетті есептік көрсеткіштердің дер кезінде беріліп отыруы үлкен жұмыс. Сырт көз бірсыдырғы қарап өте шығуы да бек мүмкін. Ал екшей білген жан сол бір жауапкершілік жүгін арқалап кәсіби тұрғыда маман ретінде істелінген жұмысты бағалай білгені де жөн. Түйіндеп айтқанда, тау перзентінің ірілігі мен маңғаздығын паш ете отырып, тегіне тартқан текті ұл екендігін баса айтқан ләзім. Бір жылдары ауылдық округ әкімі лауазымын да мінсіз атқара білген ол жүрек қалауымен таңдап алған мамандығы бойынша еңбегін жалғастыра білді. «Қаржы қызметінің үздігі» және мерекелік медальдардың иегері Кеңесбек Меңдебаевтың өне бойындағы жақсы бір қасиеті ұрпақ тәрбиесіне жете мән бере білуінен де көрінеді. Суықтөбеліктерге тән тағы бір ерекшелік таланттарды тани білумен шектелмей, ұмтылып тұрған өскелең ұрпаққа дем беріп, жолын аша білу болып саналады. Мұны адами құндылықтың бір шыңы деп бағалау да қажет шығар.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан».
Алматы облысы, Жамбыл ауданы.