Бас басылым бетінде 13 наурызда жарияланған академик Төрегелді Шармановтың «Құндылықтар құлдырауы» атты мақаласы түсінген жанға ел ішінде қордаланған талай мәселенің бетін ашып берді. Соңғы уақытта «Егемен Қазақстан» газетінде аталған жазба жөнінде тұшымды ой-пікірлер легінің де бірнеше мәрте басылғанын байқап жүрміз. Газетте жарияланған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің уәлі ой-пікірлерінің ортақ арнасы – кейбір қолында қаржысы немесе қызметі бар отандастарымыздың шектен шыққан мақтангершілік, даурықпалық, даңғазалыққа салынатынын, «аттыға еріп жаяудың таңы айырылыпты» дегендей, жағымсыз үрдістің қалың бұқараға да дендей еніп, уытын таратып жатқанына саяды. Редакция бұл тақырыпты алдағы кезде де қозғай беретінін айта келіп: «Елім дейтін азаматтардың баршасын халықтық қалпымызға, ұлттық бітім-болмысымызға, өркениетке ұмтылған өскелең үрдістерімізге үйлеспейтін, жанымызға жат мінез-құлықтан арылудың жолдары жайында бірлесе ақылдасуға шақырамыз», деген екен. Осы орайда қазақстандық ғылымға өлшеусіз үлес қосқан Төрегелді Шарманов сынды абыз ақсақалымыз жазғандай, озық дәуірде сана мешеулігіне әкеліп отырған кей іс-қимылдарға жанымыз ауыратыны, ішіміз күйетіні жасырын емес. Өзі ғана адаспай, қоғамды да шатастыратынын, шырғалаңға салатынын түсінбейтін мансапқорлық пен атаққұмарлықтың «шыңына» шығып алған жандарды сабасына түсіріп, көп қаржының буынан да қастерлі, салмақты құндылықтар бар екенін естен шығармауымыз керек. Сондықтан, осындай оспадарлықты тыю жөнінде Елбасымыз тапсырма жүктеді.
Ел газеті «Егеменнің» егеулі найзасы өткір ғой. Мемлекет басшысы маңыз беріп отырған мәселе аясында қарастырылуы тиіс келеңсіз оқиғаның бірі Аягөз өңірінде орын алған болатын. «Құндылықтар құлдырауы» атты мақаланы оқығанда ойыма оралған осы жайтты баяндасам, бәлкім басқалардың қателікті қайталамауына сеп болар. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында ұлтымыздың махаббат дастанына айналған қос ғашық Қозы мен Баянның кесенесі бар екенін барша жұрт біледі. Осы мемлекеттік деңгейде қорғалатын ғашықтар кесенесінің жанында әйгілі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпосында аталатын тарихи ауыл Таңсыққа тиіп тұрған Тарлаулыға Жұман Қожағапанов есімді ауылдасымыздың атын беру жөніндегі ұсыныс аягөздіктерді әбден мезі еткен-ді. Былтыр 22 мамырда Тарлаулы ауылдық округін Қозы Көрпеш-Баян сұлу ауылдық округі, ал Тарлаулы ауылын Қожағапанов ауылы деп атауға ұсыныс білдірген ауыл тұрғындарының шағын «ләббай тобы» жиналыс өткізді. Ол басқосу еліміздің «Ономастика туралы» заңына кереғар жағдайда қолдан ұйымдастырылды. 2010 жылы Аягөз аудандық мәслихаты сессиясының ауыл атын Ж.Қожағапановқа беру туралы ұсынысын облыстық ономастикалық комиссия: «Бір адамға көрсетілген құрмет жеткілікті» деген дәйекпен құптамаған еді. Алайда кейін ол комиссияның шешімі өзгеріп кетті. Еріксіз кімнің тізе қимылына шыдамады деген сауал бой көтерді. Бұл – көптеген мәселелердің әкімшілік бағыныштылық пен тәуелділік жағдайында қаралатынын көрсетеді... Жалпы, Қазақстан Республикасы аумағында әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендерге, мемлекет меншігіндегі объектілерге ат беру, қайта атау, атаулардың транскрипциясын нақтылау мен өзгерту, жеке адамның есімін беру жөнінде ономастика жұмысының критерийлері анықталғаны белгілі. Аталған объектілердің атын өзгерту мемлекет деңгейіндегі органдардың құзыретіне тиесілі. Нысандарға берілетін атауларды заң талабымен реттеуде осы құжат негізгі тетік болуы керек еді. Алайда, «Ономастика туралы» заң белгілеген басты критерий – жеке тұлғаның сапалық қасиеті әдейі назардан тыс қалдырылды. Критерийлер бойынша бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, оның құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте беру ескерілген. Тіпті, аса көрнекті мемлекет, қоғам, мәдениет, ғылым қайраткерлерінің Қазақстан Республикасының алдында сіңірген еңбегі ауылдық округке, ауылға, кентке жеке адамның атын беруге негіз бола алмайтыны тайға таңба басқандай анық тұжырымдалған. Бұған қоса олардың еңбегі халықаралық қауымдастық алдында қай салада ерекше көзге түсіп, танылған болса, сол сала арқылы бағаланады. Сонда жаңағы ауылға аты ұсынылған адам көрнекті мемлекет, қоғам, ғылым, мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы ғана емес, халықаралық қауымдастық алдында да лайықты бағасын алған ақтаңгер тұлға ма? Жоқ! Сондықтан, академик Төрегелді Шармановтың мақаласына өзек болғандай, бұл да әлдекімдердің қолдан ұйымдастырған өтініші, астамшыл бұйымтайы, жалған ат шығарушылығы болып шығады. Сондай-ақ, Тарлаулы ауылдық округінде Қозы Көрпеш-Баян сұлу атты тағы бір ауылдың бар екені, «Бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге бір атауды бір мәрте беру керек» деген заң талабы ескерілмеді. Тарлаулы ауылы мемлекет меншігіндегі нысан және оның атауы мемлекет деңгейінде шешіледі. Жиналыста ауылға және ауылдық округке жаңадан атаулар беру туралы екі мәселе талқыланып, біріктіріле дауысқа қойылуы – халықты алдап, шатастырудың амалы. Заң талабын қанағаттандырмайтын тұлғаны әлдеқандай қисынсыз себеппен таңдаған шешім сүттей ұйыған ауыл мен аудан тұрғындарының арасына жік салу емес пе?! Осылайша, Аягөзде заң талабына қарсы қайшылыққа толы шешіммен қоса рухани жетесіздікке де жол берілді. Бұған алып келген жәйт – даңғойлық, астамшылық. Өйткені... Ауылда Тоқтархан Қожағапановтың әкесі Жұман Қожағапановтың атында мәдениет үйі бар. Көше бар. Анасы Көшжанның атында мешіт бар. Тоқтарханның өзі ауданның құрметті азаматы атанған. Бұл құрметтер олқы болғандай Тарлаулыға әкесінің атын әперу жөніндегі бұйымтайы, оның жергілікті билік тарапынан құпталуы көңілді сарсылтар көп ойға жетелейді. Жантану ғылымында: «Адамдық қасиетке көлеңке түсіретін надандық білімсіздіктен, қараңғылықтан нәр алады. Надандық білімсіздікпен ғана анықталмайды. Олардың ішінде жоғары білімді, тіпті, арнайы ғылыми дәрежелі адам да бар. Надандық – адамдық қасиеттің кемел формасы кісіліктің антиподы» деген анықтама бар. Шынында, надандық күні өткен құбылыс емес, қазіргі заманның қауіпті дерті болып тұр. Бір досым: «Талдықорған қаласының жанындағы Мұқыр ауылында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Нұрмолда Алдабергеновтің ұрпақтары ауыл атына таласып надандық көрсетпеді. Кеңес өкіметі кезінде Семей облысы, Шұбартау ауданында ұлы ғалым Ш.Уәлихановтың аты берілген ауылға ежелгі «Қосағаш» атауы қайтарылды. Сонда Тарлаулыны өзгертуге ұмтылып жүрген жанның әкесі Шоқан мен Нұрмолдадан асып туған ба?» деген жанды сауалымен тосылдырғаны есімнен кетпейді. Мен бұл жөнінде құзырлы мекемелерге бір топ еңбек ардагерлерінің атынан хат та жаздым. Хатымда Аягөз ауданында «Ономастика туралы» заң талабы өрескел бұзылып, атаққұмарлықтың, дарақылықтың, кенеусіз мақтанның аты озып, есесіне елімізге елеулі еңбегімен көрінген тұлғалар назардан тыс қалып жатқанын атап өттім. Мысалы, Тарлаулы ауылында 3 министр, 10-ға жуық ғылым докторы дүниеге келген. Медицина саласы бойынша дүние жүзіне мәшһүр екі ғылыми-зерттеу институтының іргетасын қалаған осы Тарлаулы ауылының перзенттері. Ал ауылда олардың есімі берілген бірде-бір көше жоқ. Мемлекет басшысы былтыр ономастика қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды. Заң ономастика саласы үшін нақты бағыт-бағдар бере отырып, оны қолдану механизмін реттеуі тиіс болатын. Елбасы жер-су атаулары мен нысандарға ат беру жағдайына тарихи таным тұрғысында көңіл бөліну қажеттілігіне және жалпақ елге белгісіз адам аттары жиі беріліп кеткендігіне алаңдаушылық білдіріп еді. Жаңа құжат жер-су атауларын өзгертудегі былықтарға тосқауыл болуы тиіс-тін. Аягөз ауданында орын алған ерсі жағдайға қарап, Президенттің ономастика саласындағы келеңсіздіктерге алаңдауы әбден орынды екенін байқадық. Тарлаулы – Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың мүрделері жатқан, түркі әлеміне танымал киелі мекен. Қос мұңлықтың есімдерімен аталған жерге Жұман деген беймағлұм атау тіпті де сай келмейді. Ол бар болғаны кеңшардағы МТС-та басшы, ферма меңгерушісі болған адам. Егер ондай адамдардың бәріне жер-су атауларын берер болсақ, ұлттық рухымыз, тарихи таным-түсінігіміз қайда қалмақ? Өмірден қатардағы қарапайым ғана адам болып өткен әкелеріне қалтасы қалың балалары атау бере берер болса, түйсігі терең ел болғанымыз қайсы?.. Қыпшақ ақыны, Алтын Орда дәуірі әдебиетінің өкілі Саиф Сараи: «Өтірік – жарақат сияқты, жазылса да орны қалады», деп жалғаншылдықтың адам мінезінің мерез қасиеті, зиянды құбылыс екенін айтқан. Психологтардың айтуынша, өтірік реципиенттерді шатастыру мақсатымен нақты бір жағдайда жекелей немесе әлеуметтік артықшылыққа ие болу ниетінен туындайды. Бұл санаттағылар мақсатына жету үшін өзін-өзі мадақтап, шындықты саналы түрде бұрмалайды. Сөйтіп, өтірікшілік сол тұлғаның сапалық көрсеткішіне айналады. Әлеуметтік-психологиялық тұрғыда өтірік – өтірікшінің әдісі болса, психопатологияда ол адамдарды алдап шатастыру процесінен қанағаттанарлық сезімге бөленіп, көңілі толатын мифоман-психопаттың мақсаты болып көрініс береді. Осы бір мерез әдеттен сақтандыруды азаматтық парызым деп білемін. Әрине, қазақ қоғамында әкенің әлеуметтік орнына ерекше басымдылық беріледі. Әкені сыйлау, құрметтеу – отбасы этикасының императивті әлеуметтік нормалары. Кез келген жан өз әкесін жақсы көреді. Бірақ, бұл – еліміздің заңнамасынан аттап кетуді білдірмесе керек. Сондықтан, әке атын құрметтеудің жөн-жосығын безбендей алмай, керісінше аруақтың мазасын кетіріп жүруді олардың жоғарыдағыдай жағдайларға ұмтылған ұрпақтары түсінуі тиіс. Ғасырдан ғасырға озған тарихи атауды барымталау бейбастақтық, оған ел мен жұрт барда жол берілмейді. Құндылықтарды құлдыратпау – қолымызда!
Амангелді КЕРІМТАЕВ, еңбек ардагері.
Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы.