Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев VIII Астана экономикалық форумына қатысуға келген Люксембург Премьер-министрі Ксавье Беттельді қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында екі елдің ынтымақтастығын нығайту перспективалары, сондай-ақ, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынастарды ЕО-ға Люксембургтің алдағы төрағалығы аясында тереңдету мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы біздің еліміз былтыр Қазақстан мен ЕО-ның кеңейтілген серіктестігі мен ынтымақтастығы туралы келісім жобасы жөніндегі келіссөздерді аяқтау туралы құжатқа қол қойғанын еске салды.
– Сіздердің төрағалық еткен кезеңде осы үдерістер аяқталады деп үміттенемін. Елдеріміздің достық қатынастарын ескере отырып, Еуропалық одақпен өзара ықпалдастық кезінде виза режімін жеңілдетуді, авиация саласындағы шектеулерді алып тастауды қамтитын бірқатар мәселелерді шешу ісінде сіздің қолдауыңызға сүйенеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Тараптар Қазақстан мен Люксембург арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.