• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2010

Тұлға болып тумайды, қалыптасады

17833 рет
көрсетілді

Философия ғылымдарының докторы, профессор Тілекжан РЫСҚАЛИЕВПЕН әңгіме Бүгінгі қазақстандық қоғамға тұлғалар қажет пе? Әрине қажет. Тіпті тұлғалардың қажет дәуірі енді туып отыр десе де болады. Өйткені, жас мемлекеттің алдында тұрған жаңа да тың, күрделі міндеттер тек тұлғалар, олардың түсінігі, ерік-жігері мен іс-қимылы арқылы жүзеге аспақ. Тұлға болмаса өркениетті өмір жоқ. Оған қоса сапалы білім, еселі еңбек, өнікті өнім де болмақ емес. Сондай-ақ тұлға болмаса,  ғылым мен мәдениетте, өндірісте бәсекелестік те болмайды. Бүгінгі егемен елімізде Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан тұлғаны қалыптас-­тыруға қажетті барлық шаралар белгіленген. Әрі ол қазір кезең-кезеңімен жүйелі түрде іске асып ке­ле­ді. Әлеуметтік-экономикалық және индустрия­лық-инновациялық реформалар, “Мәдени мұра”, “Болашақ” бағдарламалары, “Интеллектуалды ұлт” жобасы және интеллектуалды ұрпақ әзірлеуге бағытталған мемлекет гранттары осы пікіріміздің дәлелі. Мұның бәрі тұлғаның жан-жақты қалып­тасуына тиісті негіз қалайды. Тұлға деп осындай объективті жағдайларды тиімді пайдаланып, өзін-өзі ұдайы дамытып, жетілдіріп, қамшылап отыратын адамды айтсақ керек. – Тілекжан Хасенұлы, кешегі кеңес заманының басты бір кем­шілігі – тұлғаны көзден таса қыл­ғаны десек, қателеспейтін шығар­мыз. Марксизм-ленинизм ілімі қоғам дамуының қозғаушы күші – халық бұқарасы деген қағиданы алға қойды. Ал оларға ықпал етіп, жол көрсететін жеке тұлғалардың орны мүлдем ескерілмей қалды. Сіз бұған не дейсіз? –  Кешегі кеңестік кезеңде адам жөнінде, тұлға жөнінде мүл­дем айтылмады десек, шындыққа көлеңке түсіріп алғандай бо­лар­мыз. Айтылмады емес, айтылды. Әйтсе де ол кезде тұлғаның қалып­тасуы үшін қажетті жағдайлар бол­ған жоқ. Тіпті керек десеңіз ке­ңес­тік қоғамға тұлғаның қажеті де болмады. Тіпті кеңес дәуірінде адам жө­нінде, тұлға жөнінде көп айтыл­ға­нымен, ол кезде тұлғаның қалып­та­суына қажетті жағдайлар болған жоқ. Тіпті Кеңес Одағындағы со­циалистік қоғамға тұлғаның қажеті де болмады. Өйткені, өзіндік ойы, пікірі, қылығы бар тұлға идеоло­гия­лық үгіттеуге, икемдеуге көне бермейді. Ол кезде бәрін шешетін жеке тұлға емес, халық бұқарасы бол­ды. Кеңес дәуірінде кең тара­ған қағида – көптің сөзі қашанда дұрыс дегенге саятын еді. Тұлға мен бұқараның ара-қатынасын данышпан Абай дөп басқан: Единица – жақсысы, Ерген елі бейне нөл. Единица нөлсіз-ақ, Өз басымдық болар сол. Единица кеткенде, Не болады өңкей нөл? Бұл арада Абайдың “единица” деп тұрғаны жеке тұлға. Оның өз келбеті мен тұғыры бар. Ол не іс­тейтінін, не істеу керек екенін жақ­сы біледі. Абай өзін артына хал­қын ерте алатын тұлға деп білді. Тұлға, жетекші болмаса, көп­шілік топқа, тобырға, дүрмекке айналып, нөл болып қалар еді. Нөлдер оң шамаға айналу үшін олар­дың басында тұлға тұруы ке­рек және өздері де тұлғаға айналуы керек. Ынжық, енжар, жалқау адам тұлғаның жайын білмейді, тұл­ға болғысы да келмейді. Оған тұл­ға, субъект болғаннан гөрі, көп­тің бірі болып, көптің ықпалымен жүрген тиімді. Батыс философы Фридрих Ниц­шенің пікіріне сүйенсек: тарихтың мәні мен мақсаты қалың бұқараны құрайтын, бір-біріне мүлдем ұқсас адамдарды мыңдап, мил­лиондап өмірге әкелу емес. Асылдарды, дара тұлғалар мен да­наларды баптап өсіру. Бұл ме­нің­ше құптауға, құлақ қоюға әбден тұ­рарлық қағида. Дәл осы фи­ло­софиялық көзқарас тұрғысынан қарастырғанда адамзат дамуының айшықты белгісі көпшілік, бұқара емес, жалпы жұрттың деңгейінен биік тұрған даралар мен дара тұл­ғалар болмақ. Осы тұрғыда Ф.Ниц­ше өзінің асқан тұлға (сверх­человек) туралы ілімін жариялағаны белгілі. – Ницше дейсіз. Қалай ойлай­сыз, өзіңіз мысалға келтіріп отыр­ған осы Ницшенің ілімінде көпшілік пен халық бұқарасын дара тұлғаға, яғни элитаға қарсы қойғысы келе­тін­дей сарын сезіліп қалатындай ма, қалай өзі? – Иә, бір қарағанда оның көз­қарасында осындай өктемшілдік пен астамшылық белгісі байқалып қалатыны да рас. Алайда оның адамзаттың болашағы туралы қам жеуден туған жанайқайында адам баласына ой салар мәселелер де жеткілікті. – Ендеше, жөн екен. Олай бол­са, сіздің ойыңызша, сол батыс фи­лософы жариялаған асқан тұлға деп аталатын топқа кімдерді кіргізуге болар еді? – Асқан тұлға деп біз басқа­лар­ға ұқсамайтын, сөзімен де, ісі­мен де басқаларға үлгі бола ала­тын, дүниедегі барлық ауыртпалық пен жауапкершілікті иығына арта алатын адамды айта аламыз. Асқан тұлға абстрактілі ұғым емес. Мұндай адамдар дүниеде болған, бар және бола бермек. Петр Чаадаев өз отаны – Ресей мен орыс халқы туралы асыра және ба­тыра өткір сын айтқаны тарихтан белгілі. Бұл сын ұлы Пушкиннің сөзімен түйіндесек, бүкіл “Ресейді ұйқыдан оятты”. Сөйтіп, орыстар­дың ХІХ ғасырда әдебиет, өнер және ғылым саласында суырылып алға шығуына шешуші ықпал етті. Өрімдей Шоқан біртуар ең­бек­тері және Қашғарияға жасаған қауіпті сапары әрі қайталанбас болмыс-бітімімен орыс халқына, Ресейге, кейін Еуропаға қазақтың қандай халық екенін паш етті. Қалыптасқан тәртіп бойынша Қаш­ғарияға жасаған сәтті сапары үшін Шоқанға бұратана ұлттың өкілі ретінде Әулие Анна орденін беруге болатын еді. Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Г.Х.Гасфорт Александр ІІ патшаға тап осындай ұсыныс жасаған өтініш жазады. Патша бұл награданы жеткілік­сіз деп тауып, бұйрыққа: “Вали­ха­нову Вл...” деген бұрыштама со­ғады. Мұнысы 25 жасар қазақ сая­хат­шысы әрі орыс офицері Шоқан Уә­лиханов орыстарға берілетін жоғары Владимир орденіне лайық деп есептегені еді. Сондай-ақ Абай өзінің өшпес өлеңдері және өткір Петр Чаадаев секілді өз халқын аяусыз сілкілеген қарасөздері және “мың­мен жалғыз алысқан” қилы тағды­рымен қазақ халқына өсіп-жетілудің небір жолдарын көрсетіп берді. Міне, бұларды асқан тұлға деп тануға әбден болады. Асқан тұлға деп қытай халқына ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында алға басудың қытайлық жолын көр­сетіп берген Дэн-Сяопинді жат­қызуға болады. Алақандай арал­да орналасқан Сингапурдың атын әлемге жайған Ли Куан Ю да – асқан тұлға. Асқан тұлға болу­дың, еліне, халқына аянбай қыз­мет етудің, елінің де, өзінің де мерейін өсірудің озық үлгісін біз Ел­басы – Қазақстан Республика­сы­ның Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметінен де көре аламыз. Тұлға өзімен ғана емес, елімен, халқымен тұлға. Оған өзін ғана өсіру, өзін ғана қамтамасыз ету аз. Ол елін, халқын өсіруге, жетіл­ді­ру­ге, аяғынан тік тұрғызуға тыры­сады. Қазір қалада да, ауылда да дәулетті кәсіпкерлер көбейіп ке­леді. Сөз жоқ, бұл – өте жақсы ны­шан. Алайда олардың көпші­лігін сөздің дәл мағынасындағы тұлға деп атау қиын. Көбісінің өрісі тар. Ұлтжандылығы мен ел­жандылығы жетіспейді. Мемле­кет­тік ауқымда ойлауға өрелері жете бермейді. Тек жеке басының қамымен ғана шектеледі. – Ал әкімдер ше, айталық, облыс әкімдерінің бәрін тұлға деп санай аламыз ба? – Бұл сұраққа былай деп жауап беруге болады. Атына, за­ты­на сай әкімдер, әрине, тұлға бо­лулары керек. Олар өз аудандары мен облыстарына қарасты мәсе­ле­лерді өздері дербес шешеді. Олар елі үшін, халқы үшін, жері үшін жауап береді. Сондай әкімдер бар. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі болып істеген Қырымбек Көшербаевты Ақжайық өңірінің тұрғындары тұлға деп бағалады. Сондай-ақ мен тұлға деп Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовті, Алматы облы­сы­ның әкімі Серік Үмбетовті және Ба­тыс Қазақстан облысының бү­гінгі әкімі Бақтықожа Ізмұхам­бе­тов­ті айтар едім. – Тұлға деген ұғым фило­со­фиялық категорияға жата ма? – Әрине. Философияның басты нысанасы, зерттейтін мә­се­лесі – адам. Философия адамтану­мен айналысады. Адамның тұлғаға айналуы кездейсоқ болмайды. Тұлғаны қоғам және тарихи уақыт туғызады. Қайта өрлеу дәуірінде содай заман туғанын, тұлғаға сұра­ныс пайда болғанын философтар тез арада байқады да, тұлға ұғы­мын талдай бастады. Тұлға деге­ні­міз – субъект. Тұлға басқаларға ұқ­самайды. Өзінің кім екенін, қан­дай екенін, өзінің дүниеге қаты­насын білетін адам көптің бірі емес. Ол – тұлға. Оның өз келбеті мен ойы, пікірі мен көзқарасы бар. Ол өзінше әрекет жасайды. Ол басқаның жетегінде жүрмейді, ке­рі­сінше, соңынан көпшілікті ерте біледі. Өйткені, оның өзіне көш­басшылық тән. Тұлға – ар-намыстан жара­тыл­ған жан. Ол қалай болса солай өмір сүрмейді. Қалай болса солай еңбек етпейді.Ол қай кезде де, қай жерде де өзінің жауапкершілігін жақсы сезінеді. Тұлға болмаса, дем­ократия жоқ. Демократия дегеніміз – тәртіп пен реттілік, жөн-жосық, өзінің емес, өзгенің, бүкіл жұрттың қамын ойлау. Тұлға ұғымының алға шығуы, тұлғалар­дың қалыптасуы бүгінгі қазақ­стан­дық қоғамға тән. Жоғарыда айтыл­ғандай, нарық та, тиімділік те, бә­секелестік те, сөз бен істің ұш­тасуы да қазіргі заман алып келген оңды өзгерістер. Бүгінгі заманның тағы бір ерекшелігі тұлға секілді си­рек кездесетін құбылысты көп­шілікке, жалпы жұртқа тән құбы­лысқа айналдыра алуында. Мұнсыз қоғам табыстан табыс­қа жете алмас еді. Осыған қарап да­мыған өркениетті елдерде адам­дардың бәрі бірдей тұлға болып кеткен екен деген ұғым тумайды. Әрине, бәрінің де тұлға болуға мүмкіндігі бар. Бірақ бәрі бірдей бұл мүмкіндікті пайдалана алмай­ды. Алайда тұлғалар бар қоғамда бәріне шешуші ықпал ететін бұқара емес, орташа адам емес, сол тұлғалардың өздері екенін де ашық айтатын кез келді. Тұлғаның қалыптасуы ананың, мынаның қалауымен болмайды. Тұлға тек қоғамда ғана тұлға. Демек, тұлға ең алдымен қоғамға керек. Қоғам­ға тұлғаның пайда болуына қажетті жағдайлар болуы керек дейтініміз де сондықтан. Тұлға деген ұғымды ұлы Абай, әрине, қолданбайды. Бірақ оның мәнін ашатын ойларға беріледі. Ол, мысалы, адам болудың жол­да­ры туралы ойланып-толғанады. Адам болу үшін өзін-өзі танып, өзін-өзі жүзеге асыру керек. Бұл – адам атына лайық болу керек де­ген сөз. “Атымды адам қойған соң қайтіп надан болайын”, дейді Абай. Адамның надан болуға қақы жоқ. – Адам болу үшін, тұлға болу үшін тағы не керек? – “Талап, еңбек, терең ой, қа­на­ғат және рақым” керек. Адам болу үшін дүниеге кірпіш болып қалану керек. Тағы не керек? “Ыс­тық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек” керек. “Адамзатқа не керек?” деген сұрақ қояды да, оған Абай: “Керек іс бозбалаға – талаптылық”, дейді. Оның үстіне “Ақыл керек, ес керек, мінез керек”, деп қосады. Мінезі жоқ, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен адамның қолынан түк те келмейді. Тұлғаны қолдан жасаудың мүмкін еместігі жөнінде мынандай бір тәмсіл бар. Ағылшын королі Яков І-ге бала кезінде оны тәр­бие­леп өсірген күтуші әйел: “Менің ба­ламды джентльмен етіп шы­ғар­шы, сенің қолыңнан келеді ғой”, деп өтініш жасайды. Бұған король: “Жоқ, бұл менің қолымнан кел­мейді. Мен оны граф ете аламын. Ал джентльмен болу — оның өз ісі”, деп жауап береді. Сол сияқты, адамның айналасындағы орта оған қолайлы жағдай туғызып, тұлға бо­луына ықпал ете алады. Ал тұлға болу не болмау оның өзіне бай­ла­нысты. Адам ата-анасына, қоғамға, қа­ласа құдайға да сеніп үміт арта алады. Алайда түптің түбінде адам­ның тұлға болып шығуы бәрібір оның өзіне байланысты. Сондық­тан бүгінгі тұлға туралы тол­ға­ны­сы­мызды тағы да Абайға жүгініп, оның екі жол өлеңімен түйін­де­генді жөн көремін. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап. – Тілекжан Хасенұлы, бүгін тұлға ұғымы және оны қалай қа­лыптастыру жөнінде газет оқырман­дарына ой салатындай әңгімелер айтылды ғой деп ойлаймыз. Сол үшін де сізге көп рахмет. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы.