Қаламыздың тазалығы қашан да өзекті болып қала бермек. Осы ретте қаланы тұрмыстық қалдықтардан тазартудың қалыпты жүйесіне қалдықтарды жинау, шығару, сұрыптау және қайта өңдеу сияқты жаңа тәсілдер қолданылады.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметовтың айтуынша, қала іші аумағында 1842 контейнерлік алаңда 9891 қоқыс жинау контейнері орнатылған. Биыл пайдаланылып жүрген 150 контейнерлік алаңда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша 200 алаң жабдықтау көзделіп отыр. Сонымен бірге, Астанада «жасыл» экономикаға көшу бағдарламасы бойынша кешенді жұмыстар белсенді жүргізілуде.
– 2015 жылғы 1 наурыздан бастап, елордадағы тұрғын үй қорында ҚТҚ-ны бөліп жинау жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Тиісті инфрақұрылымды жасау үшін 54 контейнерлік алаңда түрлі-түсті 108 контейнер орнатылды. Пилоттық жоба 36 тұрғын үй кешенінде, «Астана Тазарту» ЖШС қатысуымен 17 ПИК учаскесінде қолға алынды, – деді Қ.Айтмұхаметов.
2014 жылдың желтоқсан айынан бастап жылыту маусымында елорданың жеке секторында күл жинау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылды. 75 арнайы контейнер орнатылып, 600 тоннадан астам күл жиналып, шығарылды. Сондай-ақ, өткен жылы құрамында сынап сұйығы бар энергия сақтаушы шамдарды қайта өңдеу жобасы аясында полигонға 570 мың тонна түрлі қалдықтар жіберілді. Жыл басынан бері 230 мың тонна қалдық қабылданды.
Қалдықтарды көму полигондарын кеңейту шаралары да кеңінен жүргізілуде. Бүгінгі күні қалдықтарды көму полигонының екінші алаңын салу жұмыстары аяқталуға жақын. 2015 жылдың қарашасына дейін ескі полигонды қайта құнарландыру жұмыстары бітеді.
«Егемен-ақпарат».