• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Мамыр, 2015

Қос орденді жауынгер

346 рет
көрсетілді

Адамзат қоғамына ең ауыр, ең қасіретті зардап әкелген Екінші дүниежүзілік соғыстың алапат жаңғырығы жыл асқан сайын алыстай түскенімен, Ұлы Отан соғысында жеңісті жаңқиярлықпен жақындатқан жауынгерлердің аңызға айналған ерліктері қазіргі жас жеткіншектерге үлгі-өнеге.

Қаңқұйлы гитлерлік басқын­­шы­ларды өз ордаларында тал­қан­да­­ған кеңес әскерлерінің Ұлы ­Же­ңі­сі­не жүздеген жаңаарқа­лық­­тар­­­дың да елеулі үлес қосқанын біз әр­­­қа­шан мақтанышпен еске аламыз. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагері Мұқан ­Қор­­­жымбаевтың да қаһарлы жылдар­да­ғы жауынгерлік жолы ерлікке толы болды десек, асыра айтқандық емес. Гитлерлік басқыншылар Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасағанда Мұқан 21 жаста еді. Өршіл жігіт құрбы-құрдастарынан қалмай, туған елді қасық қаны қалғанша қорғауға алғашқылардың бірі болып аттанып кетті. Ал­ды­мен Ақмола қаласында (қазіргі – Астана) алғашқы әскери даяр­лықтан өтіп, сержант атағын алды. Мұнда қабілеттілігімен, ұйым­дас­тырушылығымен танылған Мұқан Ашғабад қаласындағы әскери училищеге жіберілді. Оны ойдағыдай бітіргеннен кейін ғана оның көптен күткен ар­маны – тікелей алғы шепте бо­лудың мүмкіндігі жетіп, әрбір кеңес жауынгері сияқты жүректе қайнаған кекпен жауға қарсы жүргізіліп жатқан қанды шайқастарға қатысты. 3-Белоруссия майданында жауынгерлік жорықтарын осылайша бастаған кіші лейтенант Мұқан Қоржымбаев 182-гвардиялық ди­визияның 140-полкінің құрамында взвод командирі ретінде өзінің жауынгерлерін тиянақты әзірлік­пен, асқан ұйымшылдықпен кес­кілескен ұрыстарға шығарып, ерекше көзге түсе бастады. Бас­тапқы сәттегі барлық қиын­шылықтарды төзімділікпен жеңе отырып, қарауындағы солдаттарымен ортақ тіл табу арқылы ол ата жауларына айналған фашистерді жайратуға взводын әрдайым бір кісідей жұмылдырып отырды. М.Қоржымбаев взводын қиян-кескі шайқастарға бастай отырып, Белоруссияны, оның астанасы Минскіні, Латвияны, оның орталығы Вильнюсті неміс басқыншыларынан азат етуге жан аямай араласты, бұл шайқастарда жеңістің оңайлықпен келмегендігі тарихтан белгілі. Ең бастысы, фашистерге аяусыз соққы берілу ке­зеңдері жеңістен-жеңіске ұлас­қан шақта Мұқан және оның взво­дындағы жауынгерлер қаһарлы қантөгіс жылдарындағы жойқын соғыс Отан тәуелсіздігін қорғаған кеңес жауынгерлерінің пайдасына шешілетіндіктеріне кәміл сенді. Жаңаарқалық жауынгер қас дұшпаның өзі келген ізімен Балтық теңізіне дейін түре қуу жорығына қатыса отырып, өмірдің көлденең тартқан ауыртпалығын еңсе­румен шыңдала, есейе түскен еді. Мұқан Қоржымбаев жауынгерлік өміріндегі жауапты шайқастардың бірі – Кенигсберг қаласын алуда ұрпаққа өнеге боларлық ерлік көрсетті. Оның взводы бірнеше рет ажал оғын сепкен дұшпан пу­леметтерінің үнін өшіріп, жауын­герлердің ілгерілеуіне жол ашты. Қанды айқастарға қайнаған кекпен араласқан Мұқан Қор­жым­баев 1945 жылы 9 сәуір күні өте ауыр жараланып, далалық госпитальде бірнеше күннен кейін ғана ес жиды. Медицина мамандарынан енді майданға қатыса алмайтындығын естіді. Сөйтіп, арнаулы емдеу орнында сегіз ай емделген ол туған жері – Жаңаарқаға 1945 жылдың 17 желтоқсанында бір-ақ оралды. Ұлы Жеңіске өзін­дік үлес қосқан Мұқанды туған-туысқандары шаттықты қуа­нышпен қарсы алды. Оның ерлік істерінің куәсіндей болған кеудесінде жарқыраған «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендері мен көптеген медальдарына жерлестері әрі қуана, әрі қызыға қарады. Ұлы Отан соғысының ардагері М.Қоржымбаев бейбіт тұрмыстағы еңбекте де басқаларға өнеге бола білді. Ол орман шаруашылығы, астық қабылдау пункті, маман­дан­дырылған шаруашылық бірлес­тігінде бухгалтер болып жемісті еңбек етті, көп жыл бойы үзіліссіз қызмет атқарып, туған ұжымы оны демалысқа шығарып салды. Үлгілі отбасының отағасы зайыбымен бірге алты бала тәрбиелеп өсірді. Ұлы Отан соғысының ардагері М.Қоржымбаев 1994 жылы қай­тыс болды. Балалары Жеңіс мере­кесінде әкелерін сағынышпен еске алып отырады.

Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».

Қарағанды облысы.