• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Мамыр, 2015

Ардагерлерді қабылдады

249 рет
көрсетілді

Ақтөбе қаласының әкімі Ер­хан Омаров Ұлы Жеңістің 70 жыл­дығына орай келген Санкт-Петербург қаласы Нева ауданының ардагерлер кеңесінің делегация­сын қабылдады. Делега­цияның келу мақсаты – қазақстандық ардагерлермен кездесу, бауырлас қазақ халқының тарихымен және мәдениетімен танысу, патриоттық тәрбие беру шараларына қатысу.

Петербургтік қонақтарды қабылдау салтанатында шаһар басшысы сөз алып, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың көкжиегі кеңейіп отырғанын жеткізді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы өңірде өте кең көлемде аталып өткенін, мұндай ізгілікті кездесулердің соғыс кезіндегі аға ұрпақтың ерлік істері мен жанқиярлық еңбегін жастардың жадында жаңғыртып, олардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

– Ұлы Отан соғысына 122 мыңнан астам ақтөбелік қатысып, соның 36 мыңнан астамы туған жерге оралмады. Көптеген ақтө­бе­ліктер Ақтөбеде құрылған №316 атқыштар дивизиясы мен №101 дербес ұлттық атқыштар брига­дасының құрамында Мәскеуді қорғауға қатысты, одан әрі майдан жолдарынан өтті. Ақтөбелік жауынгерлер сол кездегі Ленин­градты – қазіргі Санкт-Петер­бург­ті жаудан қорғау және азат ету шайқастарында ерлікпен соғыс­ты. Аға ұрпақтың ерлік істері ешқашан ұмытылмайды. Сапа­р­ларыңызға сәттілік тілеймін. Қалада Ұлы Жеңістің 70 жыл­ды­ғына орай жасалған жұмыс­тар­ды өз көз­де­ріңізбен көруге бар­лық жағ­дай жасаймыз. Жалпы, екі қаланың барлық салада ынымақтастық байланысын нығайтуға берік негіз бар, – деді Е.Омаров. Санкт-Петербургтің Нева ауда­ны ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Михаил Шевчук ақтөбе­лік­тердің аяқ-қолдарын жерге тигізбей жылы қарсы алуларына ризашылығын білдіріп, ынтымақтастық сапарларының алда да жалғаса беретінін, өз үйлеріне келгендей сезімде екендіктерін жеткізсе, Нева ауданы әкімшілігінің жастар саясаты және қоғамдық ұйымдармен байланыс бөлімінің бастығы Андрей Лябин Ақтөбе қаласында жасақталған №74 дербес теңіз атқыштар бригадасының және мыңдаған қазақстандықтардың Ленинград қаласын қорғауға және жаудан босатуға қатысқанын, Қазақстанның қоршаудағы қалаға азық-түлік, қару-жарақ, жылы киім жеткізіп тұрғанын тілге тиек ете келіп, соғыс жылдарында танкіге оқ өткізбеуге пайдаланылған феррохромды Ақтөбе ферроқорытпа зауыты бергенін атап өтті. Ол содан кейін бір топ ақтө­белік соғыс ардагерлеріне «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғы­сындағы Жеңіске 70 жыл» мерекелік медалін және ескерт­кіш сыйлықты салтанатты жағдайда тапсырды. Өз кезегінде ақтөбеліктер тарапынан да ескерт­кіш сыйлықтар ұсынылды. Қонақ­тар «Мәңгілік алау» Даңқ мемо­риалы жанындағы «Сол жылдарға бас иеміз» акциясына қатысты. Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешеніне және Батырлар аллеясына гүл шоқтарын қойды, қаланың бірқатар кәсіпорындары мен музейлерінде, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында болып, еңбек ұжымдарымен және студент-жастармен кездесті. Жылы жүздесулер мен қызықты кездесулердегі пікір алысуларға екі қаланың ынтымақтастығы және Ұлы Жеңістің 70 жылдығы арқау болды.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.