• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2010

Театр директоры

769 рет
көрсетілді

Еңбегі зор, мехнаты басым басшылықтың бірі – театр директоры болу. Театр дирек­торын дайындайтын арнайы оқу орны да жоқ. Жол тапсаң да, адассаң да өзіңе байла­ныс­ты. Театрдың киім ілгіштен басталуы да осы директордың еңбегінен. Ауладағы ахуалдан бастап, төрдегі кілемнің таза­лығына дейін, одан қалса ак­тердің көңіл-күй, хал-жағдайы, әр қызмет­кер­дің жеке басының жетпей жатқан түйт­кіл­деріне дейін көңілі алаңдап, түгендеп жүру де директордың күнделікті бұлжымас жұмыс қағидасындай. Сахнаға қажетті сабақталмаған инесі мен қадалмаған түймесіне де жауапты. Бір сөзбен айтқанда, алғысы аз ауыр еңбектің нақ өзі. Жоқтан жонып бар жасайтын осы қызметтің ауыр жолынан талай директорлар өтті. Осы арада өзім білетін М. Әуезов театрында қызмет еткен Болат Маусымбаев, Сақтаған Тұрлымұратов, Гүлжиһан Ғалиева, Сайын Дарбасов, Жұмағали Өмірбек, т.с.с азаматтарды атай кетсем де болады. Мысалы, Бөкеңнің (Б. Маусымбаев) кезінде Әзекең (Ә. Мәмбетов) бар шығармашылық еңбегін арқаға кеңінен салып еңбек етті. Қасында Бөкең се­німді серігі болды. Театрға керектінің бәрін ди­ректор тапты. Әзекең тек өнерін білді. Театр­дың ішкі-сыртқы тазалығымен қосып, әр қойылымның керек-жарағын дер кезінде та­ба білу өнер үшін ең бір күнделікті алғы­шарттың бірі десек, мұндай істі кез келген адам атқара алмайтыны да айдай ақиқат. Өйткені, театр тек өнерден ғана емес, сахна сыртынан қағылатын әр шегені табудан басталатынын біреу білсе де, біреу білмейтіні белгілі.Қиыны сонда, әрбір зат режиссер әлемінің қиялынан туып, жоқтан бар жасаудың азабынан туатын еңбек. Режиссер не айтса соны орындап, әрбір затты ұсақ-түйекке дейін түгендеудің азабы да осында. Міне, Қостанай облыстық І. Омаров атындағы қазақ драма театрының директоры Нұрлан Ерекешев осындай аға көштің атына кір келтірмей, азаматтық міндетін ақ адал қызметімен атқарып келе жатыр. Әу бастан-ақ өнер жолын мақсұт тұтқан ол Шымкент қаласындағы Әл- Фараби атындағы мәдениет институтын тәмәмдап, еңбек жолын аудандық мәдениет басқармасынан бастаған екен. Өнер адамына ең керегі – талантыңмен қоса ұйымдастыру қабілетіңнің қарымы. Топ бастауда іскерлікпен бірге біліктілік, іске деген зор жауапкершілік қоса тұрады. Бәрінің басын бір ортаға бағындырып көш бастау мына менмін деген азаматтың бағына берілер таланттың бір қыры ғана. Нұрекең театр директорының тізгінін енді қолға алғанда, сонау 90- жылдары аласапыран заман басталған еді. Балапан басына, тұрым­тай тұсына кеткен кезде ол басқарған Арқа­лық театры да сан қиындықты бастан өткерді. Жарықты қойып, қала бойынша жылу тоқтап, жұмыссыздық белең алды. Айлық алу арманға айналды. Енді не істеу керек? Кімге барып, кімге шағым қылғандайсың. Облыс тарқап, жауапты мекемелердің есігі тарс жабылды. Ер азаматтың сынға түсер кезі енді келді. Өз жоғыңды өзің жоқтап, артыңа ерген өнерлі қауымның еңсесін түсірмей, осы қиындықтан алып шығу оңай емес еді. Бәрінен де жұртқа обал болды. Кеш болса қаланы қараңғылық басып, өнерді қойып, өмір сүрудің өзі енді күшке түсті. Дәл осындай сәтте талай бас­шының басы сынға түсті. Бірі шыдап бақса, енді бірі елден кетіп, жайлы орынды басқа жақтан тапты. Басқаларды қайдам, дәл Арқалық үшін бұл ауыртпалық тіптен ерекше әсер етті. Осы кез Нұрланды мүлдем ширықтырып жіберген. Кешке қарай Арқалық қаласы қараңғыға көмілгенде ол қазақ театрының жарығын сөндірмеді. Дискотека ұйымдастырып, қала жастарын шашау шығармады. Театр қала жастары баратын бірден-бір орынға айналды. Есеңгіреген елдің де соңғы үміті осы жарығы сөнбеген қазақ театры болды. Әр кеш сайын самаладай жарқырап тұратын театр жұртты ұйыстырып, олардың өзге істерге бой ұруына жол бермеді. Ең бастысы, жастардың сағы сынбай, қала тұрғындарының қалыпты шыр­қы бұзылмады. Иә, кезінде Өзекеңнің (Өзбекәлі Жәні­беков) бастамасымен қаланған театрдың ендігі тағдыры өз қолында екенін сол кезде Нұрлан айқын сезінді. Сондықтан бар қиындыққа мойымай төтеп берді. Бүгінде күлкілі де көрінетін болар, бірақ қарекетсіз отыруға болмайтынын ұғынған ол театрдан наубайхана ашып, сауда-саттықтың тәсіліне төселіп, ұжымның өзегін жалғады. Осындай тынымсыз еңбектің өткен ауыр жолы бүгінде адам айтса нанбайтын ескі ертегідей. Алайда осының бәрі бастан өткен шындық. Кезінде Арқалықтай қаланың осындай халге ұшырауы арқаға аяздай батқанмен, Қостанайдың облыс көлемін ұлғайтып қайта түлегені баянды көштің басы болды. Арқа­лық­тың жабы­луынан Қостанай қазақылана бас­тады. Соның бір мысалы, Өмірзақ Шөкеев об­лыс әкімі болған кезде қазақ мәде­ние­тінің ірі тұлғасы Ілияс Ома­ров атындағы ұлттық театр­дың бой көтеруі десек, бұл өнер ордасының ашылуына Елбасымыздың өзі қатысуы, тұсауын кесуі әртістерге де жігер берді. Осын­дай мәрте­бе­лі тарихи істің көш ба­сын­да театр­дың тұңғыш ди­рек­торы боп тағы да Нұрлан Ерекешев тұрды. Жас келсе іске деген осы. Бұл жерде де Нұрлан аянып қалған жоқ. Нұрлан бастаған өнерпаз қауым 10 жыл ішінде көңілге толымды, іске қонымды қыруар іс бітірді. Бүгінде театр репертуарының санатында 50-ге жуық қойылым бар десем, республикалық театр фестивальдерінің 10-ға жуығында бәйгеге түсіп, олжалы оралғаны өз алдына бір әңгіме. Оған қоса бұрынғы өнер ғимаратын бүгінгі уақытқа сай жабдықтап, музыка аспаптарымен қайта жаңартты. Бар техника мәзірі бүгінгі уақыттың өлшеміне негізделген. Ендігі бір жаңа бастамасы об­лыс­тың мәдениет басқармасы басшыларымен (Сәуле Бөрібаева) бірігіп, жаңадан қазақ теат­рын қала орталығынан салуды қолға алғаны. Бұл іс те баянды тірліктің бастамасы. Қазақ үшін, ел үшін, әсіресе, өнер үшін. Шалғай жатқан өңір болғандықтан болар, өнер оқуын бітіргендер бұл мекенге онша жолай қоймайды. Соны ескерген ол театр жа­нынан актерлер үшін 2 жылдық студия ашып, ұжым санатын 35 адамға толықтырды. Осыған орай биылдан бастап іргедегі Ресейдің Челябі қаласындағы жоғары өнер академия­сының қазақ филиалы Қостанайдан ашылды. Өнер қуған Қостанай жастары үшін бұл да іздесең таптырмас жақсылықтың бірі болды. Осы өнер филиалының бір саласы қазақ театры. Осын­дай игіліктер Нұрланның ақ адал ісінен бастама алуда. Жалпы, өнер атаулы айғаймен ілгері бас­пайды. Қашанда әр талант өз алдына суретші. Тек бағасын біліп, бағытынан жаңылдырмасаң болғаны. Міне, өнердің осындай қыр-сырына қанық Нұрлан қашанда осы әдісінен жаңыл­майды. Театр режиссерсіз қалған небір қиын сәттерде ұжымның шырқын кетірмей, жан-жақтан белгілі режиссерлерді шақырып, өнер отын өшірмей, небір айтулы қойылымдарды қоя білді. Өз отбасындағы төрт баласының қамынан, театрдың жайын кем көрмейтін, ұжым тәр­бие­сін қашанда басты орынға қоятын Нұрлан сын­­ды басшылар барда өнер ешқашан өгей­сі­мейтіні хақ. Егерде барлық театр басшылары өнер қамын тереңнен толғап, театр қамытын қа­ра нардай өрге тартса, театр тірлігі де бас­қаша болар ма еді, кім білген. Әрине, басқадай болар еді. Иә, театр директорларының тірлігі қайсы­біреулер ойлағандай, оңай тірлік емес. Өзгені қойғанда, әр қойылымның премьерасын көрерменмен толтыру да оның бас ауруының бірі. Бір ғажабы, басқа облыстарға қарағанда, Қостанай көрермендерінің театрға дегенде ықыласы ерекше. Қашан көрсең де зал толық, ойын орынды. Театрдың ішкі-сыртқы келбеті де көрген көзге көрікті. Бұл сөзіміздің де айт­па­ғы сол, театр директорының тынымсыз тір­шілігінің бір қыры. Иә, іскер басшы ісімен, қолдайтын қосшы тірлігімен танылады. Нұр­ланның да жылдар бойы айналасына саралап жиған көмекшілерінің көбі нағыз өнерге жанашыр адамдар. Ұжым осынысымен көрікті. Ең бастысы, тәртіп, тәртіп болған жерде бәрін жасап, бәрін табуға болады. Міне, Нұрлан осындай орнықты әрі іскер басшы. Оның дәлелі, өзі басқарған театрды көркейтіп, талант биігінен тайдырмай, ал­дына қойған мақсаттарын абыроймен ас­қақтата алып келе жатқандығы. Жақсының жақсы­лы­ғын айт, нұры тасысын деген ғой, бір кездері өнерді өрге бастырмақ түгіл, оны ойлаудың өзі қиын болған кезде де қиыннан жол таба білді. Иә, бүгінде өнерді сақтау керек деп күм­пілдеп сөйлейтіндерден гөрі, нақты іс біле­тіндер керек. Бұл орайда да Нұр­лан еске түседі. Театр директорының мойнындағы бір ма­ңызды парыз ол жыл сайынғы гастрольдік сапар мен жылына бір өтетін республикалық театр­лар фестивалі. Білгенге мұның бәрі қаражат. Қаражат болғанда да қып-қызыл шығын. Театр үшін фестивальге бару мен өнер бәйгесіне түсу басты парыз болғанмен, айна­лып келгенде тағы да бәріне жауапты дирек­тор. Бармауға да болады. Онда өнерің әлсіреп, театрыңнан береке кетеді. Театр атаулы үшін қыл көпірдей қиын шақ осы. Нұрлан өзі бас­қарып отырған театрды осындай фестиваль­дердің бірде-бірінен қалдырмай, талай бәйгені де иемденді. Қорытындысы 10 жылдың үздік жетістігі. Қорыта айтқанда, бар ғұмырын өнер жо­лына сарп етіп келе жатқан Нұрланның еңбегі өз кәсібінің қыр-сырын тамыршыдай дөп бас­қан талабының жемісі деп білеміз. Арқалықтың өнерін арқалай жүріп, еңбегінің төр жайлауын Қостанайға қондырған Нұрланның бүгінгі табысын ұжымы қолдап, елі мақтан тұтуда. Ерсайын ТӨЛЕУБАЙ, режиссер.