• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Шілде, 2015

Астана мен Алматы егіз ұғым

577 рет
көрсетілді

Алатау бөктеріндегі алып шаһар еге­мен­діктің куәсі, тәуелсіздіктің тірегі. Елдігіміздің іргесі қаланған мекен. Тәуелсіздік туралы декларация қабылданған қала да – Алматы. Елбасымыз айтқандай, «Алматы – қазақ мемлекетінің алтын бесігі». Кезінде ел арасында «Алматы – бас қа­лам, Астана – жас қалам», – дегенді көп ести­тін­біз. Жас қала дейміз-ау. Сол Сары­арқаның сары белінде Қанжығалы қарт Бөген­бай елінде ұлан-байтақ қазақ жерінің қасиет­ті орталығындағы жас Астана – бүгін­де Отанымыздың күретамырына қан жүгі­р­тетін, сәулетті де, қуатты қалаға айналғанын көз көріп отыр. Тарихқа көз жүгіртсек, 1994 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс жасап, кейіннен 1997 жылы қазанның 20-ында астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. 1998 жылы мамырдың 6-да Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді. Сол бір тұста Астана қаласының бола­шағына күмәнмен қарағандар болмады емес, болды. Алайда, Мемлекет басшысы жасаған батыл шешім ел сенімін ақтады. Аз уақыттың ішінде Елбасымыздың төл туындысы Астана қаласы жаңа бір мәдени-ғылыми һәм саяси-экономикалық алып орталыққа айналды. Елорда әлемге танылды және елімізді әлемге танытты. Жер-жаһанның басшылары жиі бас қосатын, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі сынды әлемдік іс-шараларды өткізетін деңгейге жетті. Алматы мен Астана егіз ұғым. Бірі Ала­таудың бөктеріндегі, ал екіншісі сайын дала – Сарыарқаның төсінде күн санап гүлденіп, өркендеп келе жатқан Қазақстанның серпін­ді дамуының жарқын бейнелері іспеттес. Биыл елдігіміздің нышаны, абырой­ымыз­дың айғағы саналатын Елордамыз 17-ші рет «туған күнін» атап өтіп отыр. Бұл күллі қазақстандықтар үшін ортақ мереке екені анық. Жанна ДОСАНОВА, Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі аппаратының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы. АЛМАТЫ.