• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
22 Мамыр, 2015

Жеті жасар Нұрая Италиядан алтын медаль алып келді

428 рет
көрсетілді

Италияның Лидо ди Езоло қаласында Венеция мэриясының ұйымдастыруымен өткен балалардың дәстүрлі халықаралық ХІІІ фольклор және көркемөнер фестиваліне қазақстандық 10 өрен қатысып қайтты. Олардың қатарында Алматыдағы «Зерде» мектебінің 1-сыныбын аяқтап отырған 7 жастағы Нұрая Есдәулет бар. Қазақ бүлдіршіні Халықаралық көркемсурет көрмесіне «Наурыз тойы» және «Желқайықтар» атты екі туындысымен қатысып, фес­ти­вальдің алтын медалі мен дип­­ломын жеңіп алып келді. Сон­дай-ақ, фес­­­­­ти­валь бағдарламасының буклетіне алуан ұлт­­тың өнер­­паз­дарымен қатар Нұ­раяның да дом­­быра тартып отыр­ған фотосуреті шыққан. 3 жасынан қолына қылқалам ұс­таған бал­ғын өнерпаздың суреттеріндегі бояу сиқырын сезі­нуі, шығармаларында өз жан дүниесін, ой-көзқарасын беруге ұмтылысы қазылар алқасының ерекше назарына ілігіп, жүзден озған жүйріктігі танылды. Талантты балдырғанды бейнелеу өнеріне баулып жүрген мұғалімі, атақты суретші Тоқболат Тоғысбаевтың зайыбы Раушан Ақбердиеваның айтуынша, сезімталдығы мен байқағыштығы туа біткен аса еңбекқор дарын ретінде оның болашағынан үлкен үміт күтуге болады. «Көрме кезінде Нұраяның салған суреттеріне қызығып, сатып алғысы келіп, қымбат баға ұсынушылар аз болған жоқ. Алайда, біз өз өнерпазымыздың топ жарған тырнақалды туындыларын саудаға салуды жөн көрмедік», деді ұстазы. Нұрая Есдәулет бұған дейін де әлеуметтік желілерге салған суреттерімен өнертанушыларды елеңдеткен болатын. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.