Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды. Сапар барысында Вице-премьер өнеркәсіп кәсіпорындары, әлеуметтік нысандар жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен кездесті және өңірді әлеуметтік дамыту мәселелері бойынша бірқатар кеңестер өткізді
Жаңаөзен қаласында Б.Сапарбаев «Өзенмұнайгаз» АҚ жер асты жабдықтарын жөндеу бойынша кәсіпорнында болып, онда өндірістік үдеріспен танысты, сондай-ақ, мұнай-газ секторы кәсіпорындарының жұмысшыларымен кездесті. Кездесу барысында әлеуметтік саланың өзекті мәселелері бойынша мүдделі сұхбаттасу өтті, ол аяқталған соң Вице-премьер проблемалық сауалдарға жауап берді.
Премьер-Министрдің орынбасары, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік сала кәсіпорындарының қызметімен танысып, су тазалау стансасын, «Айгөлек» балабақшасын және перзентхананы аралады, онда Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын және моноқалаларды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы таныстыру өтті.
Биылғы жылдың 5 айында Жаңаөзен қаласында шамамен 50 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған, жұмыссыздық деңгейі бар болғаны 1,8%-ды құрайды. Орташа айлық жалақы өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға артып, 353 653 теңгені құрады. Жалпы, кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында үш жылда әлеуметтік сала нысандарын, автожолдарды салуға 35 млрд. теңге жұмсалған, биылғы жылы 3,7 млрд. теңге қарастырылған. Бұдан өзге, моноқалаларды дамыту бағдарламасының арқасында қала инфрақұрылымын құруға 1,2 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінген.
Ақтау қаласында жұмыс сапары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-тағы кеңеспен жалғасты, онда жұмыс орындарын сақтау, өндірістік үдерістерді тұрақтандыру және қазақстандық қамтуды дамыту бойынша алдында жасалған меморандумдар барысы талқыланды.
Кеңесті ашқан вице-премьер Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында барлық мүдделі тараптар меморандумдар шарттарын қатаң сақтаулары тиіс екенін атап өтті. Б.Сапарбаев меморандумдармен қарастырылған ынтымақтастық бойынша бастамалар бүгінгі таңдағы экономикалық сын-қатерлерді жоюға мүмкіндік беретінін баса айтты. Ол мемлекеттің, бизнестің және кәсіподақтардың бірлескен күштері халықты жұмыспен қамтуды төмендетуге жол бермеуге және қиын уақытта бизнеске айтарлықтай қолдау көрсетуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Б.Сапарбаев мемлекеттік органдарға Маңғыстау облысының әлеуметтік дамуына қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Азаматтардың әл-ауқаты өсімін арттыруға барлық ресурстар мен мүмкіндіктерді пайдалануға қатысты Президент тапсырмаларын жүзеге асыру маңыздылығына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, Вице-премьер облыс әкімдігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында мұнай-газ өндіретін компанияларға арналған өнімдер шығаруға бағытталған ШОБ кәсіпорындарын ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Өңірдің әлеуметтік дамуы тақырыбы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университетінде әлеуметтік сала жұмысшыларымен жиын арқылы жалғасын тапты, онда өзекті мәселелер талқыланып, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді одан әрі жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Вице-премьердің жұмыс сапары облыстық аурухананы және Ақтау қаласының бірқатар білім беру және спорт нысандарын аралаумен аяқталды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.