Дарынды ақын да, домбырада, қобызда, сыбызғыда ойнайтын жыршы да, термеші де, он саусағынан өнері тамған суретші де, ағаштан ойып, темірден иіп, тасты қашайтын мүсінші, атшана, ертоқым әбзелдерін, ыдыс-аяқ, қасық, ожау, табақ жасайтын шеберлер мен сақина, білезік, алқалардың, киім-кешектің әсем де сәнді үлгілерін жасаған зергер, сегіз қырлы адамдардың бәрінің де бойларында табиғат сыйлаған киелі күштері бар.
Біржан сал мен Ақан серіні күй аталары – Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғапты ойлап көрейікші. “Көроғлы” дастанын жетпіс жастағы Жамбыл атамыздың жеті тәулік бойы көз ілмей, толассыз жырлауында қандай қуат бар? Осы түпсіз терең дарын иелерін киесіз деп айтуға кімнің батылы барады?
Домбыра, қобыз өз уақытында Әл-Фараби бабамызды тебіренткен киелі аспаптар. Домбыра аспабының өте көне екеніне деректі дәлелдер бар, ол туралы “Егемен Қазақстанда” жарияланған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожа мырзаның “Жәдігер” атты мақаласындағы дәмді пікірлерін елеусіз қалдыру қиянат.
Қобыз аспабының скрипканың атасы екенін жер жүзі музыка мәдениетіне, музыканттарына мойындаттыру да оңай болмай келеді. Шындықты мойындаттыру – қиынның қиыны. Қазақ ұлты мен қалыптасқан салт-дәстүр, мәдениетінің, жыршылық, ақындық, шешендік, әншілік, күйшілік өнерлерін елеусіз қалдырып: қараңғы, топас, мал бағып, оның бас, тұяғын санаудан аса алмайтын білімдері таяз, малдарының жайылым ыңғайымен көшіп жүретін ел, деп кеңес елінің мықтылары еңсемізді түсіріп келгенін енді ғана көзіміз ашылып, көне мәдени мұраларымыздың қазіргі жетістіктеріне бүгінгі күндері жер жүзі халқын таңдандырып, тамсандыруды сезіну қандай ғанибет.
Бұл күнге жеткізген құдіреті күшті Аллаға – мың тәубе! Шүкіршілік! Тәуелсіздігіміздің арқасы! Қазақ елінің туының жоғары, тұғырының берік, мәртебесі басқа да елдермен деңгейлес, тағылымды салт-дәстүр мен мәдениетінің, көнені жандандырып, жаңаның тамырының терең болуын шынайы тілегеннен туындаған көп ойдың бір тармағы ғой...
Сәби кезімізде (Ұлы Отан соғысы жылдары) немере туыс Ыңғайұлы Ғалымжан атты ағайынымыз ымырт үйіріле, анда-санда сыбызғысын сарнатқанда, жақындап барып тыңдауға әке-шешелеріміз жібермейтін.
– Іштегі шері ғой, көрген қорлық, зомбылықтары ма, баласыз, ұрпақсыз өтіп бара жатқанының уайымы ма, әлде, әскерге кетіп, оралмай жатқан бауырларына деген сағынышы немесе қара қағаз келгендерді жоқтауы ма, кім білсін! Көңілін бөлмеңдер! Жақындап барып у-шу боп, алаңдатпаңдар! Тұйық адам ғой! Сыбызғы үнімен өзі де көз жасына ие бола алмай, егіліп жатқан болар! Бармаңдар! – деп бізге жекіріп, сескентетін.
Сәби Құрманғазының, Кененнің қой бағып жүріп, домбырасын тастамауы, жыланның да, құстардың да, барлық жануарлардың да музыка үніне арбалуы, гүлдердің де дыбыс пен сазға “құлақ асуы” бәрі музыканың баурап алатын үндік қасиетінің тілмен теңеуге келмейтін киелілігі.
Қазақ халқының бай ән, күй, би әуендерінің айшықты құрылым, құрылысына таңғалып, таңдана отырып, ләззатқа кенеліп, нотамен өрнектеп, қағаз бетіне түсірген сайын құмарлана түсіп, шаршағанын ұмытып, әнші, жыршы, күйші, бақсылардың өздері келгендері бар, келмегендерін іздеп жүріп, Қазақ елінің әр өңірінің біраз жерлерін тынымсыз, қысы-жазы, бірнеше жыл бойы көлікпен, кейде көліксіз аралаған Александр Викторович Затаевич Орынборға оқу іздеп барып, жолы болмаған шебер қобызшы, бақсы, емші, әнші Зәкәрия Кәрібаевпен 1922 жылы кездесіп, бес ән, күй әуендері мен сарындарын нотаға түсіріп, оның ерекше назарына ілігеді.
Торғай өңіріне аты мәлім, қобызда шебер орындаушы Зәкәрия Кәрібаев туралы бұрын-соңды жазылып жүрген аз-мұз деректерді толықтыру мақсатында оның көзін көрген екі-үш тұстастарының әңгімелерін қағазға түсіру барысында, Торғай өңіріндегі әнші, күйші-домбырашы, қобызшылардан күтпеген тың деректерді кезіктіріп, әңгіменің шеңбері кеңи түсті.
“Қазақ бақсы-балгерлері” кітабында бейнеленген бір әңгімеге Қорқыттың қобызы желі болған. Қорқыттың сарынын мирас еткен руы бағаналы, Жыланшық өзені, Торғай мен Сыр суының арасында өмір сүрген Қойлыбай, оның шәкірті, руы лақ, әнші, күйші, көріпкелділігі ұстаздарынан кем емес Тілептің қобызы бірнеше буыннан кейін Райымбекте болып, қазіргі уақытта Арқалық қаласында.
Тілеп Аспантайұлының музыкалық мұраларын қазіргі заман ағымына лайықтап, өңдеп, оларды елімізде, елімізден де тысқары жерлерге насихаттап жүрген жігерлі, дарынды орындаушы қобызшылардың шағын тобының жетекшісі, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы Әлқуат Қазақбаевтың зерттеп, қазақтың күй шежіресіне енгізген өнерпаз баламыздың бұл ерен еңбегі – музыка, өнерсүйер қауымның назарында. Торғай өңірінің перзенті, Тілеп Аспантайұлының ұрпағы, республикаға Атымтай жомарттығымен кеңінен таныс, өнердің қай саласына да жанашырлық қамқорлығымен ел-жұрттың батасына кенеліп жүрген Сапар Ысқақовтың бастамасын қостап, “Мәдени мұрамыздың” қорының молаюына үлес қосушылардың қатарларының көбейе түсуін қалаймыз. Әлқуат Қазақбаевтың келешектегі ізденістеріне сілтеме ретінде көтеріліп отырған бұл әңгімеге қосарымыз: Торғай өңірінде өмір сүрген жоғарыда аты аталған А.В.Затаевичке ән, күй, сарындарын нотаға түсірткен Зәкәрия Кәрібаевты, онымен тұстас болған Хамидолла, Қазыбек, Зұлқарнай сияқты қобызшы, күйші, бақсылардың өздерін көріп, өнерлерін тыңдаған аз-мұз куәлардың нақты да деректі әңгімелері былайша өрбиді.
– Зәкәрия ағай тағдыры аянышты, – деп бастады 88 жастағы Майдан апай. Оның да руы мерген. Кеңес елі белсенділері қудалап, қобызын күйттей алмай, өзі де, қобыздың киелілігі және бақсылығы үшін де жаңа үкіметтен талай таяқ жеп, 1968 жылы қайтыс болды. Басқарма болған. Менімен шамалас қызы болатын, Торғай селосы орталығында. Араласпаған соң оның тағдырынан хабарсызбын. Қобызы иесіз, қайда қалғанынан хабарым жоқ.
Бала кезімізде он жылдық мектептің соңғы сыныптарында жүргенде Нұрхан Ахметбековтің театрына қатыстық. Ән айттық, би биледік.
Мен Алматыға оқуға кеттім, сонда жүріп, 1943 жылы әскерден келген Әнес Бөлебайұлына ерге шығып, тегін оқуды тастап кеттік қой...
– Шайкенов Хамидолла туралы не білесіз?
– Хамидолланың руы аю ғой. Менің шешемнің немере інісі Хамидолла нағашымның Абыз, Қобыз, Абат деген балалары болды. Назаланып, бірдеңеге ашуланса (сабырлылық, ұстамдылық, төзімділігінен шеткері шығатын жағдайда ғана) оң қолын сілтеген жақтағы мал, адам жазым болып, жер үйдің қабырғасы қақ бөлініп, киіз үйдің туырлығы тесіліп қалатынын көзіміз көрді. Менің күйеуім Бөлебайұлы Әнес Хамидолланың шешесінің інісі. Әнес Сырбай Мәуленовтің жақын туысы ғой. Хамидоллаға әкесі оның бала кезінде өз қолымен қобыз істеп беріпті. Ол қобызын кеңес өкіметі белсенділерінің қыспағынан бір жерге көміп, соңынан таба алмапты. Екінші қобызының алғашқыдағыдай сапалы еместігіне налығанын талай естідік.
Жаңа үкіметтің шаш ал десе, бас алатын белсенділері қобыз тартқандарды әсіресе арқасы бар бақсыларды қудалай бастағанда Жаппас еліне барып, бақсылық құрғанын айтып отыратын. Елін, жерін сағынғанда бауыры Егізбайдың бөркін шаңырақтан түсіріп, иіскеп, сағынышын басады екен...
Зәкәрияны көзі көріп, араласқан және ол туралы жазғандардың бірі Данагүл апай Байқадамова еді. Музыкаға құмар, аурушаң Бақытжанның үйіне әжесі жыршы, термеші, күйші, әншілерді ретін тауып шақыртып, өнерлерін тамашалайды екен. Сондай шақырулардың реті бірде Зәкәрияға да келеді, бірақ оның бақсылығынан сескеніп, бұл араласуды сиретеді...
“Қазақ бақсы-балгерлері” кітабындағы И.Кастаньенің – “Қазақ наным-сенімдерінен” атты әңгімесінде: “Бақсы жан-жаққа қолын сілтеп отырады. Қай жаққа қолын сілтесе, сол жақта 5-10 қадам жерде тұрған заттар қылышпен жарылғандай боп кете береді. Киіз үйдің туырлығы тілініп,там (жер үй – Е.Қ.) үйдің қабырғасы қақ айырылады”, – деп жазуы, қазақ даласындағы бақсылардың тылсыммен тілдесе алатынын көрсетеді.
Өнерге, өнер иелеріне, орындаушыларға ашықтан-ашық жасалған қиянаттардан Құрманғазы да, Абай да, Біржан да, Ақан да, берідегі Ахмет те, Міржақып та зардап шеккенін ел біледі.
Музыка әуенімен науқастың бойындағы кеселдің бетін қайтару – тек Қазақ елінде ғана емес, басқа да ұлттарда болғаны, соның ішінде Орта Азия елдерінде кеңінен, көне заманнан бері ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келгені белгілі.
Бақсылықтың ғасырлар бойы Орта Азия, соның ішінде қазақ халқымен жасасып келе жатқан, тылсыммен тілдесе алар ұлттық болмысына тән құбылыс екені белгілі. Бақсының бойындағы рухани күш беруші, әзәзілді аластаушы, ажалдан арашалап қалатын емші, ертеңіңді болжаушы, бұлт шақырып, жауын жаудыратын күш иесі, көңілді әуенмен арбайтын сыршыл әуезші, көз алдында ғажайыптар жасайтын сиқыршы екенін данышпан Абай, Шоқан, берідегі Жамбыл аталарымыз мойындағандарына деректер жеткілікті. Қазіргі ағымда ең болмаса музыка әуенінің тылсым күшін серік еткен Қорқыт, Қойлыбайды мойындамасақ та, Зәкәрия, Хамидолла, Райымбек, Қазыбек, Тілептің ұрпағы Сапар Ысқақовтай ұрпақтары, А.В.Затаевичті таңғалдырған Зәкәрия немесе оған кездесе алмаған Хамидолла, Зұлқарнайлардың оралмасқа кеткен қазыналарын жандандырамын деген жастарға осы әңгіменің негізгі түйіні аманат.
Еркін ҚОЖАХМЕТҰЛЫ, өнертанушы.
Арқалық қаласы.