• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Сәуір, 2015

Индустрияландыру игілігі

239 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев өңірге жұмыс сапарының екінші күнін Ақтөбе рельс арқалығы зауытының  жұмысымен танысудан бастады.  «Сабақты ине сәтімен» дегендей, Елбасының  осы зауытқа соғып, кәсіпорын жұмысшыларымен кездесуінің өзіндік реті бар еді. Өткен жылы  Жалпыұлттық телекөпір кезінде  Елбасы «2020 жылға дейінгі мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарламасы» аясында   салынған зауыттың іске қосу-реттеу жұмысын бастауға пәрмен берген болатын.  Орталық Азия елдерінде теңдесі жоқ бірегей кәсіпорынның жалпы аумағы 57 гектарды құрайды. Зауытта үш негізгі және 17 қосымша цехтар жұмыс істейтін болады. Екі жылдан астам уақытта бой көтерген ірі кәсіпорын өңірдің экономикалық қуаттылығын арттыра түспек. Жобаның құны – 76,6 миллиард теңге. Кәсіпорынның іске қосылу-реттеу жұмыстары аяқталып келеді. Зауыт үстіміздегі жылдың ортасында толықтай пайдалануға берілмек. Жылына 430 тонна өнім өндіреді, оның 200 мың тоннаға жуығы теміржол рельсі, қалған 230 мың тоннасы бір қалыпта құйылған прокат (швеллер, арқалықтар, қырлы бұрыш темірлер, арнаулы профильдер) болып табылады. Кәсіпорын шығаратын рельс­тер, басқа да өнімдер Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей нарықтарына шығарылады. Сонымен қатар, Грузия, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Иран мемлекеттерінің нарықтарының сұраныстары да қарастырылуда. Бұл зауытта инновациялық термотөзімді, жоғары сапалы рельстің ұзындығы 25-120 метр етіп құйылады. Өнім жоғары жылдамдықпен және қозғалысы көп желілерге қолданылатын болады. Рельстің ұзын болуы мұндағы дәнекерлеу арқылы жалғау жұмыстарын азайтады әрі қауіпсіздікті күшейтеді. Тағы бір ерекшелігі – зауыт шығарған өнім жылжымалы құрамның жылдамдықты арттыруына ықпал етеді. Қазірдің өзінде «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-пен он жылға өнім жеткізуге келісім жасалған. Зауыт жұмысшылары мен темір­жол­шылар Елбасын асқан көтеріңкі көңіл күйде қарсы алды. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Ақтөбе облысының даму қарқыны жалпы еліміздің жүйелі аяқ алысына сай екенін атап өтті. – Өңірдің дамуына соңғы жылдары 500 миллиард теңгеден астам қа­ра­жат жұмсалды, 500 мың шаршы метр бас­пана пайдалануға беріліп, 5 мектеп, 2 балабақша салынды. Сәбилердің 90 пайы­зының балабақшаларға баруы өте маңыз­ды. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында жолдар, әуежайлар салынатын болады. Бүкіл қазақстандықтар жұмыспен қамтылады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Орталық Азиядағы ірі әрі бірегей кәсіпорын облыс экономикасын нығайтуға зор үлес қосатынын айтты. Сондай-ақ, бірегей зауытты еліміздегі индустрияландыру саяса­тының үздік үлгісі ретінде бағалады. – Зауыт индустриялық-инно­ва­ция­лық даму бағдарламасының озық жоба­ларының бірі саналады. Ол «Сименс» компаниясының заманауи құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Құрылыс кезінде 1000 адам жұмыс істеді, енді 760 адам жұмысқа орналасады. Әр адамға шаққандағы өнімділік 80 мың долларды құрайды. Бұл – біздің еліміз үшін жоғары өнімділік. Мұндай кәсіпорын Қазақстанда бұрын болмаған, оның шығаратын өнімі де жаңа. Бұрын біз рельсті сырттан сатып алатынбыз, енді ішкі нарықтың сұранысын өтеп қана қоймай, экспортқа да шығара аламыз. Сонымен қатар, мұнда құрылысқа қажетті нәрселердің бәрі өндірілетін болады, – деді Мемлекет басшысы. Кездесуде сөз алған Қазақстан теміржолының ардагері Тыныштықбай Әуесбаев алдымен Елбасына арайлы Ақтөбе өңіріне қош келдіңіз деп алып, тәуелсіздік жылдары ғаламат істер атқарылғанын, 2500 шақырым теміржол салынғанын, осы заманғы электровоздар, тепловоздар, жүк және жолаушы вагондарын құрастырып шығаруға қол жеткізілгенін, еліміздің Еура­зиядағы логистикалық-тран­зиттік орталыққа айналғанын мем­лекеттің ұтымды саясатымен сабақтастырды. Жас маман Серік Бимағамбетов зауыт жұмысшыларының 70 пайызы жас­тар екенін, кәсіпорынды әлемдегі үздіктер қатарына шығаруға үлес қосатындарын жеткізді. – Мен қатардағы инженерден осындай бірегей кәсіпорынның директорлығына дейінгі еңбек жолынан өттім. Бұл бәрі­мізді іргелі істерге құлшындырады, – де­ді «Ақтөбе рельс арқалығы зауыты» ЖШС-нің бас директоры Андрей Кузь­мин. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев зауыт құрылысына атсалысқан барлық ма­ман­дарға алғыс айтып, жұмыстың тезірек бас­талуын және бұдан әрі де табысты болуын тіледі. Президент «Ақтөбе-ор­талық» ЖШС-нің көлік-логис­тика орталығында болды. Мұнда Мемлекет басшысын орталықтың жұмысымен облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев таныстырды, онда сақталатын өнім түрлері көрсетілді. Орталықтың қуаты 17 мыңнан астам пал­ле­торынға лайықталған. Оның аумағы – 4,7 гектарды, қойма­ларының алаңы 12 400 шаршы метрді құрайды. Нұрсұлтан Назарбаев агро­өнеркәсіп кешені мен бизнестің өзге де салалары өкілдерімен әң­гімелесіп, облыстың ор­нықты эко­но­микалық дамуын қамта­масыз етудің маңыздылығына тоқталды. – Мемлекет тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіп келеді. Қазақстан нарықтық экономикалы ел болғандықтан, біз отандық өнімдердің жартысын бизнес өндіргенін басты мақсат етіп отырмыз. Бұл үшін қажетті барлық жағдай жасалған. Несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесі субсидияланады, «Бизнестің жол картасы-2020» арнаулы бағдарламасы жұмыс істейді, негізсіз тексерулер тоқтатылды. Кәсіпорындарды тіркеу үдерісі жеңілдетілді. Мемлекет енді сіздердің тарап­тарыңыздан өнім көлемін ұл­ғайтуды, жұмыс орындарын ашуды, салық төлемдерін, сондай-ақ, бәсекеге қабілетті өнім жасау­ды және жаңа технологияларға инвестиция салуды күтеді, – деді Қазақстан Президенті. «Қазақстанда жасалған» бренді бойынша азық-түлік өнімдерінің көрмесімен танысу барысында облыстың агроөнеркәсіп саласының даму бағыттары баяндалды. «Степное» ЖШС құрылтайшысы Аманғос Төлеуов пен «Ардағым» шаруа қожалығының басшысы Қали Исмайлов бекіре тұқымдас балықты тоғанда өсіру туралы әңгімеледі. Елбасы облысқа сапарының соңында «GituShopingGenter» сау­да кешенінің жаңа ғимаратын аралап көрді. Сауда кешені жайында жоба құрылтайшысы, «Дастан» ЖШС-нің басшысы Асхат Айтжанов хабардар етті. Аумағы 8 мың шаршы метрді құрайтын жобаға көлемі 2,5 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған. Мұнда жаңадан 500 жұмыс орны ашылады. Үш қабатты сауда кешенінде лифт, эскалатор, пандустар, сондай-ақ, тез төлем жасайтын банкоматтар мен терминалдар орнату үшін Cash-room қарастырылған. Үшінші қабатта 200 орындық мейрамхана бар. Президент осы жерде өңірдің бір топ кәсіпкерімен әңгімелесті. Елбасы әңгіме барысында шағын және орта бизнесті дамыту елдің экономикалық әл-ауқатының өзегі екеніне тоқталды. Нұрсұлтан Әбішұлы қазір Қазақстан экономикасының 30 пайызын кәсіпкерлік беріп отырғанын, бұл көрсеткішті 2025 жылға дейін 50 пайызға жеткізу керек екенін атап өтті. Ол, сондай-ақ, жиналғандарға ойға алған жос­парларын жүзеге асыруда табыс тіледі. Өңірлік кәсіпкерлер пала­тасының директоры Төлеміс Шотанов кәсіпкерлер пала­та­сының құрылуы бизнестің дамуына ықпал етіп отырғанын атап өтті, «Қазкоммерцбанк» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Дания Есбаева «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының қайтарымды болғанын жеткізді. Кездесуде сөз алған қалған кәсіп­керлер де Елбасына шағын және орта бизнесті дамы­ту­ға қолдау көрсетіп, кәсіпкер­лікке кедер­гілерді жоюға бағыт­талған бас­тамалары үшін ризашы­лықтарын білдірді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.