Қазақ салт-дәстүрге бай халық. Соның бірі – келін келгенде “Беташар” айту. Бірден айтайық, беташар бұл ізгілік пен ибалық, имандылық белгісі десек, салт-дәстүр бойынша беташарды сал-серілердің бірі айтып, келінге ең жақын немесе сол елдің сыйлы адамдарын ғана таныстырып, иіліп сәлем бергізеді. Соңында келіннің бетін ашады. Осының өзінде үлкен имандылық, жаңа түскен жас келінге деген ізет жатыр. Алайда, бүгінде осы беташардың мағынасы өзгеріп кетті. Олай дейтінім, беташар айтушылар ортаға ақша салынатын табақ толсын дей ме, әлде аты аталмаған құда-құдағи, алыс-жақын туыс ренжіп қалар дегендіктен бе, әйтеуір бәрінің аты-жөнін тізбелеп шығады. Ең сорақысы сол, аты аталған адамның бәрі ортаға қойған табаққа ақша салады. Бұл қайдан шыққан дәстүр? Беташар айтушылардың бірі Болат Қамзин деген азамат өз ойын былайша сабақтаған.
– Осыдан жиырма жыл бұрын қолыма қара домбыраны алып, тұңғыш рет беташар айттым. Той иесі ырым етіп бір жейде кигізді. Ол кезде табақ ұстап, ақша салу деген мүлде жоқ болатын. Меніңше бұл басқа ұлттан келген дәстүр. Табаққа түскен ақшаны бөлісе алмай таласқан әйелдерді қаншама рет көзім де көрді – дейді ол.
Енді Сейіт Кенжеахметұлының “Жеті қазына” кітабына үңілсек, онда беташарға былай анықтама беріліпті. “Жаңа түскен келінді беташар дәстүрі жасалмай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдейі беташар жасалады. Оған тойға жиналған туыс-туғандар тегіс қатысады. Мұнда “Беташар” жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, басқа туыстары таныстырылып, келін оларға сәлем жасайды. Сәлем жасаған адамдар көрімдік береді. Бет ашатын жігіт ән-жырды желдірте, көңілді жыр төгуі керек. Келін келді, көріңіз, Көрімдігін беріңіз, Анау, мынау демеңіз. Түсін айтып қойыңыз, – деп бастаған әнші жігіт жас келіннің аталған жақындарына лайық әзіл-қалжыңдарын араластыра көрімдік сұрап, жұртты көңілді күлкіге қарық қылады. Беташар тойдың басы әрі сәні, жас келіннің жаңа өмірге бет алғанын білдіретін қызықты, салтанатты жақсы дәстүрлердің бірі”. Өзіңіз көріп отырсыз, мұнда да ортаға табақ қойылып, оған ақша салынады деп жазылмапты. Ендеше, бұл қайдан шыққан әдет?! Өкінішке орай, біздің қазақта мұндай дәстүр жоқ еді ғой деп жұртқа өнеге айтып жатқан тағы ешкім жоқ. Қайта осы ортаға ақша салу кезінде “Өзінде бармен көзге ұрып” көрініп қалғысы келетіндер де бой көрсете бастаған сияқты. Өткенде бір тойда ауқатты адамның “мен табаққа мың доллар тастаймын” деп еліргенін де көзіміз көрді. Егер жастарға сый-сияпат жасау керек болса, табаққа тастаймын демей-ақ, оны жастарды құттықтағанда атап бергені жөн емес пе? Жұрт алдында, жаңа түскен келін алдында байлығыңды көрсетудің қажеті қанша?! “Қайнаға иманды болмай, келін ибалы болмайды” деген қазақтың сөзін ұмытпайық.
Раушан НҰҒЫМАНБЕКОВА.