• RUB:
    5.48
  • USD:
    474.09
  • EUR:
    514.01
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2010

АЗИАДА

810 рет
көрсетілді

Келесі жылдың басында елімізде тұңғыш рет қысқы Азия ойындары өтетіні белгілі. Бұл соңғы үш ғасырдан бері ата-бабамыз армандаған тәуелсіздікті алған еліміз үшін, кейінгі 20 жылда халықаралық сахнада өзге елдермен терезесі тең болған Қазақстан үшін зор мәртебелі оқиға болатыны сөзсіз. “Тойдың болғанынан боладысы қызық” демекші, қазір Азия елдері арасында дәстүрге айналған осынау байрақты бәсекені өткізу үшін Ұлы дала елі оған жан-жақты дайындалып жатыр. Дегенмен, соған қарамастан осы күндері Азиаданы тиісті деңгейде өткізу үшін атқарылып жатқан қыруар жұмыстарға күмән келтірушілердің, сырттан сын айтушылардың ара-тұра төбе көрсетіп қоятыны жасырын емес. Сол себептен жақында біз “2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ-тың бірінші вице-президенті Әйбек ҚАПАҚОВПЕН кездесіп, еліміздің қысқы ойындарға дайындығы жөнінде әңгімелесуді жөн көріп едік. – Қазір елімізде маңызды мәселелердің бірі – қысқы Азия ойындарын лайықты өткізу мәселесі болып отыр ғой. Енді бір жарты жылдан кейін көптен бері күткен жарыстар өтеді. Уақыт болса, айналасына қарамай жылжып барады. Жарты жылда ойындарға толығымен дайын боламыз деп ойлайсыз ба? – Негізінен, бұл додаға дайындық осыдан бірнеше жыл бұрын-ақ басталып кеткен. Қазір Астана мен Алматыдағы ойындарды өткізетін спорт нысандарының құрылысы, ондағы қайта қалпына келтіру жұмыстары бітуге жақын қалды. Бұл жарыс Қазақстан үшін, әлі осы кезге дейін Азия ойындарын өткізбеген ел үшін аса маңызды шара болатыны сөзсіз. Ол тек спорттық емес, саяси жағынан да маңызды жарыс болады. – Дегенмен, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретін, өздерінің қолдарынан іс келмесе де сын айтуға шебер кейбір белсенділердің Азия ойындарының тиісті деңгейде өтуіне күмән келтіріп жатқандары жасырын емес. Осыған не дейсіз? – Кейде, шын айтайын, көлденең көк аттылардың атқарып жатқан қыруар жұмыстың мән-жайын білмей сын айтатындары қынжылтады. Өздеріңіз қа­раңыздаршы, Астана мен Алматыда бұған дейін осындай ірі жарыстарға дайындық жұмыстары жүргізілді ме? Жүргізілген жоқ қой. Қазір осы екі қалада бұған дейін болмаған алып спорт нысандары салынуда. Елордада коньки тебу стадионы, велотрек салынып жатыр. Ал Елбасының өзі қадасын қаққан “Қазақстан” спорт кешені қайта күрделі жөндеуден өтуде. Алматыда қаланың әсем табиғатымен үйлесіп, шаңғымен тұғырдан секіру халықаралық ке­шені мен Талғар ауданының Солдат сай шатқалында шаңғы және биатлон стадиондары бой көтеруде. Бұлар алдағы уақытта еліміздегі ғана емес, дүниежүзілік деңгейдегі алып спорттық кешен­дер болады. Сонымен бірге “Шым­бұлақ” спорттық базасы мен “Ме­деу” мұз айдыны Азия ойын­да­рының арқасында күрделі жөнд­еу­ден өтіп жатыр. Осылардың құ­рылысы биылғы жылдың төртінші тоқсанында бітеді. – Спорт ғимараттары әлемдік талаптарға сай келе ме? Осы жағын кеңірек айтып берсеңіз? – Әрине, жұмыс істеген адам ғана қателесетіні белгілі. Шынын айтқанда кейбір жерде құрылыс барысындағы кемшіліктер де кез­десіп жатады. Бірақ шешілмейтін мәселе жоқ қой. Қазір біз Елба­сы­ның сындарлы саясаты мен тікелей қолдауының арқасында спорт нысандарын халықаралық талап­тарға сай етіп, тез арада бітіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Мұнда күрделі спорт нысандарының жобалар жұмысына француз сәулетшісі Поль Андре мен халықаралық Олимпиада комитетінің мамандары тартылып отыр. Сонымен бірге Астанадағы коньки тебу стадионының құрылысына Түркияның “Sembol”, Голландияның “Baukens” компаниялары бірігіп жұмыс істеуге шақырылды. Шаңғы және биатлон стадионда­рының жобалау жұмысына Швейцарияның беделді компанияларының бірі “J.de Heer Consultіng” тартылды. Қазіргі кезде К-95 және К-125 шаңғымен тұғырдан секіру халықаралық кешендердің жобалау ісіне де неміс және француз компаниялары атсалысуда. Қысқасы, қысқы Азиада өтетін барлық нысандардың материалдық базасына Голландия, Германия және Финляндия елдері компаниялары жасаған осы заманғы құрал-жабдықтар мен технологиялар пайдалануда. – Сіздердің баспасөз қызметтеріңіз келтірген деректерге қарағанда Азиадаға көптеген мұсылман мемлекеттері де келеді екен. Олардың ас-суы шариғатқа да сай болуы керек қой. Осы мәселе бойынша қандай жұмыстар істелінуде? – Шынында да Азия құрлығындағы 45 мемле­кеттің денін ислам елдері құрайды. Олардың арасында ислам діні қағидаларын ұстанып, бес рет намазға жығылып жүрген елдер қаншама. Осының бәрін біз ескеріп отырмыз. Қазір барлық қонақүйлерде дін жолында жүргендерге ыңғайлы болу үшін дәрет алып, намаз оқитын, демалатын арнайы бөлмелер қарас­тырылып отыр. Ал ас-су мәселесіне келсек, Қазақстанда өзіңізге белгілі халал индустриясы жылдан жылға жақсы дамып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, біздің елімізде осы бағытта 500-ге тарта тауар өндірушілер еңбек етуде. Азия ойындары кезінде олардың бәрі міндетті түрде қызмет көрсетеді. Қысқасы, мұсылман елдеріне біз Қазақстанның да ислам жолын ұстанған мемлекет екенін көрсетуге бәрін жасайтын боламыз. – Шетелдер дегеннен шығады, қысқы Азиадада оларға еліміздің тарихи, мәдени, этнографиялық ерекшеліктері қалай көрсетілетін болады? Осы бағытта қандай ізденістер, жұмыстар істелінуде? – Азия ойындарын өткізуші ел Қазақстан болғаннан кейін біз жарыстың салтанатты ашылуы мен жабылу рәсімдерінде міндетті түрле кең байтақ даланың тарихы, көшпенді қазақ елінің салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарынан сыр шертетін сахналандырылған көріністер болатыны сөзсіз. Өздеріңізге белгілі, қай ел болсын спорт жарыстарын қабылдаған кезде өз елінің ұлттық болмысын, ерекшелігін, нақышына келтіріп көрсеткісі келеді ғой. Біздің ел де осылай жасағысы келеді. Шынын айтқанда, осындай жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізу кез-келген елдің қолынан келе бермейді. Сол себептен осындай мүмкіндікке ие болған қандайда бір ел өзін жарыс кезінде бүкіл әлемге танытқысы келетіні сөзсіз. – Астана мен Алматыны Азиада қарсаңында безендірген кезде ұлттық нақыштарымыз ескеріле ме? – Әрине, ойындар қарсаңында тек Астана мен Алматы емес, барлық облыс орталықтары ұлттық нақышта безендірілетін болады. Барлық жерде ұлттық ою-өрнектерге ұрандар жазылып, билбордтар ілінеді. Осының бәрі еліміздің ұлттық болмысын бүкіл әлемге таныту үшін керек нәрсе. – Жалпы, Азиадаға қанша елдің өкілдері келеді деп отырсыздар? 1986 жылдан бері өткізіліп келе жатқан ойындарға жылдан жылға қатысатын елдердің саны көбейіп жатыр ғой. – Әзірге қанша елдің спортшылары, делегациясы келетіні пысықталу үстінде. Ол бір айдан кейін белгілі болады. Ал спортшылар жарыстардың бағдарламасына сәйкес спорттың 11 түрі бойынша 69 медаль жиынтығын сарапқа салады. Яғни, 69 рет жарыс өтеді деген сөз. Оның 25-і Астанада, 44-і Алматыда болады. – Біздің ел спорттың қай түрінен жүлделі орындарға үмітті. Көп жерде Қазақстан екінші орын алу үшін барын салады делініп жатыр ғой. – Біздің ел спорттың 11 түрі бойынша 169 саңлақты жарысқа қатыстырады. Олар енді Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты елдермен жүлделі орындар үшін барын салады ғой деп отырмыз. Жалпы айтқанда біз биатлон, шаңғы, коньки, ерлер және әйелдер арасын­дағы шайбалық хоккейден, шаңғымен бағдарлау мен допты хоккейден ешкімге есе жібермейтінімізді айтқым келеді. – Қандай да бір жарыстың жоғары деңгейде өтуі әр елдің делегациясындағы жауапты қызметкерлерге де байланысты ғой. Солар арқылы алаң иелері туралы пікір қалыптасады, оны шетелдіктер өз елдеріне барғаннан кейін тағы айтатыны белгілі. Қазір бізде Азия ойындарына еріктілер, аудармашылар дайындау мәселесі қалай жүріп жатыр? – Осы ойындарға шетелден 10 мыңнан астам турист пен жарысқа тікелей қатысы бар 5 мыңға жуық қонақтар келеді делінуде. Меймандар ішінде 1500-ге тарта спортшылар, 500-ден астам бапкерлер мен 1000-ға жуық алыс және жақын шетел журналистері бар. Қазір олардың бәрін орналастыру, қарсы алу, тамақтан­дыру, көлікпен жүріп-тұру мәселесі толығымен шешіліп қойған. Бұларға қызмет көрсету үшін 3 мың­нан астам еріктілер тартылады. Олардың көбі жоғары оқу орындарында шет тілін меңгеріп жүрген студенттер болады. Бүгінде бұлардың қатары күн сайын толығып жатыр. Аудармашылар мәселесі де шешіліп қойылған. – Азиада өз елімізде өтіп жатқаннан кейін комментаторлар дайындау мәселесі де маңызды жұмыс қой. Бұл мәселе алдын ала шешілмесе ертең ойындар жақындаған кезде оларды іздестіру қиынға соғады емес пе? Осы жөнінде не айтар едіңіз? – Қазақстанда бұған дейін мұндай дәрежедегі жарыстар өткізілмеген ғой. Сондықтан қазір бізге мемлекеттік тілде, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізетін комментаторлар өте керек. Осы мәселені шешу үшін біз шетелдік мамандармен келіссөз жүргізіп, олардан тәжірибе алудамыз. Қазақ тіліндегі хабарды әрине өзіміз жүргіземіз. Ал ойындарды әлемге тарату құқығы көпжылдық тәжірибесі бар шетелдік компанияға берілді. Дикторлар мен комментаторларды солар дайындайтын болады. Ал біз оларға тек қолдан келгенше жағдай жасаймыз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.