Талдықорғанда Парламент депутаты Серік Үмбетовтің «Ой иірімдері» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Оны Алматы облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Ахмет Кендірбекұлы ашып, жүргізіп отырды.
Қалыптасқан дәстүр бойынша, өңірдегі аға буын өкілдері кезектесе аталған кітап туралы өзіндік ой-пікірлерін айтып, кітапқа жақсы бағаларын берді. Әрине, күні кеше Серік Үмбетовпен қызметтес болып, тәлімді ісін, ең бастысы, қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрып сынды құндылықтарды берік ұстанатындығын көздері көріп, өнеге алған жандар жүрекжарды лебіздерін жарыса ағытты. Сөйтіп, дөңгелек үстел отырысында атпал азаматтың адами асыл қасиеттері мен өмірдің өзінен ойып алып, сараптап, саралап қағазға түсірген еңбегі тең өрілді. Ол – заңды құбылыс. Олай болатыны кітаптың авторы Серік Үмбетов есімінің астына «Ой иірімдері» деген кітап атауының қойылуы өте лайықты һәм жарасымды. Себебін дәлелдеп жатудың өзі артық.
Алты тараудан тұратын кітаптағы әр тақырыптың астында жетелі ой жатқанын, ретіне орай мектеп оқушылары мен студенттерді ұлттық рухта тәрбиелеуге бастау болатындығын да сөйлегендер жеткізе айта білді. Бұл кітаптың тағы бір артықшылығы – деректерінің нақтылығы. Оны кітапсүйер қауым автордың қандай жағдайда болсын көкейіне дөп келген сөзді сол заматында қойын дәптеріне түсіріп алатындығымен растады. Біле-білсек, бұл да үлгі тұтар ұқыптылық екені анық. Өмірден көргені мен түйгенінің молдығының тағы бір айғағы.
Сонымен, дөңгелек үстел отырысын Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев Төле бидің Ескелді биге ұлттық ұлағат тұрғысында берген батасымен байланыстыра келіп, сөзін: «Бұл кітап күнделікті өмірге, әсіресе, идеологияға керек туынды екен. Осы кітап арқылы Серік Әбікенұлын тереңірек тани түстім», деп түйіндеді.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
ТАЛДЫҚОРҒАН.