ОРАЛ. 12 ақпан. Соңғы кезде Батыс Қазақстан облысы аумағындағы шекара бекеттерінің қызметіне шағым айтушылар көбейіп кетті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Айталық Ресей тарапынан кезек мүлдем аз. Тіпті жоқ десе де болғандай. Әрі сапарға шығушылардың шекара бекетінен өту уақыты он бес минуттан аспайды. Ал Қазақстан жағынан адамдардың әрі-бері өтуі үшін жеті-сегіз сағатқа дейін сарылып күтуіне тура келеді. Мұндай көрініс әсіресе Ресейдің Самара қаласы бағытындағы «Сырым» шекара бекетінде жиі орын алуда. Алдыңғы жылмен салыстырғанда Ресей бағытына сапарлаушылар саны қырық пайызға ұлғайған кезде бұл мәселені шұғыл түрде реттеу қажет.
Осы арада айта кетерлік мәселе, өңір аумағында №2029 әскери бөлім қызмет жасайды. Оның құрамына жеті шекара бекеті кіреді. Шекара – елдің айнасы. Солай болғандықтан да мұндағы жеке құрамның қазіргі сылбыр қызметін шұғыл ширатып, қажетті ұйымдастыру жұмыстарын жүргізсе, көлік иелерінің сағаттар бойы кезекте тұру көріністері азаяр ма еді?
Рас, жоғарыда аталған әскери бөлім командирі Бауыржан Рысбековтың мәлімдеуінше, Ресей тарапынан қозғалыс алты жолақты. Сондықтан олардың өткізу қабілеті де жоғары. Қазақстандық бөлікте де шекарадан өткізу инфрақұрылымы Ресейден артық болмаса кем емес бекеттер бар. Алайда бәрібір мұнда да кезек аз емес. Бұл орайда мұны мүмкіндік бола тұра қолдан жасалған қырсыздық демеске лаж жоқ.
Ең бастысы бүгінде шекара қызметін оңтайлы түрде жолға қою ісі кезек күттірмейді. Бүгінгі кезде – уақыт аса қымбат қоғамдық құндылық қатарына кіреді.Жеке адамдар ғана емес, шекаралық өңірлер арасында тауарлар мен жүк тасымалдаушылар да уақыттан ұтылмауы аса маңызды. Бұл арада артық талап қойылып отырған жоқ. Бәрі де тиісті заңдылықтар аясында жүйелі түрде жолға қойылғаны жөн демекпіз.
Темір Құсайын.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: panoramio.com.