АСТАНА. 12 наурыз. Футболдан 2018 жылы Ресейде өтетін чемпионаттың жалауы көтерілуіне үш жарым жылдай қалған уақытта жанжал шықты. Зимбабве құрама командасы осы біріншіліктің іріктеу турнирінен шығарып тасталды. Бұл туралы «Советский спорт» хабарлады.
«Зимбабве құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінен шығарылды», - делінген ФИФА-ның ресми сайтында жарияланған мәліметте. Бұл Зимбабве футбол ассоциациясының бразилиялық жаттықтырушы Жозе Клаудинья Жоржини алдындағы жалақы қарыздарын белгіленген мерзімге дейін өтемегендігі үшін берілген жаза екені де белгілі болып отыр.
Ендігі әлем чемпионаты 2018 жылғы 14 маусымнан 15 шілдеге дейін Ресейде өтеді. Бүгін Азия аймағында іріктеу турнирінің алғашқы матчтары ойналады.
Дамир Қожамқұл.
Дерек, сурет: «Советский спорт».