• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Наурыз, 2015

West point әскери академиясы

376 рет
көрсетілді

Оның тұңғыш қазақстандық кадеті Зерделі оқушы жерде қалмайды. Мұны білгендіктен аталарымыз бұрын да көп айтқан. Мәселен: «Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар», деп кезінде Ыбырай атамыз айтып кеткендей, өнер де, ерлік те, байлық та, елдік те осы бір шынайы білімде ғана екенін қазіргі жас­тарымыз бес саусақтай түсініп болды. Бұған көз жеткізерліктей елімізде асқан амалдар да жасалды. Әсіресе, тәуелсіздік алғалы бері еліміздің небір қиын да, алынбас белестерді еңсергені белгілі. Ал мұның бәрі Елбасымыздың сара саясатының жетістігі екені даусыз. Оның ішінде Президенттің тікелей араласуымен құрылған Назарбаев интеллектуалды мектептерінің көмегі, жастарға берер азығы теңдесіз екенін Қазақстан түгіл, әлем мойындап үлгерді. Оған дәлел көп. Соның бірі ретінде қазіргі күні АҚШ-тың Вест-Пойнт әскери академиясында оқып жатқан Батыс Қазақстан облысының тумасы Мақсат Нұғымановтың бірқатар жетістіктерін атар едік. Иә, Мақсат Нұғыманов Астана қаласындағы Назарбаев интеллектуалды мектебінің түлегі. Ол оны 2011 жылы ойдағыдай бітіріп шыққан. Содан үздік те, талантты жастың қадамы одан әрі ашылып сала берді. Дарынды бала АҚШ Конгресінің ұсынысы бойынша осы елдің үкіметі жыл сайын тағайындайтын 14 шетелдік гранттың біріне ие болды. Онда да анау-мынау емес, АҚШ-тың Нью-Йорк штатында орналасқан аты жер жаһанға кеңінен жайылған – Вест-Пойнт әскери академиясының курсанты атанды. Ал мұнда оқу үшін жоғарыда айтқанымыздай, өзіне берілген құқық шеңберінде Конгресс ғана АҚШ-тың мемлекеттік қазынасынан бір грантқа 450 мың доллар қаржы бөлуге келісімін береді екен. Бұл кез келген адамға оңайшылықпен қол жеткізе қоймайтын белес екені белгілі. Өйткені, АҚШ бұл грантты «мә ала қой» деп көктен тастай салмайды. Оны жеңіп алу қажет. Сөйтіп, ол жолдама көптің ортасында таласқа түсті. АҚШ-тың әлемге мәшһүр Вест-Пойнт әскери академиясының курсанты атануға кімнің ықыласы аумады дейсіз. Бәрі қызықты, армандады. Алайда, мықтылардың мықтысы ғана жарты миллионға жуық доллар тұратын грантқа қол жеткізе алады. Демек, солардың ішінен бірі де, бірегейі атануы үшін «сен тұр, мен атайын» дейтін ылғи сайыпқыран озықтармен сынға түсуі тиіс. Олай дейтініміз, мұнда тек Қазақстаннан ғана емес, әлемнің 50 елінен білек түріп келген небір білімділер мен сайдың тасындай іріктелген жас қырандар болды. Сондықтан жоғары әскери оқу орнына таңдау мен қабылдау өте қатаң халықаралық бәсекелестікте өтті. Іріктеу барысы үміткердің тек білім деңгейімен ғана анықталмағаны белгілі, мұнда ең бастысы адамның мықты денсаулығы мен күш-қуатының орасан және спорттың қандай да бір түрінен дәрежесі де болуы керек еді. Осы талаптардың барлық үрдісінен Мақсат бауырымыз табыла білген екен. Сөйтіп, өзгелерге алынбас қамалдай болып көрінген асуға еркін шығыпты. Әрине, мұндай биік белеске қазақстандық жастың батыл да, сәтті қадам жасай алуына, ең алдымен жоғарыда айтқанымыздай, оған Назарбаев интеллектуалды мектебінің көмегі зор болса, екіншіден, өзінің қайтпас-қайсар, тау­дай күш-жігерінің арқасында сыннан сүрінбей өтті. Ол өзі жастайынан спортпен барын сала айналысқан. Соның арқасында кекушенкай-каратэ бойынша қарсыласқанның қарымын қақырататын «қара белбеу» дәрежесіне қол жеткізді. Оның үстіне ол аталған мектепте үздік оқып қана қоймай, белгілі бір пәндер бойынша оза шауып, озық атанды. Оқушылар арасында физика, математика бойынша Кипрде өткен халықаралық олимпиаданың жүлдесіне ие болды. Зор дайындық арқасында өз күшімен осындай үлкен жетістіктерге жеткен ол әлем бойынша көптеген қатарластарының арасынан суырылып шығып, Назарбаев интеллектуалды мектебінің түлегі деген атты аспандата түсті. Иә, зерделі жас жерде қалмайды деп жо­ға­рыда айтып өткеніміздей, ең алдымен Назар­баев интеллектуалды мектебіне зерек жастардың қабылданатынына айрықша назар аудару қажет. О бастағы алғырлығымен дараланып оқыған да­рынды жас зымыран қуатындай жарылыс жасар білім жиып, айға аяқ басар деңгейге жетеді. Сондықтан бұл мектепті бітірген жастың қай-қайсысының болмасын әлеуеті зор болып шығады. Ендеше, туған Отаны ертеңгі күні қиянға қанат сермер қыранының топшысын қатайтып, бар жақсысын аузына тосқан азаматы ел үмітін сөзсіз ақтайтыны да анық. Жақында ол аз күндік демалысында елге келіп, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесті. Облыс әкімі Назарбаев интеллектуалды мектебінің зерделі түлегіне тілек білдірді. Міне, бүгінде Мақсат Нұғыманов аталған академияда ойдағыдай білім алып жатыр. Оны енді аяқтайтын уақыты да жақындап қалды. Құдай қаласа, үстіміздегі жылдың мамыр айында академияны бітірісімен оған әскери мамандықпен қатар, инженер-зерттеуші деген азаматтық мамандық та қоса беріледі. Сөйтіп, ол өзі қалаған бағытта алған білімін әрі қарай жүзеге асыра алады. Ал қазіргі уақытта мұндай мамандардың қазақстанда қат екендігі айтпаса да белгілі. Сондықтан озық елдердің үлгілі ілімі мен айтулы тәжірибесін алып, жақсысы мен пайдалысын ел ісіне жарата білсе, артық етпейді. Бұл айтқандарымыздың орындаларына сенім зор. Өйткені, мұхиттың арғы жағынан қандасымыз туралы келіп жатқан жетістіктер көңіл қуанта түседі. Таяуда ғана Мақсат Нұғыманов математика саласында көрсеткен керемет жетістіктері үшін оны Pi Vu Erpsilon яғни АҚШ құрметті математиктер қоғамы өз қатарына таңдап алған көрінеді. Бұл тағы бір мәрте біздің Елбасымыздың арқасында елімізде ашылған интеллектуалды мектептегі білім беру сапасының өте жоғары екендігін сөзсіз дәлелдей түседі. Ендеше, ел жастарының болашағы үшін жасалған игі істердің мұндай нақты нәтижесіне қалайша қуанбасқа дейміз. Ал енді Мақсат оқуды, яғни айтулы әскери академия­ны тәмамдаған соң еліміздің нағыз патриоты секілді туған Отаны – Қазақстанға оралмақшы. Сөйтіп, ана жақта алған орасан зор білім-ілімдері мен жинаған тәжірибесін ортаға салып, еліміздің болашақ жас қорғаушыларымен бөліспек. Бұған біз кәміл сенеміз. Өйткені, Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорк штатында орналасқан Вест-Пойнт әскери академиясының тұңғыш қазақстандық кадеті Мақсат Нұғымановтың ел үшін аянбай еңбек ететіндігі қазіргі жетістіктерінен-ақ айқын сезіліп, сенімділік ұялатады. Сөйтіп, әлемнің ең мықты деген елу елінің өкілдері бақ сынасып, бас қосып оқып жатқан АҚШ-тағы айтулы әскери академияның тұңғыш қазақ курсанты – қандасымыз Мақсатқа біз де ақ тілекті арнаймыз. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».