• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
02 Қыркүйек, 2015

Мейірім

409 рет
көрсетілді

Қазаққа келін, жар, ана болған Фрида әже 23 немере, 14 шөбере сүйіп отыр Үржар ауданында тұратын Фрида әжей Чарахметова (Гааг) 1934 жылы Украинаның Ворошиловград облысы Алексеевка ауданына қарасты Казаковка ауылында дүниеге келген. Тұлымшағы желбіреген сәби күнінде Қазақстанға жер аударылыпты. Оған дейін нағашыларымен бірге үлкен отбасында өмір сүрген. Нағашы атасы – он алты бала өсірген ауқатты жан болған екен. Әкесі Алексей жүгері алқабында жұмыс істеген. Анасы Кристина сиыр фермасының бастығы, сол кездегі сауатты әйелдердің бірі болыпты. – Үш жасқа келгенімде ата-анамды қудалау басталды. Әкемді жүгері алқабынан «немістерге қашпақ болдың» деген жаламен алып кетіп, «халық жауы» деп атып тастады. Үйдегі жұмысты жалшылар істейтін. Анамның шашы өте қалың және балтырына дейін ұзын еді, жалшылары жуып, үш бұрым етіп өріп беретін. Бір бұрымын арқасына жіберіп, қос бұрымын төбесіне әдемілеп жинап қоятын. Анам фермада жақсы қызмет атқарғаны үшін медаль мен мадақтама алуға Мәскеуге кеткенде, бақталастарының бірі сиырларды улап, анамды сол үшін абақтыға алып кетеді. 1941 жылы соғыс басталған уақытта соңғы рет көрдім. Анам сондай аянышты халде еді. Құшағына да ала алмады. Ұзын шашын тықырлап алып тастаған. Соғыс басталғаннан кейін барлық немістерді Қазақстанға жер аударды. Бізді немістерге қосы­лып кетеді деп ойлаған ғой, бірақ біз басқа немістер едік.., – дейді Фрида әжей. Жүк пойызына отырған олар жол бойы вагон қабырғаларына қатқан мұзды қырып, ерітіп ішіп отырады. Ағасымен бір вагонда, нағашылары келесі вагонда келе жатқанда бір стансаға тоқтаған екен. Ашыққан екі бала вагоннан секіріп түсіп, шойын жолдарды қиып өтіп, бір тоқаш тауып алып жейді. Аш қарынды жұбатып, қай­тып келе жатқанда нағашылары отырған вагонның үстінен бомба түсіп, өздері отырған вагон аман қалады. Қираған вагонды ажыратып тастап әрі қарай қозғалған кеңестік немістер отырған пойыз Қазақстанға келіп жетеді. Фрида мен ағасы жас ерекшеліктеріне орай екі жетімдер үйіне бөлінеді. Бүлдіршін қыз Аягөз ауданының Өндіріс колхозында қалса, ағасы Сергиополь ауылындағы балалар үйіне, кейін  Қарағандыдағы балалар үйіне жіберіледі. – Қазақтардың ортасына келгенде бірінші үйренген сөзім «нан берші» болды. Мені қазіргі Шолпан ауылы, ол кезде Өндіріс деп аталатын ауылдағы бір үйге жіберді. Қиын заманда өздеріне нанды әрең тауып отырған ел еді. Тас диірменмен бидай тартып, кебек сияқты ұннан кішкентай күлшені отқа қарып беретін. Бір уақыт жеген наным бір күнге азық еді. Түрсәлім Мырзаханов есімді мектеп директорының үйінде болдым. Ол кісі өз қызындай қарады. Сауатымды ашу үшін мектепке шақырды, бірақ өзімнен кішкентай балалармен бірге сабақ оқуға ұялдым. Кейін дүниеге бауырым Мақсұт келді. Өз інімдей бағып өсірдім. Қазір ол Аягөз қаласында №5 мектепте директор болып қызмет атқарады, – дейді әжей. Ол кезде орталық – Таскескен. Күштеп көшірілген немістер апта­сына бір рет Таскескенге келіп инспекторға, комендантқа бел­гіленеді. Сөйтіп жүрген кезде машина-трактор стансасында  жұмыс істеп жүрген болашақ күйеуімен танысады. Алайда, 19 жасқа келген бойжеткен Фриданы сол кезде ағасы іздеп, тауып алады. – Ағам Қарағандыға алып кетті. Онда талай қызықты оқиғалар болды. Шахтада жұмыс істедім. Ауылда жүріп қазақ болып кеткен мен орысшамды ұмытып қалғанмын. Ал шахтадағы орыс қыздары соны қызық көретін. Мені әдейі жұмсай береді. Бірде «Бар, сағат қанша болды, көріп келші», деді. Қарасам, сағат тілі 12-ден 10 минут кетіпті. Қалай айтарымды білмей қастарына келдім. Олар: «И сколько же время?» дегенде, «Десять бежит двенадцать» деп қойып қалдым. Қала өміріне үйрене алмадым. Екі жылдан соң ауылыма қайта келдім. Ағам да «осы кезге дейін жетімсірегеніміз жетер» деп, отбасымен маған жақын жерге, Аягөзге көшіп келді. 21 жасымда тұрмысқа шықтым. Қазақ салтымен келіндік қызметімді атқардым. Мұсылман болдым. 22 жасымда тұңғышым дүниеге келді. Қазақтың салты бойынша тұңғыш баламыз ата-енемнің баласы болды. Келесі баламызды да ата-енем бауырына салды. Осылайша 9 бала сүйдік. Аллаға шүкір, бүгінде 23 немерем, 14 шөберем бар. Шалыммен 50 жыл бірге өмір сүрдім. 80-ге келген шағымда қасымда болса артықтық етпес еді. Қазақтар «басы ащы болса, аяғы тәтті болады» деп айтады ғой, сол рас екен. Қазір шүкір, осы бала-шағаның арқасында өмірдің рахатын көріп отырмын, құдайым осы күннен айырмасын, – деді әже. Фрида қария бүгінде Қоңыр­шәулі ауылдық округіне қарасты Таскескен ауылында тұрады. Қ­а­рия­ның немересі, Абай атын­дағы Алматы мемлекеттік уни­верситетінің студенті Венера Ма­ра­това әжесімен мақтанатынын, ауылына сыйлы, ағайын-туыс ортасында той-думандарда қызықты өмір кешіп келе жатқан, қазаққа келін, жар, ана болған неміс қы­зын әрқашан ардақ тұтатынын жеткізді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы.