• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
02 Қыркүйек, 2015

Байқоңырдың балалары қазақстандық стандартпен оқиды

358 рет
көрсетілді

Жасыратын ештеңесі жоқ, осыған дейін Байқоңыр қаласындағы 6 мектепте ресейлік стандарттар бойынша білім беріп келген. Бір кездері қабылданған шешімнің кесірінен қазақтың қаракөз балалары ана тілінде білім ала алмады. Тарихын танымай, қазақстандық біліммен сусындауға мүмкіндіктері болмады. Басқа елдің тарихын оқып келген перзенттердің биылдан бас­тап қазақстандық стандарттарға көшетінін бұған дейін хабарлаған едік. Жаңа оқу жылы басталар тұста сөздің нақты іске ұласқанын көрдік. Білім күні №277 мектептің табал­дырығын 642 байқоңырлық бүлдіршін алғаш рет аттады. К.Тоқмұхамедов атындағы мектепте өткен «Алғашқы қоңырау» салтанатты шарасына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. – Биылғы оқу жылы баршамызға үлкен қуанышпен басталып отыр. Өйткені, Ресейдің оқу стандартына өтіп кеткен қазақ мектептерін өзімізге қайтарып алдық. Бүгіннен бастап осындағы 6 қазақ мектебі отандық білім беру жүйесімен жұмыс істейді. Бұл Тәуелсіз еліміз үшін және осындағы қаракөз балаларымыздың болашағы үшін маңызды,–  деді аймақ басшысы. Ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Түйткілді мәселені шешіп берген Елбасына алғыстарын айтты. Ал, аймақ басшысы бірінші сынып оқушыларына Елбасының «Менің Отаным – Қазақстан» кітабын табыс етті. 2015 жылға аталған білім беру ныса­ндарының шығындарына республикалық бюджеттен 982,1 миллион теңге қаржы бөлінді. Осы қыркүйек айының өзінде аталмыш білім мекемелерінің материалдық-техникалық керек-жарағын толық қамтуға қосымша 200 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, мұндағы мектептерге қажетті 90442 дана оқулық толығымен жеткізілген. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». БАЙҚОҢЫР.