[caption id="attachment_12734" align="alignnone" width="560" caption="Фото: О.Лебедев"][/caption]
Сәрсенбі күні кешкісін футболдан Еуропа чемпиондары лигасының үшінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчтары өтті.
Еуропаның 14 қаласында өткен бұл ойындар аса тартысты және қызықты болғанымен айтарлықтай жаңалықтар әкелген жоқ. Дегенмен, Шотландияның “Селтик” командасының сырт алаңында Португалияның “Брага” клубынан 0:3, Голландияның “Аякс” командасының өз алаңында Норвегияның “Русенборг” клубынан 0:1 есебімен жеңілгенін осы кезге дейін атақты атын сақтап келген олардың беделіне біршама нұқсан келтіргені сөзсіз.
Ал біздің былтырғы жылы чемпионымыз “Ақтөбе” алғашқы ойынын өз алаңында Израильдің “Хапоэль” командасымен өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Голдың авторы тағы да команда капитаны – Самат Смақов. Бұлай деуіміздің себебі, Еуропа чемпиондар лигасының екінші кезеңінде ақтөбеліктердің Грузияның “Олимпи” командасымен өткізген кездесулерде ол қарсыластар қақпасына үш доп соққан болатын. Осы жолғы “Ақтөбенің” израильдік командамен өткізген алғашқы ойынында да Самат барын салып өнер көрсетті.
Сонымен бірге осы кездесуде Эссомба, Евгений Аверченко, Эмиль Кенжесариев, Мұрат Тілешев, Иван Перич пен Аслан Дарабаев та жақсы қырынан көрінді. Негізінен осы жігіттер бүкіл матч бойы Тель-Авив командасының айып доп алаңынан табылып, қауіпті жағдайлар жасап жүрді. Бірақ, әлем чемпионатында көзге түскен Нигерия құрамасының ойыншысы Винсенте Эньяманың қорғаған “Хапоэль” қақпасына Смақовтың кездесудің 67 минөтінде 11 метрлік айып добынан соққан голынан кейін еш өзгеріс болған жоқ.
Енді келесі қарымта кездесу 3 тамыз күні Тель-Авивте өтеді. Бұл матч “Ақтөбенің” абыройы үшін тағы бір сынақ алаңы болатыны сөзсіз. Өйткені, дәл осы Израильде өткен жылы отандастарымыз Хайваның “Маккаби” командасымен өткізген Еуропа чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде 3:0 есебімен жеңіп тұрып, қақпасына 4 доп жіберіп алған еді. Сөйтіп қолда тұрған чемпиондар лигасының негізгі турниріне берілетін жолдамадан айрылған болатын.
Енді чемпиондар лигасының соңғы кезеңінің басқа да болған алғашқы мачтарға келер болсақ, оларда мынадай есептер тіркелді. “Брага” – “Селтик” 3:0, “Партизан” – “ХИК Хельсинки” 3:0, “Аякс” – “Русенборг” 0:1, “Янг Бойз” – “Фенербахче” 2:2, “Дебрецен” – ФК “Базель” 0:2, “Шериф” – “Динамо” (Загреб) 1:1, БАТЭ – ФК “Копенгаген” 0:0, ТНС – “Андерлехт” 1:3, “Спарта” (Прага) – “Лех” 1:0, “Унирия” – “Зинит” 0:0, “Динамо” (Киев) – “Гент” 3:0, “Литекс” – “Жилина” 1:1, “Омония” – “Зальцбург” 1:1.
Дастан КЕНЖАЛИН.
Жүз жолдық жаңалықтар
* Қазақстан студенттері әлем чемпионатына қатысады. Үстіміздегі жылғы 22-29 тамыз аралығында Сербияның Нови-Сад қаласында футболдан студенттер арасында әлем чемпионаты өтеді. Белгілі футбол маманы Әміржан Мұқанов баптайтын Қазақстан құрамасы осы бәсекеге “Тұлпар” командасының Таку, Гребенос, Шорин, Довгань, Перемышлин, Мұқанов, Есенаманов, Пенгрин, Першин сынды ойыншыларын іріктеп алды. Чемпионатта Д іріктеу тобына түскен олар Бразилия, Қытай және Словения студенттерімен кездеседі.
* “Астана арландары” құрамын түпкілікті анықтады. Астаналық құрама команда сапында Бүкіләлемдік бокс сериясы матчтарына қатысатын боксшылардың аты-жөндері толығымен белгілі болды. Олар мыналар: Бағдат Әлімбеков, Нұрлан Сейтімбетов, Қанат Әбутәліпов (54 кг), Мерей Ақшалов, Ержан Мүсафиров, Азамат Смағұлов, Берік Әбдірахманов (61 кг), Бақыт Сәрсекбаев, Дәурен Елеусінов, Мирас Байырханов (73 кг), Марат Молдагереев, Джейсон Варелла Монрой, Максвелл Ампонсах (85 кг), Милутин Станкович, Иштван Бернат (+91 кг). Бұл тізімдегі соңғы төрт боксшының шетелдіктер екені байқалып тұрған шығар. Қазақстан құрамасы оларды Колумбия, Гана, Сербия және Венгрия елдерінен жалдап алды.
* “Барыс” чемпионатты “Северстальмен” бастайды. Континентальды хоккей лигасының (КХЛ) басшылығы Ресей ашық чемпионаты мен осы жылғы Гагарин кубогы ойындарының күнтізбесін бекітті. Осы арқылы биылғы біріншіліктің алдағы 8 қыркүйекте басталып, 2011 жылғы 20 ақпанда аяқталатыны белгілі болды. Лига командалары былтырғыдай тағы екі конференцияға бөлініп отыр. Бұлардың әрбірі екі дивизионнан құралады. Қатысушы командалар өз дивизионындағы қарсыластарымен төрт ойыннан өткізсе, конференциядан тысқары командалармен екі реттен кездеседі.
Астананың “Барыс” командасы “Шығыс” конференциясы “Чернышев” дивизионына енді. Оның мұндағы қарсыластары қатарында Омбының “Авангард”, Хабаровскінің “Амур”, Уфаның “Салауат Юлай”, Новокузнецкінің “Металлург” және Новосібірдің “Сибирь” командалары бар. Астаналықтар КХЛ біріншілігін 11 қыркүйекте бастап, өз алаңында Череповецтің “Северсталь” хоккейшілерін қабылдайды.
* Баскетболшылар Станкович кубогына дайындалып жатыр. Қазақстан құрамасы үстіміздегі жылғы 7-15 тамыз аралығында Ливанда өткелі тұрған “Станкович кубогы” халықаралық турниріне қатысады. Қазір команда күшейтілген оқу-жаттығу жиынын бастап кетті. Оны құраманың жаңа бас жаттықтырушысы Вадим Бураков Атырау қаласында өткізуде.
Жергілікті “Атырау барыстары” командасының да жаттықтырушысы болып табылатын бапкер енді құраманы да осы ұжымның негізінде жасақтағанды жөн көрді. Команданы қаржыландыратын да негізінен осы аймақ болғалы тұр. Команда мұнда аптаның соңына дейін жаттығады. Алматыға ұшып барып, бірнеше жолдастық кездесу өткізеді. Сосын 4 тамызда Ливанға жетеді.
“Егемен-ақпарат”.