Үлескерлерге қатысты тұрғын үй мәселесі бүгінгі таңда еліміздегі күрмеуі қиын проблемалардың бірі болып отырғаны белгілі. Мұның салмағы, әсіресе, Астана мен Алматы қалаларындағы тұрғын үй құрылысы нысандарында басым болып отырғандығы жасырын емес. Алайда Үкіметтің үлескерлер мүддесін қорғау саясатының арқасында бұл мәселелер де барынша шешілуге қадам басып келеді. Кеше елордада құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің департамент директоры Кенжеболат Мыңбаевтың БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте үлескерлер мәселесін шешу жөнінде әңгіме өрбіді.
– 2007 жылдың соңында елімізде 62 мыңнан астам үлескер болса, қазіргі күні Үкіметтің көмегі арқасында олардың 45 мыңнан астамының мәселелері толығымен шешілген. Жалпы, саны үлескерлерге қатысты 450 құрылыс нысаны болса, бүгінде соның 97-сінің мәселесін шешу қалып отыр. Соның ішінде Астанада 42 нысан (8774 үлескер), Алматыда 27 нысан (7704 үлескер) болса, еліміздің өзге аймақтарында шешімін табуы тиіс 28 нысан (5534 үлескер) бар. Бюджеттен бөлінген 215,782 млрд. теңгенің 75 пайызы игерілсе, бұл үлескерлер мәселелерін шешудегі жұмыстардың жемісті нәтижесі деп айтуға болады. Ал қалған қаржы осы мақсатта үлескерлер игілігі үшін әрі қарай жұмсала бермек, – деді департамент директоры.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.