• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
03 Тамыз, 2010

“Астана” алға асығады

551 рет
көрсетілді

Өткен сенбі күні таңертең Астана қаласының Тәуелсіздік ала­ңындағы “Қазақ елі” монументі жанында қазақстандық “Астана” кәсіпқой велоклубына қолдау көрсету мен осы команданың капитаны Альберто Контадордың халықаралық беделді “Tour de France” супер көпкүндігіндегі жеңісі құрметіне арналған акция болды. Шара шеңберінде велосипед спорты шеберлері мен әуесқойлары Тәуел­сіздік алаңынан Сарайшық-Тұран-Сығанақ көшелері аралығындағы 10 шақырым жерді бойлай өтіп, қайтадан аталмыш алаңға оралды. Бұл символдық веложүгіруге Астана қаласы басшылығынан бастап, дипломатиялық корпустардың өкілдері, елорданың жас велоша­бандоздары, сондай-ақ спорттың осы түрінің барша әуесқойлары қатысты. Бұл шараға қарап-ақ біздің елі­мізде таяуда ғана ақырына жеткен веложарыс қорытындысына қанша­лықты мән мен маңыз беріліп жат­қанын анық аңғаруға болады. Ра­сында бірнеше күн бойы бүкіл жер-жиһанға Астана қаласының атын әлденеше қайтара таныту арқылы Қазақ елінің де даңқын аспандатып шығарып тұрған айтулы аламанның жөні біздер үшін жүдә бөлек. Егер мұның жайы өзгеше болмаса, сол веломарафон желкілдеп Париждің түбіне жетіп, тоқайласа тоқтай са­лысымен Францияның Президенті Никола Саркози біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа жеделхат жіберіп, осынау жеңіспен шын жүректен құттықтай қояр ма еді! Әгәрәки, оның мәні мен маңызы ерекше болмасы Испанияның Пре­мьер-Министрі Хосе Луис Сапа­те­ро өз отандасы болып табылатын “Тур де Франстың” жеңімпазы және “Астана” командасының ка­пи­таны Альберто Контадорды сол сапардан еліне барған бетінде бір­ден шақырып алып, өзінде қа­был­дар ма! Ал бұл кездесуге спортшы да құр қол бара салған жоқ. Ол өңі­ріне “Астана” аты жазылған же­ңімпаздың сары жейдесін жақсы жо­ралғы ретінде табыс етті. Содан кейін Мадрид қаласының түбіндегі өзі туып-өскен Пинто қалашығына келген оны жерлестері тайлы-тұяғы қалмай таласа күтіп алып, үш күн­нің түндігін желпілдете тойлады-ай дейсіз!.. Сол тойдың толар шағында Альберто өзі атын жамылып жүрген “Астана” командасының жейдесін жалау етіп желбірете ұстап, қоржы­нында қалған артықтарын тәбәрік сынды етіп елге таратып қайтты. Біле білгенге, осының бәрі – біз­дің Астанамыз үшін нағыз на­сихат. Бұдан қалды, біздің байта­ғы­мыз атын өзімізше көкке көтеріп, мың-сан күн мадақ жырын маздата бергеннен гөрі, оның аламан жо­лын­дағы қым-қиғаш қырқалар қыл­тасында хабар жүргізушілердің аузымен оқтын-оқтын қайталанып айтыла түсуі әлдеқайда өтімді шы­ғатыны тағы ақиқат. Міне, Аль­бер­то және оның командасының ке­шегі аптаның жексенбісінің кешін­де бізге сыйлаған жарқын жеңісінің бір құдіреті осында жатыр! Сон­дық­тан көпкүндіктің керуенін бас­таған сайыпқыран мен оның осындай табысқа жетуіне жәрдем жасаған жігіттерге қандай қошемет көрсетсең де жарасар еді. Бұл жерде астаналық команда­ның бұрыннан келе жатқан тұр­ғы­лықты лидері Александр Виноку­ров­тың айрықша еңбегіне де ар­найы тоқталып өтпеске болмайды. Мәселе, оның екі жылғы дисква­ли­­фи­­­ка­циядан кейін үлкен спорт­қа қай­та оралғанында ғана емес. Жұрттың бәріне сүйкімді Вино жай келіп қоя салған жоқ, ол өзінің әлі әлемдегі мықты шабандоздардың қатарында екенін тамаша етіп танытып берді. Біз білетін Вино­ку­ров – ең алдымен команданың ортақ табысы үшін өзінің жеке мүддесін құрбан етуге қайыл тұра­тын көшбасшы. Ол осы жолы да сол мақсаттың үдесінен табылуға ұмтылып бақты. Биыл “Тур де Франс” бәйгесіне жетінші мәрте қатысып қайтқан Сашаның өзіміз сөз етіп отырған турнедегі тағы бір табысы, жалпы есепте Альберто­ның жеңіске жетуіне жол ашып бе­р­іп қана қоймай, өзі де екі кезеңнің мәресі басынан табыла білді. Жал­пы, Винокуровтың осы уақытқа дейін “Астана” командасына сі­ңір­ген еңбегі ұшан-теңіз. Ол бұл ко­манданың сапында үлкен өткелекті жолдардан өтумен бірге, оның талай толағай тойының куәсі де болды. Басында велоспорттағы қызметін команданың қолбаласы тақылеттес грегарий болып баста­­ған ол кейін келе біраз уақыт оның капитандығының да тізгінін ұстады. Ал қазір ойыншы-жаттықтырушы міндетін атқарып жүр. Енді бірер сөз бас кейіпкер – Аль­берто Контадор Веласкастың өзі жөнінде. Осымен үшінші рет “Турды” жеңіп алып отырған оның 2007 жылы бұл атаққа алғаш қол жеткізгенін бұдан бұрын айтқан­быз. Ол осы жетістігімен 1991-1995 жыл­дар аралығында қатарынан 5 рет жеңіске жеткен Мигель Инду­райн­­нан кейін сол “Үлкен тұзақ­тың” тұғырына қонған бірінші испандық атанды. Сонымен бірге 97 жылдық тарихы бар “Турдың” жылнама­сында Альберто оның бір­де-бір кезеңінде жеңіске жетпей-ақ жалпы есепте бірінші орынға шық­­қан ал­тыншы велошабандоз болды. Осы­ның алдында мұндай көрсет­кіш­ті тағы бір испандық Оскар Пе­рейро 2006 жылы көрсетіп еді. Бі­рақ ол бұл жолғы аламанға келмей қалды. Қазір белгілі болғаны, енді Аль­берто Контадор өзіне екі рет “Тур де Франсты”, бір-бірден “Джиро” мен “Вуэльтаны” жеңіп алуға кө­мектескен “Астана” командасымен келісім-шартты маусым соңына қа­рай үзетінін мәлімдеп отыр. Ол жылдың ақырында Люксембургтің “Saxo Bank” командасының сапы­­нан табылып қалуы әбден ықтимал. Ал бұл командадағы ағайынды Фрэнк және Энди Шлектер Люк­сем­бургте өздерінің жеке коман­да­сын құрып кетпекші. Сондықтан команданың бас менеджері Бьярне Риис өзі көптен көзін қадап жүрген Контадорды солардың орнын басу үшін алмақшы көрінеді. Ол біздің капитанмен “Турдың” соңғы күн­дері-ақ бір мәмілеге келіп қойған сияқты. Ал Франция жолдарында жан алысып, жан беріскен шайқас жүріп жатқан күндері Альберто өзі­нің контрактіні тек “Астанамен” жасасатынын әлденеше мәрте қай­талап айтқан да еді-ау! Дегенмен, ендігі жерде мына келісімнің бір бөлігі ретінде “Астана” команда­сын­дағы басқа испандар – Бенд­жамин Новаль, Даниэль Наварро, Дэвид де ла Фуэнте және Хесус Эр­нандес – барлығы бірдей Кон­та­дор-Риис тандемі қатарына өтіп қалатын түрлері бар. Шолушылар қазіргі күндері сонымен бірге Швейцария командасындағы тағы бір испандық – Фабиан Канчел­ла­раның да осы саптан табылып қа­луы мүмкін екенін айтып отыр. Онда бұл команда әп-сәтте бірден Dream Team командаға, яғни жұлдыздар шоғырына айналып шыға келмек! Жасыратын несі бар, Қазақстан велоспорт федерациясы Альберто Контадордың келісім-шартты со­зудан бас тартатыны туралы хабар­ды басында оншалықты жайлы қабылдай алған жоқ. “Біздің ке­лісім-шарт бойынша оған ұсынып отырған сомамыз, қазіргі велоспорт өлшемі бойынша, айтарлықтай кө­лемді”, – дейді осы ретте федера­цияның бас хатшысы Валентин Ре­херт. Ал бізге жеткен кейбір дерек­көздерге қарағанда, Контадордың “Астанадағы” жылдық жалақысы 5 млн. еуроны құрайды екен. Демек, “Saxo Bank” командасының ұсы­нып отырған жалақысы бұдан да жоғары болуы тиіс. Осы ретте ме­неджер Риис өз командасы үшін жа­ңа демеушілерді тапқанын жа­сырып отырған жоқ. “Бұл келісім-шарттың материалдық жағы Аль­бертоның менеджері болып табы­латын туған бауырын да қанағат­тандырып отырған болуы кәдік. Біз мұны толығынан түсінеміз”, – дейді келесі кезекте “Астана” ко­ман­дасының директоры Дмитрий Седун. Ал жаңа шабандоздармен толыққаннан кейін “Saxo Bank” өзінің атауын өзгертетінге ұқсайды. Осы күндері “Астана” коман­дасының 2011 жылғы құрамындағы спортшылар саны біршама қысқар­ғалы тұрғаны да белгілі болып қал­ды. Федерацияның бас хатшысы команданың биылғы сапындағы велошабандоздардың 50 пайызын қазақстандықтар құрағанын, яғни 27 спортшының 13-і жергілікті жастар болғанын айта келіп, келесі жылы бұл мөлшердің бұдан да азая түспегін мәлім етті. Себебі, сырттан тағы 2-3 спортшы алынбақшы екен. Сонымен бірге ол елімізден ке­тіп жатқан тарландардың орын­дарын баса алатындай перспек­тивалы жастардың өсіп келе жат­қанын да ауызға алды. “Бірақ би­ыл­ғы жылы оларды команда құр­а­мына тарту жоспарға енбеген, – деді В.Рехерт осы орайда. – Ша­масы, бұл жұмыс 2012 жылы қолға алынып қалатын шығар. Әзірге бұл жастар әлі жетіліп-піскен жоқ”. Алайда, бізге бас хатшының енді кімдерге құда түспек ойлары бар екені белгісіз. Айтатыны жоқ, Париждің Ели­сей алаңында аттың басын іріккен аламан оның жеңімпаздары мен жүлдегеріне де айтарлықтай көлем­де қаржылай табыстар да алып кел­ді. Осы күндері Халықаралық ве­лосипедшілер одағының басшы­лы­ғы “Үлкен тұзақ-2010” жарысының қорытындысы бойынша команда­лардың “Турды” ұйымдасты­ру­шы­лардан қаншалықты мөлшерде сыйақы алатындарын жария етті. Мұнда бәрінен де көп табыс тап­қаны “Астана” командасы болды. Оның ұжымы осы жетістігі үшін 488 886 еуро ақша алады. Бұдан әрі үштікті түзген “Saxo Bank” және “Rabobank” командаларына тиі­сін­ше 292 392 және 192 978 еуро мөл­ше­рінде сыйақы тапсырылады. Ко­мандалар арасында осы бәйгеден кейін рейтингісі ең жоғары бол­ғаны да “Астана” болып отыр. Ол тур біткен бойда шығарылған есеп бой­ынша 884 ұпайға ие болып, өзінің көшбасылық қалпын сақтап қалды. Алғы күндерге асыққан “Аста­наның” дәл қазіргі таңдағы ахуалы осындай. Серік ПІРНАЗАР, Астана. Елордалықтар әзірше алда Осы жаздан бас­тап елімізде ал­ғаш рет Қазақстан бокс федера­ция­сы­ның кубогы жо­лындағы бәсе­ке­лер­дің өткізіле бастағаны белгілі. Қазір аталмыш кубок жолындағы жекпе-жектер “Ба­тыс”, “Шы­­ғыс”, “Солтүстік” және “Оңтүстік” дивизионы болып бөлінген 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларының боксшылары арасында өтіп жатыр. Бұл айқас­тар­дың алғашқысы 17 шілде күні Ақ­тауда, одан кейінгісі Атырау қаласында өткені мәлім. Енді кезек “Шығыс” дивизионына кіретін командаларға келіп отыр. Сенбі күні соның алғашқысы Астанада жергілікті боксшылар мен Павлодар облысының командалары арасында өтті. Бұл жекпе-жекте ас­таналықтар Кереку өңірінің бокс­шыларынан 6:4 есебімен басым түсті. Қорытынды есеп, елордалық команда үшін көңіл көншітерлік десе болады. Дегенмен, команда са­пында Лондонға тәжірибе жи­нақтау үшін кеткен біраз бокс­шылар болғанында астаналықтар қарсыластарын бұдан да ірі есеппен жеңетін мүмкіндігі болатын еді. Ал жалпы, осылай десек те бұл жекпе-жекте Павлодар облысы­ның командасы жақсы қырынан көрініп, Астана командасымен иық теңес­тіріп бәсекелесе алатынын көрсетіп берді. Мұнда аса ауыр салмақ­тағы көптен бері көзге түспей жүрген Дмитрий Готфрид астана­лық Ер­мек Үсеновті 10:3 есебі­мен ұста, 91 кило сал­мақтағы спорт шебері, биыл Ақтөбеде С.Қонақ­баев атындағы халық­ара­лық турнирде екінші орын алған Сергей Гон­чаров Юрий Задорож­ныйды бі­рін­ші раундта-ақ құлатып сала жаз­дады. Есеп – 5:0. Сол сияқты 71 кило сал­мақ­тағы 82 кездесу өткізіп, соның 65-де жеңіске жет­кен тағы бір керекулік спорт шеберлігінен үміткер Данат Иман­беков астаналық Қайрат Ерсұлта­новты 7:5, осы кезге дейін 200 рет жекпе-жекке шығып, соның 160 кездесуінде мерейі үстем болған халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Смағұлов (64 кг.) өзінен тәжірибесі аздау Алмат­бек Ағыбаевты 5:3 есебімен жең­генін атап өткеніміз жөн. Деген­мен, бұл кездесу Азамат сияқты 2006 жылы Мароккода өткен әлем чемпиона­ты­ның финалисі үшін оң болған жоқ. Қарсыласынан тәжіри­бесі аздау болса да Алматбек шар­шы алаң­да керекулік боксшымен барын салып қолғап түйістірді. Бі­рақ тәжірибе деген өзін көрсетпей қоймайды екен. Соңғы раундта осыны пайдаланып, Азамат қарсы­ла­сын соққыға алып, ақыры де­геніне жетті. Осы күні 56 кило салмақта өнер көрсеткен Қанат Әбутәліпов те (56 кг.) өзінің тәжірибесін пайдаланып, керекулік Фархат Дүйсебековті ұтса, тағы бір астаналық боксшы Бақытжан Қожабеков (69 кг.) Сергей Скакунды 8:3 есебімен әдемі жеңді. Сонымен бірге осы күні Астана командасының мүше­лері Ілияс Сүлейменов (49 кг.), Азат Махметов (52 кг.), Думан Әлі­мов (60 кг.), Азамат Белгібаев (81 кг.) өз салмақтарында басымдылық таныт­ты. Ал жарыстың соңында екінші раундта қарсыласының қабағын жара жаздаған Думан Әлімов техника жағынан ең үздік боксшы атанса, керекулік Дмитрий Готфрид құрамалық жекпе-жектердің ең үздің боксшы атағына ие болды. Жарыс кезінде Қазақстан Бокс федерациясының үйлестірушілері Болат Абдрахманов пен Болат Манкенов жекпе-жекке шыққан боксшылардың бәрін марапаттап, сый-сыяпат көрсетті. Дастан КЕНЖАЛИН. Жарыстар күнделігі Самбо. Қазақстан құрамасы Ресей Федерациясы Президен­ті­нің Кубогы үшін турнирде үш­тіктің құрамына кірді. Финалда Беларусь елі самбошы­ларын 7:2 есебімен ұтқан Ресей командасы осымен төртінші рет Кубокты өздерінде қалдырды. Ал біздің жігіттер үшінші орын үшін бол­ған таласта украин балуандарын тізе бүктірді. Грек-рим күресі. Таиланд ас­танасы Банкгок қала­сында жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпио­натынан Қазақстан құрамасы 2 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль алып қайтты. Бірінші орынға Айбек Марданов (42 кг) пен Рашид Кочиев (76 кг), екінші орынға Азамат Дүмбиров (69 кг), үшінші орынға Мейрам­бек Айнағұлов (46 кг), Мақсат Айтбеков (54 кг) және Жайдар Дуаштегі (100 кг) көтерілді. Балуандар мұнда он салмақ дәрежесі бойынша жүлделі орындарды сарапқа салды. Волейбол. Қазақстанның ерлер құрама командасы Иранның Уруми қаласында 7 тамызда басталған ІІ Азия Кубогы үшін турнирге қатысып жатыр. 7 тамызда мәреге жететін жарысқа қатысушы 8 коман­да екі топқа бөлініп ойнауда. “В” тобына түс­кен біздің жігіттердің қарсылас­тары – Жапония, Корея және Австралия волейболшылары. Топтан озған екі команда 5 тамыз күні ширек финалдық, 6 тамызда жартылай финалдық кездесулер өткізеді. Велоспорт. Қытайда мәреге жеткен “Цинхай көлі турнирінің” қорытындысында үндістандық Хосеин Аскери бас бәйгеге қол жет­кізді. Екінші орынға хор­ват Радослав Рогина шықса, үшінші орын амери­калық Кел Рейненге бұйырды. Ал қазақстандықтар іші­нен алда болған Александр Шу­шемоин 15-ші, Руслан Тілеу­баев 24-ші орындарға табан тіреді. Мылтық ату. Павлодарлық Вячеслав Подлесный мылтық атудан Мюнхенде (Германия) өтіп жатқан әлем чемпионатында сенсация жасады. Ол шағын калибрлі пистолеттен 50 метр қашықтықта нысана көздеуден жапон Томоюки Мацуда мен корей Даэ Мун Лиден кейінгі үшінші орынға орналасты. Төрт жылда бір рет өтетін бұл әлемдік бәсекенің жүлдегерлері сонымен бірге 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының лицензиясына да ие болды. Футбол. Өткен сенбі-жексенбі күндері еліміз Премьер-лигасы 21 турының ойындары өтті. Олар мынадай нәтижелер әкелді: 31 шілде. “Ақтөбе” – “Тараз” 2:1, “Тобыл” (Қостанай) - “Ертіс” (Пав­ло­дар) 4:1. 1 тамыз. “Локомотив” (Астана) - “Жетісу” (Тал­дықорған) 1:0, “Ордабасы” (Шымкент) – “Қай­рат” (Алматы) 1:0, “Шахтер” (Қарағанды) – “Аты­рау” 0:1, “Ақжайық” (Орал) – “Оқжетпес” (Көк­ше­тау) 2:0. Мұның алдындағы 20 турдың 26 шілде күні ойналған “Локомотив” (Астана) – “Ордабасы” (Шым­кент) арасындағы матчында алаң иелері 1:0 есе­бімен ұтты. Сол сияқты “Тараз” - “Шахтер” (Қа­рағанды) командалары кездесуі, бұрын хабарлағаны­мыздай, 1:1 емес, 1:5 есебімен аяқталды. Чемпионаттағы мергендер көшін мына ойыншылар бастап келеді: Нұрбол Жұмасқалиев (Тобыл) – 10, Ұлықбек Бақаев (Тобыл) – 10 (3), Георгий Дас­калов (Ертіс) – 9 (1), Игорь Бу­гаев (Локомотив) – 9 (2), Глеб Маль­цев (Ертіс) – 8, Мұрат Тіле­шов (Ақтөбе) - 7, Мозес Саки (Ақжайық) – 7 (2). Ауыр атлетика. Талдықор­ған­да еліміздің ерлер мен әйелдер арасындағы кезекті чемпионаты бас­талды. Қыркүйекте өтетін әлем біріншілігі алдындағы басты емтихан болып табылатын бұл додаға барлық аймақтардан 200-ден астам күшті атлет қатысуда. Біріншіліктің бірінші күні 56 килоға дейінгі салмақта ерлер жүлдегерлерді анықтады. Мұнда қоссайыста 247 кг салмақ көтер­ген Алматы облысының өкілі Ви­талий Цон чемпион атанды. Кү­міс медальды ал­мат­ылық Шың­­­ғыс Жүсіпбаев, қола медаль­ды Ақ­мола облысының атлеті Дмит­рий Шубаба еншіледі. “Егемен-ақпарат”.