Жамбыл облысының Меркі ауданына қарасты Аспара ауылы маңында болған екі жүргізуші мен он сегіз жолаушының өмірін қиған жол апаты, біле-білгенге, өте ауыр қаза. Осы қасіретті апаттың алдында ғана 125 миллионнан астам халқы бар Ресей елінің бір облысында жол-көлік оқиғасы орын алып, біраз адамның өмірі үзілгенін естігенбіз. Соны Ресей журналистері “өте үлкен жол апаты болып, онда 7 адам қаза тапты” деп хабарлады. Ал Аспара маңында бұдан үш есе көп адам шығыны болды. Демек, бұл небәрі 15-16 миллион халқы бар Қазақстан үшін орны толмас шығын. Көрші Ресейде табиғат апатынан немесе шахталардағы тосын жарылыстардан оншақты адам қаза тапса, сол өңірдегі ел туы төмен түсіріліп, “қаралы күн” жарияланып, ал адам шығынына жол берген оқиғаның себептері мен салдарлары ел парламентінің залдарында қызу талқыға түсіп жатады. Сондықтан Аспара маңындағы жиырма адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасын баспасөз брифингімен нүкте қоя салатын жеңіл-желпі оқиға деп қарауға болмас. Мен бұл оқиғаны Қытай елінің Үрімші қаласынан келген түні, яғни 31 шілдеде естідім. Естідім де өкініштен бармағымды тістедім.
Үрімшіден кешқұрым шыққан автобустың жайлы жүрісі тербеп, ұйықтап кетіппін. Бірақ таңғы сағат 4 шамасында оянып кеттім. Орыным автобустың алдыңғы жағына орналасқандықтан бәрін қалт жібермей байқап отырмын, жүргізушінің алдындағы бір тетік анда-санда қытай тілінде бірдеңе-бірдеңе деп қояды. Одан соң тақтайдай тегіс жолда келе жатқанына қарамастан автобустың жылдамдығы аса бәсең көрінді. Сосын жүргізуші ұйғыр азаматы екен, қазақшалап: “неге жай жүріп келе жатырсыз?” деп сұрадым. Ол: “жолдың бойына бейнекамералар қойылған, ол бәрін бақылап тұр, сондықтан жылдамдықты рұқсат етілген шектен әсте асыруға болмайды” деді. “Ал ана қытай тіліндегі дауыс қайта-қайта не деп келеді?”. “Жүргізуші, жол бойындағы ережелерге қара, рөліңе уақап бол, жылдамдықты тиісті шектен асырма, қалғып кетпе деп келеді.”.
1 жарым миллиард халқы бар қытай елі әрбір жолаушысының тағдыры үшін осылай алаңдайды екен! Не деген қамқорлық! Тағы бір байқағаным, жол қақ ортасынан темір шарбақпен бөлінген. Екі бағыттың жолы екі бөлек. Сондықтан қарсы келе жатқан көліктердің бір-біріне ешқандай қауіп-қатері жоқ. Жолдың шеті де қоршалған. Ол - жан-жануарлар ойда-жоқта жолға шыға келмесін деген қауіптен туындаған сақтық шарасы екен. Қысқасы, әдеттегіден жай жүріп келе жатқандай көрінген жүргізушіге айтарға уәж таппадым.
Ал бармағымды тістегенім, елге келген соң осының бәрін жоғарғы жақта тыңдар құлақ, ұғар бас болса майын тамызып жазайыншы деген ем, бірақ ауылға табан тіремей жатып, алдымнан 20 адамның өмірін жалмаған жаманат хабар қарсы алды. Бірақ ештен кеш жақсы, басқа қазақстандықтар мен қазақ елінің қонақтары текке қырылмай тұрғанда Үкімет болып, министрліктер болып, жол апатының алдын алу тұрғысында кезек күттірмейтін шараларды қолға алған ләзім сияқты.
Алматыдан Таразға келе жатып әлгі жол-көлік оқиғасы салдарынан өртеніп кеткен автобус пен жүк мәшиесінің күйеге оранған қаңқаларын көрдім. Екеуін жолдың екі шетіне шығарып тастапты. Жолдың үсті қап-қара күл. Біздің ойымызша, осы екі көлікті оқиға орын алған жерден қозғамау керек еді. Ал қасынан қаза тапқандардың аты-жөні жазылған үлкен ескерткіш орнатса тіпті жақсы. Бұл тірлікті еліміздің ІІМ қолдап, өз мойнына алса, осы күндері жолға шыққан қазақстандықтардың тағдыры үшін аса қауіпті қатерге айналып отырған жол-көлік оқиғасының алдын алудағы үлкен жұмыстың бірі болар еді. Өйткені, Алматы-Ташкент автожолының Қордай, Меркі, Луговой аймақтарында соңғы жылдары жол апаты өте көп тіркелуде. Олардың көбісі адам өлімімен аяқталып жатыр.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.