Соңғы кезде егемен еліміздің жер-жердегі өнерпаз жеткіншектерінің әлемдік сайыстарда топ жарып жүргендері жиі естіліп қалып жүр. Семейдегі “Тұмар ханым” деп аталатын жеткіншектердің халықтық би ансамблі сондай өнер жұлдыздарының бірінен саналады.
Құрылғанына биыл жеті жыл толып отырған бұл ансамбль осы уақыт ішінде бірнеше рет халықаралық өнер жарыстарында топ жарып үлгерді. Айталық, ол осыдан үш-төрт жыл бұрын Испанияның Лорет-Де-Маар қаласында өткен дарынды балалардың халықаралық фестивалінде жүлделі екінші орынға ие болған еді. Ал 2008 жылы бұлар Украинаның Одесса қаласында “Звездочка” деген атпен өткен халықаралық конкурстан бас бәйгені қанжығаларына байлап келген-ді.
Енді, міне, аталған ансамбль жуырда ғана Түркиядан олжалы оралды. Түркияда иогурт өнімін өндірумен аты шыққан Силиври деген қала бар. “Барлық әлемнің дарынды балалары” деген атпен өткізілген халықаралық фестивальде семейлік жеткіншектер бірінші орынды жеңіп алған көрінеді. Оған әлемнің тоғыз елінен жас өнерпаздар қатысыпты.
– Бұл өнер сайысына бізден 15 жасқа дейінгі аралықтағы 15 жеткіншек қатысты, – дейді ансамбль жетекшісі Санира Сыдықтегі, – кезекті сайысқа сегіз би дайындап апарсақ, соның бесеуі өзіміздің ұлттық билер. Кейде бізде би жоқ деген сөзді естіп қаламыз. Оның бәрі бекер сөз. Қай жерге бармайық биімізге де, ұлттық киімдерімізге зор қызығушылық танытады. Соның бәрі бізге де үлкен қолдау болып, жеңіс төрінен көрінудеміз.
Санира Мұратқызы Арал қаласының тумасы. Сонда өнерпаз отбасында өмірге келген. Әкесі Мұрат Сыдықов Композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Арал қаласының құрметті азаматы. Шешесі Базар Қостаева да тамаша әнші. Осы өңірде кезінде отбасылық халық ансамблін де алғашқы болып құрған осылар. Санираның ері Нұрзат Қайранов та өнер адамы, Семейдегі әскери оркестрде қызмет етеді.
Отбасылық жағдаймен Семейге келген Санира осыдан жеті жыл бұрын жеткіншектердің “Тұмар ханым” би ансамблін құруға мұрындық болған. Қазірде ансамбль құрамында 90 бала бар. Оның басым бөлігі үйірме жұмысына ақылы түрде қатысады. Жас өнерпаздардың киімдері де ата-аналардың мойнында. Тіпті шетелдерде өтіп жататын түрлі жарыстарға да жол шығынын ата-аналар өздері көтеріп алып жатады. Еліміздің атын шығарып жүрген жас өнер ұжымының әркімнің босағасында жүргені өз алдына бір әңгіме. Бәрінен де бұрын тиісті орындардың бұлар жеңімпаз болып келіп жатқанда құттықтауға да жарамайтыны көңілге көлеңке үйіртеді. Ал ертеңгі шаралар осылардың арасында жүрмесіне кім кепіл?!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.