Батыс Қазақстан облысына қарасты Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнындағы қордың пайдаға асатын мөлшері 9 миллиард баррель сұйық көмірсутегі пен 48 триллион текше фут газды құрайды. Жоғарыда аталған бұл сандар Қарашығанақты әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының қатарына жатқызуға өз ықпалын тигізуде. Сонымен қатар, Қарашығанақ – қазіргі еліміздегі аса ірі газ кен орындарының бірі. Өндірілетін газдың мөлшері 44 пайызға сәйкес келсе, сұйық көмірсутегінің мөлшері еліміз бойынша өндірілетін жалпы мөлшердің 15 пайызға жуығын құрайды.
Қарашығанақ кен орнын игерудегі нәтижелі жұмыстар республиканың билік тарапы мен жергілікті қоғамдық және халықаралық инвесторлық компаниялармен жинақталған берік ынтымақтастық пен әріптестіктің жемісі деп түсінсек, артық болмас. Берік әріптестік қарым-қатынасты орнатқан компаниялардың қатарында “Би Джи Груп”, Эни, Шеврон және ЛУКОЙЛ сынды тәжірибелі компаниялар бар. Қазақстан бойынша ірі халықаралық жобалардың бірі болып табылатын Қарашығанақ 14 миллиард АҚШ долларынан астам көлемдегі инвестицияны пайдаға асырды. Мұның өзі игеру жұмыстары күрделі болып табылатын осы кен орнына мұнай-газ өнеркәсібіндегі әлемдік алдыңғы қатарлы технологияларды пайдалануға мүмкіндік туғызды. Қазақстан бойынша ең алғашқы тесу ұңғымасының пайдалануы да осы Қарашығанақта табылды. Сонымен қатар дәл осы жерде инновациялық жоба бойынша жоғарғы қысым аясында сұр газ қабаттары өндірілді. Мұндай өнімді пайдаланудың арқасында көмірсутегінің шикізат мөлшері көбейді. Бір сөзбен айтқанда елімізге елеулі табыстар әкелді десек, қателеспеген болар едік.
Отандық ұйымдар мен “ҚазМұнайГаз” сынды ұлттық компаниямен әріптестік қарым-қатынас орнығуы нәтижесінде Қарашығанақтың өндірістік жоспарлары мемлекеттік міндеттермен үйлесім тауып жатты. Мәселен, еліміздің тұрақты дамуына табиғи байлықтардың игерілуі өндіріс бәсекесінің кепілі болып табылады. ҚПО-ның жұмыстары халықаралық стандарт бойынша еңбек пен қоршаған ортаны қорғау, қауіпсіздік техникасы, алдыңғы қатарлы технологияларды пайдалану, жергілікті бірлестіктермен әріптестік орнату, кадрларды ұлттандыру мен әлеуметтік даму бағдарламаларын жүзеге асыруды қадағалау әрекеттеріне негізделген. Ел үкіметінің ірі инвестициялық жобалар қатарында қазақстандық компаниялардың үлес-салмағын ең жоғарғы деңгейге көтерудің бастамашылығын барынша қолдайтыны осындайда байқалады.
Қарашығанақ – қазақстандық өндіргіш күштердің бағдарламаларында ықпалдылық пен нығайту жолдарын мейлінше жаңа қырларынан танытқан ең бір ірі жобалардың бірі болып табылады. Бүгінгі күнге дейін Қарашығанақтың құрылымында 2700-ден астам жергілікті кәсіпорын тіркелген. Ал Қарашығанақтағы отандық кәсіпорындардың келісім-шарттарының құны 3,5 миллиардтан астам АҚШ долларын құрайтыны тағы бар.
Қазақстандық мұнай-газ секторы саласындағы ірі жетекшілік кәсіпорындардың қатарына жататын ҚПО өнім шығару барысында да, нарыққа шығатын Қарашығанақтың көмірсутегін тасу үрдістері кезінде де қоршаған ортаны қорғау сынды мемлекеттік нормативтік талаптарды қадағалауды басшылыққа ала білген. Көмірсутегі шикізатының күйдіру қажеттілігін болдырмау үшін зерттеу жұмыстары барысында ұңғыма “Мега Флоу” деп аталатын жаңа инновациялық технологияны қолдануға мүмкіндік берді. Мұнай-газ саласындағы ең соңғы техникалардың бірі – көп фазалы сепаратор. Бұл құрылғы бағалы көмірсутегі шикізатының жануына жол бермейді, яғни керісінше өнімді шығаратын мұнай жинақтау жүйесінің жұмысына өзінің оң ықпалын тигізеді.
ҚПО Батыс Қазақстан облысының инфрақұрылымын дамытуға жыл сайын 10 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржыны жұмсап келеді. Өткен жылы Үкімет құрылымы мен Қарашығанақ жобасын басқару комитеті өңірдегі жылдық әлеуметтік инвестицияның көлемін 20 миллион АҚШ долларына дейін еселеу туралы екіжақты бірлескен шешім қабылдаған болатын. Бұл қаражаттар осы өңірдің денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен спорт салаларын дамытуға арналып келеді. Өткен онжылдық көлемінде бірнеше жаңа мектептер мен балабақшалар, жолдар мен әлеуметтік маңызы жоғары жобалар салынды. Осындай әлеуметтік жобалардың жаңғыруына отандық кәсіпорындардың басым үлес салмағын айтпасқа болмас.
Орал мен оның төңірегіндегі 150-ге жуық елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ететін “Қарашығанақ–Орал” газ құбырының бірінші желісін ҚПО нәтижелі аяқтады. Елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етуден басқа таза табиғи қуат көздерін жеткізу жұмыстары болашақта Батыс Қазақстан облысының экономикалық әлеуетінің жақсаруына жол ашады.
Батыс Қазақстан облысындағы Сырым ауданы Жымпиты ауылында ағымдағы жылдың маусым айында Қарашығанақ – Орал газ құбыры бойынша газ жеткізудің салтанатты рәсімі өткізілді. Аталмыш салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен ҚПО-ның бас директоры Джузеппе Пази қатысып, ауыл тұрғындарын мерекелерімен құттықтап, ҚПО басшылығына жасаған көмектеріне өз алғыстарын жеткізді. Жымпиты ауылындағы ресми салтанатта сөз сөйлеген ҚПО-ның бас директоры Джузеппе Пази: “Қарашығанақ – Орал” газ құбырының алғашқы желісі аяқталып, болашақта бұл құбырдың дәл осы желісі Батыс Қазақстан облысындағы жүз мыңнан астам тұрғыны бар 5 ауданды табиғи таза отынмен тұрақты қамтамасыз ететініне қуаныштымын. Бұл жетістігіміз тек қана экономикалық тұрғыда ғана емес, Қазақстандағы Қарашығанақ жобасы бойынша әріптестік орнатқан компаниялардың бірлескен ынтымақтастығының нәтижесіндегі әлеуметтік мағынаға ие жетістік деп білемін. Сонымен қатар бұл жұмысты Батыс Қазақстан облысын дамыту жолындағы ең бір серпін беретін жоба ретінде есептеймін. Аталған маңызды әлеуметтік жоба табиғи газдың ішкі нарықтағы дамуына және болашақта Батыс Қазақстан облысы тұрғындарына айтарлықтай энергия қажеттілігін жеткізудің өнеркәсіптік даму бағыты болып саналады”–деді өз сөзінде.
“Қарашығанақ – Орал” газ құбырының құрылысы жөніндегі уағдаластық Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Батыс Қазақстан облысының әкімдігі және Қарашығанақ жобасындағы әріптестік тарапынан қарастырылған болатын. Бұл жобаны дамытудың ресми Меморандумына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған еді. Осының нәтижесінде әр тараптың жауапкершілігі артып, газ құбырының Оралдан бастап Новопавловка ауылына дейінгі және Теректі ауданындағы елді мекендерді газбен қамтамасыз ету желісі өткен жылдың желтоқсан айында толығымен аяқталды. “Қарашығанақ – Орал” газ құбыры құрылысының жобадағы белгіленген құны 300 миллионға жуық АҚШ долларын құрайтындығын тағы да естеріңізге саламыз.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.