• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Тамыз, 2010

Отқа оранған орыс ормандары

524 рет
көрсетілді

Жаныңды түршіктіреді. Қызыл жалын жер-көкті жалмап бара жатқандай. Теледидар соған бәрімізді куә етіп отыр. Жасыл желегінен айырылған жерді аяйсың, жиған-терген дүние-мүлкінен айырылған елді аяйсың. Ешкімнің де басына бермесін деп тілейсің. Орыс аға­йын­дар біраздан бері арпалысып-ақ жатыр. Көп нәрсеге сол байлығым бә­рінен де көп дейтін державаның да шамасы келмейді екен. Тілсіз жау Ре­сейдің сол ерен бай­лығының, ма­қ­танышының бірі – орманына ауыз салды. Салғанда, біразын опырып тастады. Орталық Ресей, орманды Ресей от құшағында. Бұл елдің ақпарат құ­рал­да­рына, тіпті әлем ақпарат құ­рал­дарына көз салсаң да, кәдімгідей соғыс майданынан алынғандай ақпараттарға кезігесің. Қанша мың гектар жерді өрт шалды, қанша деревня өртеніп, қанша үй жанды, өкінішке қарай, қанша адам қаза тапты деген де мағлұмат бар. Сол өртті бұғалықтауға қыруар күш жұмсалып жатыр. Бірақ ол бой бермейді. Айталық, өткен сәр­сенбіде 210 өрт сөндірілген екен, оның есесіне жаңадан 320 өрт ошағы пайда болыпты. Жалпы, биыл бұл елде 23 мыңдай өрт шығыпты. Ал былтыр оның саны 19,5 мың болған екен. Бірақ биылғы жылдың аяғына дейін әлі біраз уақыт бар. Биылғы өрттің бұрынғы кездердегіден айырмашылығы көп. Оған ең алдымен аптап ыстық та себепкер. Ұшқын түссе, лап еткелі тұр. Осыдан айтарлықтай біраз бұрын сол Мәскеу маңындағы өртті жағдайға өзіміз де куә болған едік. 1973 жылы да күн ыстық болып, 30 градустан шамалы асқан ыстықта мәскеуліктердің ауыз­дарын ашып, қиналғанын көр­генбіз. Сонда көбіне жердің беті емес, астындағы торф жанып, қаланы түтін басқан. Асты өртенген жерлердегі ағаштардың опырылып, төмен түсіп кеткенін де әңгіме ететін. Биылғы өрт негізінен жердің үстінде. Онда да ол жердің бетінде және биікте деп бөлінеді екен. Орманды жерде сол биіктегісі қиын. Ол тоқтау бермейді. Биік ағаштардың басымен жел қуалаған өрт минөтіне 100 метрлік шап­шаңдықпен алға жылжып, әп-сәт­те талай жерді шар­пиды. Адамдар оған қарсы амал да жасап үлгермейді. Осы аптаның ба­сына дейін 557 797 гек­тар орманды өрт жалмапты. Ел ереуіл үстінде. Президент Дмитрий Медведев жеті облыста тө­тенше жағдай жа­рия­лады. Бұл жерлерде жайбарақат жан жоқ. Премьер-министр Владимир Путин тілсіз жау жайпап өткен аймаққа өзі барып, жағдайды көріп, басшыларға бағдар беріп, жабырқаған жұртты жұбатып жүр. Үйі өртенгендерге үй салып бермек. Өртенген үйлер де аз емес. Осы аптаның ортасына дейін 1900 үй күлге айналыпты. Тілсіз жауды тоқтатқанша оның қаншаға жететіні белгісіз. Ең үлкен шығын – адамдардың қазасы. Әр облыста олардың саны ондаған деп айтылады. Ал өртенген үйлердің ішінен күйген денелердің табылғаны бұл цифрлар көбейе түседі-ау деген қауіпке жетелейді. Өлгендер ақша сұрамайды. Ал тірілерге көмек қарастырылып отыр. Жедел күнкөріске деп әр адамға 10 мың рубльден (48900 теңге) ақша берсе, кейін 200 мың рубльден алмақ. Бұған қоса әр отбасына үй салып береді, оның бағасы 3 миллион рубльден айналмақ. Үкімет үйі өртен­ген­дерге суық түскенше үйлі бола­сыңдар деп отыр. Жақсы қамқорлық. Өрт тілсіз жау болса да, оның тоқтар кезі бар. Бірақ ол әлі де біразға созылады-ау деген қауіп шошындырады. Өйткені, Гидро­меттің болжамы аптап ыстықтың әзірге қайтпайтынын, қайта бү­гінгі күндері бұрынғыдан да кө­теріле түсетінін айтады. Аптап ыс­тық – өртке негіз. Демек, ре­сей­ліктерге сын одан әрі жалғасады. Басқаны айтқанда, өзіңді ойлайсың. Көрші елге келген алапат бізге қарай бет бұрмасын деп тілейміз ғой. Сөйтсе де, сақ­тық керек-ақ. Тілсіз жауға қарсы күрестің үлкені де сол – сақтық. Мамадияр ЖАҚЫП.