• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Тамыз, 2010

ЕҚЫҰ Саммитін биылғы жылдың 1-2 желтоқсаны күндері Астанада өткізу туралы шешімнің қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың МӘЛІМДЕМЕСІ

487 рет
көрсетілді

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Біз ЕҚЫҰ ХХІ ғасырдағы әлемнің көпқырлылығын танитын құрылым болуы үшін бәрін де жасайтын боламыз.

(Қазақстан халқына Жолдауынан).

Құрметті қазақстандықтар! Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесі 3 тамызда тарихи шешім қабылдады. Мүше елдердің ортақ ұйғарымы бойынша осы жылдың 1-2 желтоқсан күндері Астанада мәртебелі ұйымның Саммиті өтеді. Бұл тарихи шешім – қазақстандық толайым табыстардың абыройлы айғағы! Бүгінде Қазақстан ғаламдық қауіпсіздіктің ұйытқысына, татулық пен тұрақтылықтың ке­пі­ліне, бейбітшіліктің берекелі белдеуіне айналды. Төрткүл дүниеге төрелік айтқан Қазақ елі Азия және ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет беделді ұйымның Саммитін өткізеді. Қазақ елі бұрын-соңды мұндай биікке жеткен емес. Баршаңыз білесіздер, беделді ұйымның алқалы жиыны 11 жылдан бері өтпеген еді. Қазіргідей күрделі кезеңде бәтуалы басқосу – ұйым үшін де аса маңызды оқиға болып саналады. Саммит өткізуді қазақстандық төрағалықтың басты басымдығы ретінде менің ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңесіне қаңтар айында жасаған бейне-үндеуімде атап айтқаным мәлім. Қабылданған шешім Қазақстан халқының Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген табыстарына халықаралық қоғамдастықтың жоғары құрметінің белгісі болып табылады. Біз бұдан біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ның Іс ба­сын­дағы Төрағасы қызметіндегі күш-жігеріне кең ауқымды қолдауды көреміз. Ұйымды басқара отырып, Қазақстан еуропалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бүгінде құрлықтық шеңбер ауқымынан асып кеткен деген тезисті белсенді түрде ұсынумен келеді. Соның нәтижесіндей, бүгіннің өзінде-ақ халықаралық қоғамдастық еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік категорияларын пайдалануда. ЕҚЫҰ төрағалығына кірісе отырып, біз Ұйымның жаңа қауіп-қатерлерге, бірінші кезекте, терроризм мен есірткі тасымалына қарсы тұрудағы рөлін нығайту жөніндегі өз ниетімізді мәлімдеген болатынбыз. Осыған байланысты біз Ауғанстандағы жағдайды бейбіт реттеу жөніндегі күш-жігердің белсенділігін арттыруды қазақстандық негізгі басымдықтардың бірі ретінде ұсындық. Біз ЕҚЫҰ бойынша әріптестеріміздің назарын Орталық Азиядағы қауіпсіздік проблемаларына ауда­руға ұмтылған кезде, ешкім де Қырғыз­стан­дағы терең саяси дағдарысқа болжау жасай алған жоқ. Осы елде орын алған қайғылы оқиғалар кең көлемді өңірдің тұрақтылығы үшін нағыз ескерту белгісіне айналды. Ол ЕҚЫҰ, басқа да халықаралық ұйымдар мен бүкіл әлем жұртшылығы тарапынан тиімді шаралар қабылдауды талап етті. Біз экономикалық қызметтестікті дамытудағы, экологиялық проблемаларды, әсіресе Арал проблемасын шешудегі ЕҚЫҰ-ның рөлін күшейту мақсатын қойдық. Бізге Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістікте барлық үш өлшемде де сақталып отырған және жаңадан туындайтын қатерлерге қатысты бірлескен қадамдарды қалыптастыру міндеті тұр. Астана Саммиті стратегиялық бағыттар мен ЕҚЫҰ дамуының “жол картасын” белгілеп беруді көздейді. Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы шешімнің тарихи күнге сәйкес келуінің терең символдық мәні бар деп есептеймін. Осыдан 35 жыл бұрын, 1975 жылдың 1 тамы­зын­да Хельсинки Қорытынды актісіне қол қойылды. Жоғары дәрежелі кездесудің біздің Ұйымды қазіргі өмір шындығына бейімдеуге жағдай жасайтынына сенімім мол. Ол әлем жұртшылығына ЕҚЫҰ-ның “Хельсинкиден Астанаға дейінгі” табысты эволюциясын паш ететін болады. Астанада халықаралық өмірдегі ең басты саяси оқиғалардың бірін өткізу фактісі біздің еліміздің әлем алдындағы беделін көтеріп қана қоймайды. Астана саммиті Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және демократиялық дамуына серпін беріп, қазақстандықтардың бірлігі мен патриотизмін бұрынғыдан бетер нығайта түсетін болады. Ендігі жерде оны дайындау мен ең жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуді қамтамасыз етудің маңызы зор. Біз үшін біздің қоғамымыздың – толе­рант­тылық, дәстүрлерді құрметтеу, сенім мен өзара түсі­ністік тәрізді басты құндылықтарын паш етудің таңғажайып мүмкіндігі тұр. Құрметті қазақстандықтар! Бұл шешім біздің бағыт-бағдарымыз бен ұстанған жолымыздың дұрыс екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Сонымен қатар, мәртебелі ұйымның Саммитін өткізу – баршамызға абыройлы міндет пен ерекше жауапкершілік жүктейді. Ендеше, осы жолда баршаңызға мол табыс тілеймін!