Ресейде өткен 7-ші ТМД әскерлері спартакиадасында Қазақстанның әскери-спортшылары командалық есепте екінші орынға шығып, өте жақсы нәтиже көрсетті.
Санк-Петербургте шілденің 24-і мен тамыздың 1-і аралығында ТМД мемлекеттерінің достастық әскерлерінің дәстүрлі сайысы биыл Жеңістің 65 жылдығына арналды. Қазақстан тарапынан 38 спортшы қатысқан додаға жалпы спорттың 6 түрі қамтылса, біздің құрама солардың бесеуіне, яғни еркін күрес, көпсайыс, суға жүзу, нысана көздеу және гір тасын көтеруден бақ сынасты.
– Біздің әскерилер өте жақсы нәтижеге қол жеткізді, – дейді Қорғаныс министрлігінің ӘОСК спорт комитетінің бастығы, полковник Ерлан Таласбаев. – Жігіттеріміздің Ресей, Украина сияқты әлеуеті өте күшті командалар арасында екінші орынға шығуын үлкен жеңіс деп бағалаймыз. Әсіресе, біздің қоржынымызға қомақты жүлде салған суға жүзушілердің табысын атап өткім келеді. Олар жалпы саны 7 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп, командалық есепте топ жарды. Мәселен, кіші сержант С.Кузьмин – 4, аға сержант С.Осинский – 3 алтын медальдан алқа тақты.
Байрақты бәсекенің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 11 алтын, 9 күміс, 5 қола жүлдені олжалап, жалпы есепте Ресейден кейін 2-ші орынға шықты. Ал Украина 3-ші, Беларусь – 4-ші, Армения 5-ші болса, Тәжікстанға соңғы орын бұйырыпты.
Спорт та Қазақстанның халықаралық бедел-абыройына қызмет жасайтын шараның бірі. Осы орайда қазақстандық әскери спортшылардың табысы жөнінде Қорғаныс министрлігінің ӘОСК спорт комитетінің бастығы, полковник Ерлан Таласбаевпен әңгімелескенімізде ол бізге былай деді:
– Жалпы алғанда біздің қарсыластарымыз да оңай командалар емес. Мәселен, күрестен армяндар, нысана көздеуден Ресей жақсы команда дайындаған. Әрине, өз еліңде, өз алаңыңда олардың әлеуеті мен мүмкіндіктері молдау болды. Суға жүзуден де ресейліктер мен украиндықтар мықты команда жасақтағанын айта кетуіміз керек.
Сонымен бірге оның айтуынша, мұндай жақсы көрсеткіштерді бағындыруымыз Қорғаныс министрлігінің әскери спортты дамытуға деген байсалды қолдау көрсетуінің нәтижесі. Сондай-ақ, Қорғаныс министрінің сарбаздарға қашанда көңіл бөліп, осындай додалы жарыстарға дайындалуға жеткілікті жағдайда қаржылай көместесуінде. Егер мұндай халықаралық сайыстарға қатысуымызға басшылықтың көзқарасы оңды болмағанда, жоғарыдағыдай асу алынбаған болар еді.
Жалпы, командалық есепте екінші орын иеленуімізді ол спортшыларды таңдауда үлкен жұмыс жүргізілуімен, екіншіден, министрліктің қолдау көрсетуімен бір жарым ай бойы өз базамызда өте жоғары деңгейде жаттықтыру циклі өткізілгенімен, ал үшіншіден, жігіттердің командалық рухымен байланыстыруда. “Бізде бөтен спортшы болмады. Бәрі әскери қызметкерлер, бірін бірі жақсы біледі. Жарыстың алғашқы күнінен-ақ бір-бірімен иықтасып, ортақ күшпен қарсыластарына лайықты тұра білді. Бір отбасындай жұмыла келгенімізді басқа командалар да байқап, оны атап өтті де”, – дейді Е.Таласбаев.
Дегенмен, оның айтуынша, спартакиада әзірге көп елдер командаларын 100 пайызға қамти алмай отыр. Белгісіз себептермен Балтық жағалауындағы үш мемлекеттен командалар келмей қалды. Бірақ, ол үш ел де басында спартакиадаға қатысатындықтары жайында уәде бергенмен, соңғы кезеңде командасын әкелмеді. Орта Азиядан да күткен командалар қатыспады.
– Біз, – дейді Е.Таласбаев, – спартакиаданың ауқымы мен шеңберін ұлғайту үшін ТМД елдерінің спорт комитетімен бірге спорттың әр түрінен әр кезеңде өткізу жөнінде ұсыныс жасадық. Бүгінгідей классикалық түрде емес, бір жарыс ауанында бірнеше спорт түрінің әмбебап базасын дайындау оңай шаруа емес. Жарайды, Ресей Федерациясында әскери дене шынықтыру институтында бұл база бар. Сондықтан комитет отырысында спартакиаданы кезеңдік чемпионатқа бөлу жөнінде ұсыныс айттым. Мәселен, бір чемпионатты Қазақстан, өзгесін басқа мемлекеттер алсын. Осылайша, біздер спорттың бір түрінен мейлінше қатысушыларды қамтымақпыз. Екінші жағдай, әр мемлекет спартакиадаға спорттың барлық түрінен спортшылар дайындай алмауы мүмкін. Бір жерде ол спорт түрі жақсы дамыған, ал басқаларында баяу. Сондықтан бір-екі спорт түрінен ТМД елдері өз спортшыларын бәйгеге қоса алады. Ал спартакиаданың басты ұраны – “Спорт достыққа бастайтын жол”. Орын алу, медальға ие болу – ол кейінгі мақсаттарымыз.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, Алматы.