• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Тамыз, 2010

Азиадаға арналған автошеру

533 рет
көрсетілді

5 тамыз күні Астанада қысқы Азия ойындарына дайындық жөніндегі қалалық дирекция, “Нұр Отан” ХДП және “Sport Racіng Club” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен “Қазақ­стан – Ресей – Финляндия” автошеруіне қатысқан жергілікті “Sport Racіng Club” клубының мүшелері 9000 шақырым жерді жүріп, келіп жетті. Олар автошеру барысында Ас­тана – Ювязкюля – Астана және кері бағытта жол жүріп, саяхаттың соңғы нүктесі Финляндияда өткен WRC әлемдік раллиінде болды. Оған қазақстандық Арман Смайы­лов қатысты. Автошерудің басты мақсаты – VІІ қысқы Азия ойындарын на­сихаттау, ірі халықаралық жарыс­тарды кәсіби ұйымдастыру­шы­лар­дың тәжірибесін зерттеу болды. Мұнда олар ралли ұйымдастыруға еріктілерді тарту тәжірибесін үйреніп, Себастьян Ожье, Петтер Солберг, Яри Мати Латвала сияқты белгілі жарыс иелерімен кездесті. Естеріңізге сала кетсек, ойын алауы елорда бойынша Есіл өзенінің айдынынан өту аясында 2011 жылдың 30 қаңтарында ралли өтіп, ондағы жеңімпаз өз автокө­лігінде Азиада алауын алып өту құқығына ие болады. Автошеру 19 шілдеде Астана қа­ла­сында VІІ қысқы Азия ойын­дарының ашылуына қалған күнді есептейтін стелладан басталған болатын. Сөйтіп, Астанадан авто­ше­руге қатысушылар Эстафета ди­рекция­сымен бірігіп, Қазақстанның солтүстік өңірлерін жүріп өтті. Одан әрі команда бөлініп, авто­шеру Финляндияға бағыт алса, “Mіtsubіshі” колоннасы Азия ой­ындары алауының бағыты бой­ын­ша алға жылжыды. Алау эстафе­та­сының ресми серіктесінің автокө­лік­терінде елді аралай отырып, ди­рекция қызметкерлері Қазақстан­ның барлық өңірлерінде белгі­лемелік жиналыстар өткізді. Жо­баның тұсаукесер рәсімдері алауды алып жүрушілерді іріктеуге арнал­ған семинарлармен бірге жүргізілді. Ал кері жолда Қазақ елінде “Нұр Отан” партиясының өңірлік филиалдары ұйымдастырған кезде­сулерде автошеруге қатысу­шылар алдағы Азиада туралы өз пікірлерін ортаға салып, авто және мото­клуб­тардың өкілдерімен, Солтүстік Қа­зақстан және Ақмола облыста­рының жастар бірлестіктерімен тәжірибе алмасты. Дастан КЕНЖАЛИН.