Кеше Тэгуде Алматының мәдениет күндерінің ашылу салтанаты болып өтті. Рәсімге Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов пен Тэгу қаласының мэрі Ким Бум-Иль қатысты.
Осынау мәдениет күндерінің аясында әралуан жанрдағы музыка салалары әртістерінің қатысуымен өтетін үлкен гала-концерт жоспарлануда. Мұнда Нұржамал Үсенбаева, Асылбек Еңсепов, Айгүл Қосанова сынды дарынды өнер иелері, сондай-ақ “Арнау” дуэті, “Сазген сазы” фольклорлық-этнографиялық ансамблі және басқалар өнер көрсетпек. Сонымен бірге отандық дизайнерлердің сәнді киімдері таныстырылып, Алматы туралы сурет көрмелері, қолданбалы өнер және көне зергерлік бұйымдар көрмелері ұйымдастырылмақ.
Алматы мен Тэгу арасындағы бауырластық байланыстардың орнатылуы туралы келісімге тәуелсіздіктің сонау арай таңында, 1991 жылы қол қойылғандығын еске сала кеткен артық болмас. Тэгу аумағы һәм халқының саны жөнінен Корея Республикасының аса ірі қалаларының бірінен саналады. Ол әрі экспортқа шығарылатын тауарлар өндіретін орталықтардың бірі болып табылады. Қалада машина жасау және металл өңдеу саласы жақсы дамыған. Тэгудің атағы шетке тоқыма өнеркәсібі өнімдерін шығару арқылы да шыққан. Алдағы уақытта ару Алматы мен тындырымды Тэгу арасындағы байланыстардың жаңа белестерге көтерілетініне күмән жоқ.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.