• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Тамыз, 2010

Жаңа оқу жылына әзірлік қалай?

856 рет
көрсетілді

Тілшіге тығыз тапсырма Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Сүйікті мектебін сағынып жүрген жас жеткіншектерді қабылдауға білім ұяларының әзірлігі қандай? “Егеменнің” тілшілері осы жөнінде әңгімелейді.

Алматы облысынан — Күмісжан БАЙЖАН:

— Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы жас­тар­дың бәсекеге қабілетті білімі мен белсенділігіне тікелей байла­нысты екендігін Елбасы әрдайым атап айтып келеді. Сондықтан да аталған салаға бөлінген қаржы кө­ле­мі өсіп, білім шаңырақтары за­манауи құрал-жабдықтармен то­лықтырылуына назар аударылуда. Талдықорған қаласының шығы­сын­дағы Қаратал шағын ауда­нында жыл өткен сайын жаңа құ­рылыстар бой көтеріп, халық саны өсу үстінде. Демек, мектепке бара­тын шәкірттер мен бақша есігін ашуға тілек білдіруші балғындар қатары жеткілікті. Шаһардың оңы мен солынан да сәулетті әсем ғимараттар салынып, құрылыстары жедел жүргізіліп жа­тыр. Солардың қатарында көп қа­батты Назарбаев зияткерлік мектебі мен спорт сарайының құрылысын атап айтуға болады. Тамыз айында пайдалануға бе­рі­летін аталған нысандарды арала­ған­дар құрылыс алаңындағы жұ­мыс­пен танысты. Назарбаев зият­кер­лік мектебіне бюджеттен 2 млрд. 286 млн.теңге бөлініп, қазіргі кезде 750 адам жұмыс істеуде. Ғи­марат­тың ішкі әрлеу жұмыстарының тиянағы келтіріліп, жиһаздармен қамту мәселесі қолға алынды. Зият­керлік мектепте жан-жақты жабдықталған 45 оқу кабинеттері, 2 бассейн, 2 асхана, спорт залы мен шынығу алаңы, тағы басқа шәкірт­тердің саламатты өмір салтын қа­лыптастыруына қажеттіліктер то­лық қарастырылған. Оқу кабинет­те­рі интерактивті тақталармен жаб­дықталса, мектеп жанынан 90 орынға лайықталған балабақшада 3-6 жас аралығындағы бүлдір­шін­дер қазақ, орыс, ағылшын тілде­рінде тіл сындыратын болады. Үш тұғырлы тіл мәселесі өңірде осылай жүзеге асырылмақ. Аталған мектепке жаңа оқу жы­лын­да 600 оқушы қабылданады деп жоспарланса, алғашқы кездегі ірік­теуден 490 бала өткен. Қалғаны 10 тамыздағы іріктеу барысында қа­был­данбақшы. Сонымен қатар, білім шаңырағындағы 1-6 сынып аралығында оқитындардың жылдық төлемі де белгіленген. Ал жетінші сы­ныптан жоғары Президент гран­тымен оқыту жалғастырылады. Десек те, 240 баланың грантқа ие болу мүмкіндігі бар. Егемен еліміздің ертеңі үшін бәсекеге қабілетті мамандар дайындайтын білім шаңырағында математика мен физика пәндері тереңдетіліп оқы­тылмақшы. Сондықтан да мұнда өңірдегі іріктеуден өткен ең білімді, тәжірибелі мұғалімдер сабақ беретін болады. Құрылысшылар енді қысқа мер­зімде пайдалануға берілетін нысандағы құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуге ден қойған. Ал, қаланың оңтүстігіндегі 8 гектар ау­мақтағы cпорт сарайының құры­лысына 3 млрд. теңгеден астам қар­жы қарастырылыпты. Әсем сарайда спорттың бірнеше түрінен жарыс өткізілетін болса, спортшылардың денсаулығын шынықтыратын топ­тардың жаттығуына арналған құрыл­ғылар және ғимараттың астыңғы қабатында автотұрақ, техникалық ғимарат, кафе, нысана көздейтін тир орналастырылған. Сондай-ақ, мини-футбол мен баскетболға ар­налған спорттық арена, көрермен­дерге арналған трибуна, бассейн, қонақ үй де жұртшылыққа қызмет етпек. Екінші қабатта әмбебап зал, холл, самбо, дзюдо, таэквондо, бокс, еркін классикалық күрес, спорттық би залы мен мұражай, үшін­ші қабатта баспасөз орталығы мен басқа да орындар, төртінші қа­батта залдарды техникалық жарық­тандыру құрылғылары орналасты­рылыпты. Облыс әкімі Серік Үмбетов cпорт сарайының алдында жыр алыбы Жамбылдың ұлы ұстазы Сүйінбай Аронұлының ескерткіші бой көтеретінін жеткізді. Талдықор­­ғанның көркіне жаңа әр беретін қос ғимараттағы соңғы жұмыс­тар­дың тиянағын келтірген құрылыс­шылар еңбегі қарқынды.

Қарағанды облысынан — Айқын  НЕСІПБАЙ:

— Қазір ел іші жаққа жол түсіп жүргенде алдымен назар аударыла­ты­ны мектептердің қысқа әзірлік, жөндеу жұмыстарының жай-күйі. Ауылдардағы қарбалас шаруа іші­нен анадайдан көзге шалынатыны да осы. Әр елді мекеннің орта тұ­сын­дағы еңселеу ғимарат айнала­сында қыбырлаған адам, қозғалған техника көрінсе, жұрттың неге жұмылып жатқаны біліне қалады. Жаңаарқа ауданының Байдалы би ауылына атбасы бұрылғанда аңдағанымыздай, мектеп кейпін келбеттендіру үстінен шықтық. Құрылысшылар қимылына бас-көз болып тұрғандар арасында жер­гілікті әкім Талғат Әбдуов те, білім ұясы директоры Жанкелді Сембин де бар екен. Бірден іс барысына құлақ түрілді. Бұл өзі кешегі өтпелі кезеңнің алдында ғана салынған, 730 оқу­шыға арналған мектеп көрінеді. Сол кезде де осынша шәкіртке тол­маса, бүгінде 167 жеткіншекке ықшамдалуына тура келген. Соған байланысты үшінші қабаты жабы­лып, сабақтар екі қабатында жүр­гізілуге ыңғайланыпты. Бірін­ші­сінде жөндеу бітіп, екіншісі де жа­ңарған қалыпқа еніп қалыпты. Еден­дері алмастырылып, есік-тере­зелері қайтадан орнатылған, қабыр­ғалары әдемі әрленген. Енді аз күн­де мұғалімдер, ата-аналар, оқушы­лар көзайымына айналмақтығы байқалды. — Оқу жылы аяқталысымен іске кірісіп кеткен едік. Сырттан бірлі-екілі шебер маман көмекке ша­қы­рыл­мағаны болмаса, жөндеу жұ­мыс­тарына қамтылғандар негізінен өз ауылдастарымыз. Бұрын білмей ке­ліппіз, алтын қолды ісмерлер біз­де де аз еместігіне көзіміз жетті,–деп мектеп директоры ризалық білдіріп, Жергілікті құрылысшылар еңбегі айтса айтарлықтай екеніне сапалы жөндеу айғақ көрінген. Осы аймақтың Бидайық ауы­лын­дағы мектеп те танығысыздай өз­геріске таяпты. Аудан әкімінің орын­басары Марат Жандәулетов сонда да сынай көз тігіп, кейбір кемістіктерді қалт жібермейді. Оның назарына көмір үйілетін орынның қоршалмай қалғанына шейін ілігіп, дереу қоршау орнату ескертілуінен бұл істе ұсақ-түйек жоқтығы сезілді. Соған тағы бір мысал ретінде Бидайықтан бір шақырымға жетер-жетпес жердегі разъезд басынан бастауыш мектептің салынуы болып табылады. Өйткені, мұндағы балалардың әсіресе, күз-қыс айларында орталықтағы білім ошағына жаяу-жалпылап келіп оқуы ауыр соғып келген еді. Олар бұдан былай қарай үйлерінің дәл іргесіндегі мектепте оқи алады. Біз облыстық білім департа­ментінен жаңа оқу жылына аудан­дар дайындығын білгенімізде Жаңа­ар­қа өңірі алдыңғылар қата­рын­да аталуы жоғарыда айтылған­ды растай түсті. Аудан мектептері бәрі оқу бүгін басталса да есік ашуға әзір екен. Жалпы, облыс бойынша “Жол картасы” бағдарламасы аясында жаз маусымында 158 білім беру нысаны жөндеуге қамтылып, сол үшін 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның кешегі күнге дейін 73 пайызы игерілсе, қалған уақытта толықтай жаратылуы іске аспақ. Сонымен қатар өз тарапымыз­дан ата-аналардың бұл реттегі ой-пікірлерін білуді де ескерген едік. Сөйлесілгендердің біразы жыл сайын мектептердің оқу жылына дайындығы жақсарып келе жатқан­дығын, бұған алаңдаушылықтары аздығын айта келіп, ең қиыны оқу құралдарының оңайлықпен қолға түсіртпейтіндігі қинайтындығына өкпе-реніштерін сездірді. Мек­теп­тік үлгідегі киімдер сатып алу да жеңіл емес делінді. Бұл әсіресе, алыс­тағы Ұлытау, Ақтоғай аудан­дары тұрғындары алдынан жылма-жыл шығатын мәселе көрінеді. Көп балалы отбасылардың жиірек ұшырасатыны да осы жақтар. Олардың бір шаңырақтан мектепке баратын төрт-бес балаға қымбатқа бірнеше кітап, киім сатып алып беруге жағдайлары жетімсіз. Осыған байланысты қарастырылған жеңіл­дік шаралардың бар-жоғын біле алмадық. Олай болмағанның өзінде ауыл-ауылдарда оқулықтар, мектептік киімдер жәрмеңкесін өткізуді ойластыруға болар еді ғой. Оқу жылына дайындықта ешнәрсе ұмытылмауы керек-ақ қазір. Онда ұсақ мәселе жоқ.

Қызылордадан — Еркін ӘБІЛ:

— Жаңа оқу жылының басталуына санаулы – ақ күндер қалды. Содан да облыстық білім басқармасының бастығы Жаңыл Алпамысқызы Жонтаеваға “Сыр аймағындағы білім  ордаларының жаңа оқу жылына әзірлігі қалай?” деген сауал тастаған едік. – Әңгімемді өткен оқу жылы қол жеткізген азын-аулық жетіс­тік­терден бастасам деймін. Ағымдағы жылғы 15-21 сәуір аралығында жалпы білім беретін пәндер бой­ынша Қызылорда қаласында бірін­ші  рет республикалық олимпиада өткізілді. Олимпиадаға еліміздің барлық аймақтарынан жүзден озған жүйріктер қатысып, сырбойылық 12 оқушы жүлделі орындарды ие­лен­ді. Ал биылғы жылы  6933 мек­теп бітірушінің 5069-ы ҰБТ тап­сыруға қатысып, облыс бойынша орташа білім көрсеткіші 88,7 балды құрауы зор жетістік болса, “Алтын белгіге” ұсынылған үміткерлердің 130-ы, яғни 71,8 пайызы иеленді. Аймақтағы білім мекемелерінің 2010-2011 оқу жылына әзірлігі са­қадай-сай десем, асыра айтқан­ды­ғым болар. Неге дейсіз ғой? Білім саласында бізде ғана емес, елі­міздің өзге де аймақтарында күр­меуі қиын күрделі мәселелер жоқ емес. Өздеріңізге мәлім, Елбасы­мыздың “Жаңа он жылдық – жаңа эко­номикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кін­діктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында, сондай-ақ ҚР білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекет­тік бағдарламасы аясында айқын­далған міндеттерді іске асыру жеңіл жүк болмаса керек. Бүгінгі таңда білім беру отау­ла­рын ақпараттандыру, жаңа техно­ло­гияларды ендіру өзекті мәселе­лердің бірі болғандықтан, бұл ба­ғытта аймақта үлкен ілгерілеуші­лік­тер бар. Білім ошақтарын ком­пью­термен жабдықтау, интернетке қосу, озық техникалар мен техно­ло­гияларды пайдалану білім беру саласы жұмыстарының басым бағыттары болып есептеледі. Облыс аймағындағы 289 мектепте 8363 компьютер орнатылған. Егер 2006 жылы бір компьютерге шаққанда 37 оқушыдан болса, 2010 жылы 15 оқушыдан келіп отыр. Сондай-ақ мектептерді мультимедиялық каби­неттермен жабдықтау 2005 жылы бастау алып, бүгінде 207 мульти­медиялық кабинетпен жалпы білім беретін орта мектептердің 71,6 пайызы қамтамасыз етіліп отыр. 2007 жылдың қыркүйек айын­дағы Елбасының қатысуымен өткізілген интерактивті сабақтың ұйымдастырылуына орай облыс мектептерінің 93 пайызы, яғни 269 мектеп интерактивті тақтамен жаб­дықталды. Сондай-ақ қазіргі уақыт­та аймақтағы мектептердің 94,8 пайызы интернетке қосылса, осы­лардың дені кең жолақты интернет желісіне қосылған. Елбасымыздың елімізде оқу теледидарын құру қа­жеттігін баса айтуына байланысты облыстық телеарналар арқылы “Қашықтықтан оқыту” бағдарла­ма­сы бойынша оқу сағаттары өткізіл­мек. Сөз орай келгенде айта ке­тейін, мектептерге “Ақпараттық киоск” бағдарламалары жасақ­та­лып, ата-аналар мектептегі оқу­шы­лар үлгерімі жөніндегі ақпарат­тарға дер кезінде қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда Сыр аймағында 25 білім ордасының құрылысы қар­қын­ды жүргізілуде болса, соның 14-і жаңа оқу жылында пайда­ла­ну­ға беріліп, 1 қыркүйек күні бүл­дір­шіндерге есіктерін  айқара аш­пақ. “Жол картасы” бағдарлама­сы­на сәйкес бюджеттен 730807,0 мың теңге қаржы бөлініп, 26 білім ошағы күрделі жөндеуден өткізілді. Ал, оқулықтар сатып алуға 243805,0 мың теңге қаржы қаралып, тасымалдау жұмыстары аяқталуға таяу. Бүгінде осыған байланысты күнделікті “Мектеп жәрмеңкелері” өткізілуде. Үкіметтің “Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2011 жылдарға арналған “Балапан” бағдарламасын”  жүзеге асыруда да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бү­гінде облысымызда 164 балабақша жұмыс жасап жатырса, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылды­ғын­да 570 орындық 12 балабақша пай­далануға берілді. Ал, шілде айынан бері 330 орындық 9 жеке балабақ­ша ашылды. Жыл ерекшелігінің бірі – жаңа оқу жылында 9 блок­тан тұратын Жаңақорған ауданында 300 орындық жаңа лагерь ашылмақ. Биылғы тағы бір ерекшелік, аудан­дық, қалалық тамыз кеңестерімен қатар аудандарда түрлі басқосулар ұйымдастырылмақ. Биылғы оқу жылында “Өзін-өзі тану” пәні барлық білім беру ұйымдарында жүргізілмек. Осыған орай, “Оқу-тәрбие беру жүйесіне “Өзін-өзі тану” курсының идея­ларын енгізу” тақырыбында “Өзін-өзі тану” пәні мұғалімдерінің қатысуымен облыстық интернет-педкеңес өткізбекпіз. Сонымен қатар, “Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008 – 2012 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасы” аясын­да кәсіптік білім берудің аймақтық үлгісін дамыту” техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орын­да­ры педагог қызметкерлерінің тамыз кеңесі де өткізіледі.