Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы Астанадағы “Астана-арена” жабық стадионында Оман дәулетінің құрама командасын қабылдайды. Жолдастық кездесу мәртебесімен өтетін бұл ойын еліміз таңдаулы жасағының қыркүйек айында Еуропа чемпионатының бірінші іріктеу матчында Түркия құрамасымен өткізетін шайқасы алдындағы басты сынағы болмақ.
Жанкүйер қауым республика футбол федерациясының осының алдында жолдастық кездесуді Эквадор құрамасымен өткізуге келісім жасасқанын жақсы біледі. Бірақ, жеме-жемге келгенде, бұл елдің футбол тізгінін ұстап отырған басшылары жер шалғайлығын желеу етіп, бұл ойынды өткізуден бас тартты. Сол кезде Оман елінің жайсаңдары жәрдемге келіп, тұйықтан шығудың тура жолын тауып берді.
Әлбетте, Оман футболын Оңтүстік Американың аяқдоп шеберлері қазанында қайнап жүрген Эквадордағы деңгейден күшті еді деп айта алмаймыз. Бірақ әлемдік рейтингіде Қазақстаннан едәуір жоғары тұр. Дәл қазіргі таңда ол 81-ші шепте. Ал Азияда 8-ші болып саналады. Соған қарамастан, Араб түбегіндегі шағын елдің футболмен айналысқаны да қызық. Бұл мемлекетте футбол федерациясы сонау 1930 жылы құрылыпты. Сол жылы ФИФА-ға мүше болып енеді. Содан 1965 жылға дейін бірде-бір сырт жұрттың үздік командасымен кездесу өткізбепті. Тіпті 1982 жылға дейін әлем чемпионатының іріктеу жарыстарына қатыспаған. Ал бірінші ойынын 1965 жылғы 2 қыркүйекте Маскат сұлтанатының жігіттерімен өткізіп, 15:0 есебімен тас-талқан етеді. 1986 жылы ФИФА-дан шығып кетіп, 1990 жылы қайта оралады. Алайда, содан кейін өзі қатысқан іріктеу турнирлерінен ілгері шығып көрмеген. Оның Азия конфедерациясындағы жағдайы да осындай ала-құла, бірде чемпионаттың ілкі ойындарына қатыспай қойса, қатысқан кездерінде топтан алға жылжи алмаған.
Бүгін Оман құрамасындағы ең танымал ойыншы ретінде қақпашы Али Аль-Хабсидің аты аталады. Себебі, ол Англияның премьер-лигасындағы “Уиган” командасында ойнайды. Құраманы француз маманы Клод Ле Руа басқарады. Ол бұған дейін Гана, Конго және Камерун құрамаларын жаттықтырып, соңғысына 1988 жылы Африка кубогын алып берген екен.
Бұл матчқа маусым-шілде айларында Оңтүстік Африка Республикасында өткен әлем чемпионатында қазылық жасап, өзін өте жақсы жағынан көрсеткен өзбекстандық Равшан Ирматов төрешілік етеді. Ол 2008 және 2009 жылдары Азияның ең үздік төрешісі атанған.
Сонымен, бүгін біздің футболшылар үшін жауапты матч. Жолдастық кездесу болғанымен, салмағы жоғары. Себебі, ол құраманың сындарлы сынақ алдындағы нақтылы дайындығын көрсетеді.
Серік ПІРНАЗАР.