• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Тамыз, 2010

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Конституция бойынша өмір сүру – азат адамдардың артықшылығы

651 рет
көрсетілді

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Қадірлі қонақтар!

Қазақстан халқы осыдан 15 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, бағыт-бағдарын, жүрер жолын айқындады. Еліміз 1995 жылы өзінің талғам-тал­­қы­сынан өткен басты құжатын – төл Конс­титуциясын жүрек қалауымен қа­был­дады. Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Қастерлі құндылығымыздың қағидат­та­рын бұлжытпай орындаудың нәти­же­сінде біз қысқа мерзімде мызғымыс мем­лекеттігімізді орнатып, тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік. Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығы­мыз­дың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен тату­лықтың берік тұтқасы болды. Конституция – мемлекеттік биліктің қай­нар көзі – халықтың өзі екенін ай­қын­дады. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Осы мерейлі межеге биыл 15 жыл то­лып отыр. Бүгінгі конференцияның осы ай­рықша мереке қарсаңында өткізілуі оның маңызын арттыра түседі деп есептеймін. Құрметті конференцияға қатысушылар! Қымбатты шетелдік қонақтар! Ең алдымен мен сіздерді, кон­фе­рен­цияның барлық қатысушыларын, әсіресе Конституцияның 15 жылдық мерейтойын мерекелеуге келген біздің шетелдік қонақ­тарды құттықтағым келеді. Бұл оқиғаның біздің халқымыз үшін зор маңызы бар. Негізгі Заңды қабылдау жөніндегі бү­кіл­халықтық референдум жаңа елдің не­гізгі қағидаттары мен құндылықтарын бекіткен Қазақстан халқы бірлігінің бірегей тарихи актісіне айналды. Әрине, біздің Конституцияға әлемдегі бағзы конституциялар секілді ғасырлық мерейтойларға әлі алыс, бірақ та орын­далған міндеттердің ауқымы жағынан біздің Негізгі Заңды олармен салыстыруға әбден болады. Біздің Отанымыздың 15 жылдағы бар­лық жетістіктері – бұл Конституцияның және соның негізінде қабылданған заңна­маның іс-әрекетінің нақты нәтижесі. Негізгі Заңда барша қазақстандық­тар­ға түсінікті де етене ортақ құндылықтар нақты заң тілімен баяндалған. Бұл 140 этнос пен 46 діни қауым­дас­тық келісім мен достықта өмір сүріп отырған Қазақстан жерінің киелілігі, қол сұғылмастығы және біртұтастығы. Бұл – жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діні мен басқа белгілері бойынша азаматтарды кемсітушілікке қатаң тыйым. Осы негізде басты конституциялық қа­ғидаттар – бейбітшілік пен тұрақ­ты­лық, бүкіл халық игілігі жолындағы экономикалық даму қамтамасыз етіледі. Француз ойшылы Шарль Монтень “ең жақсы мемлекеттік құрылым бұл халықты тұтас бірлік ретінде сақтай алған құрылым” екенін атап өткен. Халықтың бірлігі – бұл ең алдымен мем­лекеттік институттардың бірлігі. Бұл мақ­сатқа Конституцияның арқасында қол жеткізілді. Қазақстанда халықтың барынша ба­сым қолдауы жағдайында күшті прези­дент­тік би­лік орнықты. Мемлекеттің қа­лыптасуы, әлеуметтік, экономикалық және саяси жаң­ғырту жағдайында жоғары биліктің әлсіз болуға құқығы жоқ. Мұны посткеңес­тік ке­ңістіктегі көптеген елдердің сәтсіз мем­лекеттік құрылыс тәжірибесі көрсетіп берді. Қазақстанда конституциялық дамудың 15 жылында бірде-бір саяси дағдарыс болған емес. Барлық мәселелер біртұтас мемлекеттік билік тармақтарының өзара ықпалдастығы туралы қатаң конститу­циялық қағидаттар негізінде шешілді. Конституциялық заңдылықты қамта­ма­сыз етуде Конституциялық Кеңес ма­ңызды рөл атқарады. Оның қызметі – қазақстан­дық заңнаманың Негізгі Заңның рухы мен қарпіне сәйкестігінің сенімді кепілі. Конституция қоғамның демократия­лық әлеуеті өсуінің сенімді негізі болды. Қазақстанда екі мың алты жүзден астам бұқаралық ақпарат құралдары, 18 мыңнан аса үкіметтік емес ұйымдар ойдағыдай да­мып отыр. Біздің газеттер мен журналдар ағылшын, әзірбайжан, неміс, корей, ук­раин, ұйғыр, өзбек, дүнген, татар тілдерін қоса алғанда 11 тілде шығады, ал театр­ларда алты тілде өнер көрсетеді. Олардың бәрін толықтай мемлекет қаржылан­ды­ра­ды. Мұндай тәжірибе әлемде еш жерде жоқ. Бұл мемлекеттің ізгі ниеті. Бұл – көп­ұлтты халыққа, оның тілдері, діндері мен мәдени қажеттіліктері туралы қам­қорлық. Қазақстан халқы Ассамблеясы – маңызды конституциялық орган, ол Пар­ла­ментке 9 депутат сайлайды. Биылғы жылы ол да 15 жылдық мерейтойын атап өтеді. Оның табысты тәжірибесін әлемде кеңі­нен зерттеуде. Бұл тәжірибе – тілдер­ді, мәдениеттерді өркендету, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, ұлтаралық келі­сімді нығайту жөніндегі үлкен де сан қыр­лы жұмыс. Бұл – екі жүзден астам этнос­тық мектептер, 195 жексенбілік тіл орталықтары. Конституцияда бекітілген мемлекеттің зайырлы сипаты – қоғамда толерантты­лық­ты нығайтудың маңызды шарты. Біздің бастамамыз бойынша Астанада Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің үш съезі ойдағыдай өтті. Негізгі Заң – елдің экономикалық өмірін реттейтін бүкіл заңнамалық база­ның өзекті конструкциясы. Қазақстан ТМД-да бірінші болып салық, зейнетақы реформасын жүргізді, олардың посткеңес­тік кеңістікте баламалары жоқ. “Цифрлар әлемді басқармайды, бірақ та ол қалай басқарылатынын көрсетеді” дейтін сөз бар. Сондықтан да қызыл сөз емес, фактілер мен цифрлар барынша объективті. Ұлттық экономикаға жүз миллиард дол­лардан астам тікелей шетелдік инвес­тиция тартылды. Жаңа ХХІ ғасырдың алғашқы жеті жылында ғана ІЖӨ көлемі екі еселеніп, өнеркәсіп өнімдерін шығару екі есеге және ауылшаруашылық өнім­дерін шығару бір жарым есеге ұлғайды. Бұл ретте жан басына келетін ІЖӨ 15 жылда жеті жүз доллардан сегіз мың дол­ларға дейін, яғни 11 есе ұлғайды. Тіпті көптеген елдерде даму қарқынын тежеген әлемдік дағдарыс жағдайында қа­зақстандық экономиканың оң серпінділігі жоғалған жоқ. Қазір бізде қуатты эконо­ми­калық өсу жалғасуда. Бірінші жарты­жылдықтың қорытындылары бойынша біз ІЖӨ көлемін 8 пайызға ұлғайттық, басқа макроэкономикалық көрсеткіштер де өсуде. Біздің мемлекеттің әлеуметтік сипаты туралы конституциялық қағидат жаһан­дық дағдарыс салдарына қарсы күрестің қиын уақытында барынша толығынан кө­рінді. Ең бастысы, адамдарға көмек көрсетілді. Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында өткен жылы ғана 400 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Дағдарыстың ең шырқау кезінде біз жұмыссыздықты азайттық. Осы жылдың аяғына дейін тағы да 200 мың жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Бүкіл еліміз бойынша жүздеген жаңа кәсіпорындар, мектептер, жоо-лар, ауру­ханалар мен басқа да әлеуметтік нысандар ашылды, жолдар жөнделді. Тұтастай ал­ғанда, 1996 жылмен салыстырғанда ха­лықтың табыс деңгейі 14 есе артты. Бала туу 4 есе ұлғайып, орташа өмір ұзақтығы өсті. Негізгі Заңды қатаң басшылыққа алу біздің елімізге жаңа перспективалар ашып береді. Биылғы жылы қазақстандықтар 2020 жылға дейінгі жаңа онжылдықтың стратегиялық жоспарын орындауға кірісті. Жедел индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қа­был­данды. Оны іске асыру аясында биыл­ғы жылы ғана 140-тан астам бәсекеге қабі­летті жаңа өнеркәсіп орындары іске қосылады. Біз құқықтық жүйені жетілдірудеміз. Менің Жарлығыма сәйкес құқық қорғау органдарын реформалау жөніндегі мін­деттер анықталды. Реформаның басты мақ­саты – қылмыстық саясатты ізгілен­діру, криминалсыздандыру. Негізгі Заң Қазақстанның сыртқы сая­сатының басты қағидаттарын – теңдес­тіру­шілікті, салиқалылықты, көпвектор­лықты орнықтырды. Біздің еліміз әлемде бірінші болып және бір өзі атом қаруынан бас тартты, әлемдегі аса ірі Семей полигонын жауып, жа­һандық ядролық үнқатысудың белсенді қатысушысына айналды. Қазақстан бүгінде БҰҰ-ға арнаулы Ядролық қарусыз әлем туралы Декларация қабылдауды ұсынып отыр. Екі күннен кейін, 29 та­мызда, әлем алғаш рет біздің бастамамыз бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіт­кен Ядролық сынақтарға қарсы халықара­лық іс-қимыл күнін кеңінен атап өтеді. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңесті шақыру туралы біздің бастамамыз халықаралық қатынас­тардың тиімді институтына айналды. Биылғы жылы ЕҚЫҰ-ға басшылық етіп отырған Қазақстан Еуразиялық қауіпсіздіктің континенталдық тұғырна­ма­сы туралы идеяны ұсынды. Өздеріңіз білесіздер, 1-2 желтоқсанда Астанада ЕҚЫҰ мемлекеттері басшы­лары­ның Саммиті болады. Оны өткізу туралы бірауызды шешім – ЕҚЫҰ-ға қазақстан­дық төрағалық табыстылығының дәлелі. Құрметті конференцияға қатысушылар! Қазақстан Конституциясы – бұл заң қарпінде өрнектелген жалпыұлттық идея. Ол біздің ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтарының азаттық және өз тағдырын өзі шешу мүмкіндігі туралы, билік барша халықтың мүддесіне қызмет ететін мем­лекет туралы, бүкіл әлемге белгілі әрі құр­мет­телетін тәуелсіз ел туралы арман­дарының осы заманғы құқықтық түсінік­те­рін бейнеледі. Нақ сондықтан да біз міне енді екінші жыл қатарынан Консти­туция күнінде салтанатты парад және бүкіл еліміз бойынша бұқаралық патриот­тық акциялар өткіземіз. Жиырма шақты мемлекеттің өкілдерін жинаған бұл Халықаралық конференция Қазақстандағы конституциялық құрылыс­тың табысты тәжірибесіне деген басқа елдердің жіті назарын танытады. Біздің елімізге деген қызығушылықтарыңыз үшін, конференцияның жұмысына қатыс­қандарыңыз үшін сіздерге ризашылық білдіреміз. Осы залда Конституция жобасын жа­сау жөніндегі күрделі жұмыста маған кө­мектескен ғалымдар отыр. Мен қазақ­стандық конституционализмнің қалып­тасуы мен дамуына зор үлес қосқан сіз­дерге терең ризашылығымды білдіремін. Құрметті қазақстандықтар! Құрметті достар! Біз жыл сайын Конституция күнін елдің Негізгі Заңына деген құрмет үшін ғана емес, ең алдымен, өзімізге деген құр­мет үшін атап өтеміз. Біз, Қазақстан хал­қы, өз басымыздан өткеріп, өзіміз анық­таған өмір ережелері мен нормалары үшін атап өтеміз. Конституция бойынша, заң бойынша өмір сүру – жай ғана қажеттілік пен аза­маттық міндеттілік емес. Бұл – азат адам­дардың артықшылығы. Өз құқықтарының бағасын біліп, басқалардың да осындай құқықтарын мойындайтын адамдардың артықшылығы. Осындай жағдайда ғана біз – жеке азаматтар емес, Қазақстан хал­қымыз, тұрғындар емес, қоғамбыз, аза­маттық қоғамбыз. Географиялық кеңістік емес, бізді біріктіретін елміз. Конституция күнінде біз Атажұрт алдындағы жауапкершілігіміздің қандай­лық зор екенін айрықша ұғынамыз. Және, ең алдымен, мемлекеттің қызме­тін­де тұратындардың жауапкершілігін ұғынамыз. Елдің мемлекеттік мәшинесін жұмыс жағдайында ұстап тұруға, оның босаңсуына, тығылуына немесе бос айналымдарда жұмыс істеуіне жол бер­меуге және, ақыр аяғында, осынау күрделі де қымбат тұратын мәшиненің шұғыл саяси бұрылыстарда ауып қалмауына ке­пілдік беруге тиістілердің жауапкершілігін ұғынамыз. Ал біздің әрқайсымыз не үшін қызмет етіп жүргенімізді айқын сезінеміз. Біздің азаматтардың азаттығы мен қадір-қасиеті шын мәнінде елдің ұлттық қауіпсіздігінің мәселесі екендігін сезінеміз. Бұл тамаша датаның мәні осында жатыр. Мен сіздерді алдағы мерекемен – Қазақстан Республикасы Конституция­сының 15 жылдығымен құттықтаймын. Конференцияның барлық қатысушы­ларына табысты да жемісті жұмыс тілей­мін! Назарларыңызға рахмет.