Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған “Конституция – мемлекеттің демократиялық дамуының негізі” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның бірінші бөлімі болып өтті.
Оның жұмысын Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Игорь Рогов ашып, құттықтау айту үшін алғашқы сөзді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. Конференцияға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Елбасы 15 жыл ішінде қол жеткізілген біздің Отанымыздың барлық жетістіктерін атап өтті. Бұл – Конституция іс-қимылының және оның аясында қабылданған заңнамалық базаның нақты нәтижесі, деді Президент (Президенттің сөзі бөлек беріліп отыр).
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның отырысы барысында құқықтық мемлекет институттары мен азаматтық қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Халықаралық заңгерлер одағының “Фемида” сыйлығы берілді. Оны одақ төрағасы Андрей Требков табыс етті.
1996 жылы құрылған бұл одаққа 12 мемлекет заңгерлерінің 35 қауымдастығы енеді. Күні бүгінге дейін аталған сыйлық Ресей Федерациясының Президенті Д.Медведевке, Болгария Президенті П.Стояновқа, Мәскеу мэрі Ю.Лужковқа және т.б. берілген екен.
Елбасы Н.Назарбаевтың құттықтау сөзінен кейін мінберге Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Игорь Рогов көтерілді. Ол “Қазақстан Республикасының конституциялық саясаты” деген тақырыпта сөз сөйледі (И.Рогов сөзінің негізгі мәтіні бөлек беріліп отыр).
“Қазақстан және әлем қауымдастығы” деген тақырыпта негізгі баяндаманың бірін Парламент Сенатының Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов жасады. Кез келген мемлекеттің халықаралық саясаты мен беделі, сөз жоқ, мемлекет басшысы мен сол елдің мемлекеттік институттарының, қызметкерлерінің, өкілдерінің ұстанымдары мен іс-әрекетіне, олардың дайындығы мен мемлекетке шынайы жанашырлығына байланысты екені белгілі, деп бастады өзінің сөзін сенатор. Бұл тұрғыдан біздің еліміздің Президенті, құзырлы мемлекеттік орындар, заңгерлер қоғамы, саясаткерлер Конституция аясында берілген мүмкіндіктерді жүзеге асыруда едәуір нәтижелі қызмет атқарып келеді деуге толық негіз бар.
Одан әрі шешен өзінің осы сөздерін дәйекті деректермен байыта түсті. Біріншіден, деді ол, Президент Н.Назарбаев тәуелсіз мемлекет болып ту көтерген күннен бастап әлемдік қоғамдастықпен бейбіт, түсіністік қарым-қатынасты Конституция талаптарына сәйкес қалыптастыруға мүдделі екенімізді дәлелдей алды. Оның мысалына Елбасының ядролық полигонды жабудан бастап, басқа мемлекеттермен достық қатынас орнату ниетіндегі өңірге, ТМД-ға, әлемге әйгілі көптеген бастамалары мен нақты қадамдарын айтсақ та жеткілікті.
Екіншіден, Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастықта қабылданған, қастерленетін адам құқықтарын қорғауды көздейтін барлық халықаралық келісімдерге, конвенцияларға қосылды. Сонымен бірге, осы игілікті бағытта Қазақстан өзі де жаңа бастамаларды әлем сахнасына шығара алды, деп жалғады сөзін шешен. Конституцияның негізінде көптеген жұмыс атқарылды. Соның ішінде Президент мемлекетіміздің тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап қысқа мерзімде еліміздің алғашқы сыртқы саясат стратегиясын бекітіп, әлемнің 150-ден астам мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Конституцияның 2-бабына сәйкес мемлекеттің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету мақсатында көрші елдермен шекарамызды шегендеп алдық. Бұрын шартты ғана шекарамыз болған еді, енді оны көршілес мемлекеттердің бәрі мойындап, шекара талабының барлық ережелеріне сәйкес ресми келісімдермен бекітті. Осылай дей келіп баяндамашы Президенттің дипломатиялық іскерлігінің нәтижесінде ҚХР-мен ғасырлар бойы шешілмеген “даулы жерлер” проблемасы толығымен тең дәрежеде, екі жақтың да мүддесін ескере отырып шешілгенін атап көрсетті. Осыдан кейін Ресей және басқа да көршілес елдермен шекаралық келісімдерге қол қойылғанын айтты. Осының өзі Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи еңбегі, ұлтымыздың тарихи жетістігі екеніне екпін түсірді.
Одан әрі баяндамашы еліміз тәуелсіздігінің арқасында мыңдаған қазақ жастарының, өнер адамдарының әлемдік аренаға шығып жүргенін көлденең тартты. Осының бәрі Конституцияда аталған рух бостандығы мен адамның құқық бостандығының қамтамасыз етілуінің арқасында қол жеткізілген жетістіктер, дей келіп, шешен жуырда болған алқалы жиында Президент көтерген құқық қорғау саласындағы тиімді реформаларды жүзеге асыру да Конституция талабын орындау жолындағы нақты шаралардың бірі екенін атап өтті. Сөзінің соңында Қуаныш Сұлтанов қазіргі кезде әлемнің Қазақстанды мойындап, оның пікіріне құлақ асуы, ең алдымен біздің Конституциямыздың жобасын дайындауға тікелей басшылық етіп, оның орындалуын қатаң бақылап келе жатқан Президентіміздің қайраткерлік еңбегінің жемісі екенін айтты.
Мемлекет құрылысындағы стратегиялық серпіліс және Ұлт көшбасшысының рөлі тақырыбында сөйлеген Парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов негізінен Конституцияның мемлекеттік құрылыстың нығаюындағы маңызына тоқталды. Осы қатарда ол Мемлекет басшысының да жеке басының қайраткерлігіне тереңнен тоқталды. Ұлттық ғылым академиясының академигі Жабайхан Әбділдиннің сөзінде Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы жолында атқарылған барлық саладағы реформалардың тиімді іске асуына Конституцияның игілікті ықпалы көп болғаны туралы молынан айтылды. Заң ғылымдарының докторы, профессор Салық Зиманов өзінің сөзінде Конституцияның тарихилығы туралы әңгіме қозғады. Сондай-ақ ол елдегі демократияның дамуына оның игі ықпал ететін рөліне кеңінен тоқталды.
Парламент Сенатының Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің төрағасы Берік Имашевтің сөзі Конституция нормалары әлеуетін құқық қорғау органдары жұмысын жетілдірудегі фактор ретінде қарастыруға арналды. Бұл бүгінгі күні Президент алға қойып отырған өзекті проблеманы қамтитын баяндама болғандықтан, оған тереңірек тоқтала кеткенді жөн көрдік. Конституцияға сәйкес мемлекет адамның бостандығы мен құқының сақталуына кепілдік береді және оны қамтамасыз етуде кең тараған мемлекеттік тетіктерді қолданады. Соның ішінде жеке адам мен мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынаста адамның құқы мен бостандығын қорғау міндеті соттар мен құқық қорғау органдарына жүктелген, деді Б.Имашев. Одан әрі шешен Президенттің құқық қорғау мәселелеріндегі олқылықтарды сынаған сөздерін еске алып, осыған сәйкес кейбір кемістіктердің сырына тоқталды. Соның ішінде Елбасының құқық қорғау жүйесін жетілдіруде айрықша мән ведомствоішілік мүдделерді қорғауға емес, азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің мүддесін қорғауға берілсін деген сөзін еске ала келіп, осы тапсырманы орындау үшін Президенттің құқық қорғау жүйесін реформалау туралы заң жобасын әзірлеу туралы тапсырма бергенін атап өтті.
Біздің Конституциямыздың 83-бабында, деді ол, прокуратураға заңдарға және басқа да құқықтық актілерге қарсылық білдіру құзыреті берілген. Бірақ осы норма салалық заңнамаларда, соның ішінде “Прокуратура туралы” Заңның өзінде айқындалмаған. Сондықтан да прокуратура өзінің конституциялық өкілеттігін іске асыра алмай келеді. Міне, осы олқылықты еңсеру қажеттілігі бүгін туындап отыр. Одан әрі шешен 2007 жылғы конституциялық реформаның нәтижесінде қылмысты істі жүргізу үдерісінің демократияландырылып, соттың адамның құқы мен бостандығына кепілдік беру құзыреті арттырылғанын атап өтті. Бірақ осы конституциялық өзгеріс толығымен қолданылады деп айту қиын, деді ол. Болашақта еліміздің қылмыстық сот өндірісіне соттың тергеу институты енгізілетініне мен сенімдімін, сонда осындай олқылықтар болмас еді.
Конференцияда Конституцияның интеллектуалды ұлттың орнықты дамуының кепілі тақырыбына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұлов, Ата Заңның кейбір баптарының жүзеге асырылуын заңнамалық қамтамасыз ету жолдары туралы Парламент Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Светлана Бычкова және т.б. сөйледі.
Халықаралық ұйымдар атынан Еуропа Одағы Венеция комиссиясының президенті Джанни Букиккио, Финляндия парламентінің мүшесі, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті Киммо Роберт Килюнен, Халықаралық заңгерлер одағының төрағасы А.Требков және т.б. құттықтау сөз сөйледі.
Бүгін конференция өзінің жұмысын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде жалғастырады.
Жақсыбай САМРАТ.
----------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.