Мәскеу қаласында өткен “Мұз айдындарының күндері” атты Халықаралық конгресте Астана қаласының “Қазақстан” спорт сарайы “спорттық іс-шараларды өткізуге арналған үздік мұз айдыны” атанды.
Бұл конгресс 29 шілде мен 1 тамыз аралығында Мәскеуде өткен “Ресей – спорттық держава” атты халықаралық спорт форумының шеңберінде өткізілген болатын. Форум 1980 жылғы XXІІ Олимпия ойындарының өткізілуіне 30 жыл толуына орайластырылып, 42 елден келген 3500 өкілдерді қарсы алды. Олардың ішінде халықаралық спорт федерациялары мен ұйымдардың, сонымен қатар, дене тәрбиесі мен спорт саласындағы мекемелердің басшылары мен өкілдері болды.
Қатысушы елдер санының ауқымдылығы халықаралық жолдастық қатынастардың дамуына жол ашқандығы сөзсіз. Форум қоғам өміріндегі спорттың мәні мен орны жайындағы көкейтесті сұхбат алаңы ретінде ғана емес, сонымен қатар, спорттық инфрақұрылымды дамыту саласындағы тәжірибе алмасу, ғылыми-техникалық, ақпараттық ресурстарды көрсетуге мүмкіндік берді.
Жоғарыда айтылғандай, аталмыш форумның шеңберінде “Мұз айдындардың күндері” атты бірінші Халықаралық конгрес өткен болатын. Бұл жиынға мұз құрылғыларының белгілі өндірушілері мен өнім берушілер, мұз сарайлар, айдындар, спорт кешендері, сондай-ақ, спорттық федерациялар мен клубтар, БАҚ өкілдері мен басқарушы органдар қатысты. Қатысушылардың ішінде Астана қаласындағы “Қазақстан” спорт сарайының өкілдері де болды.
Конгрестің жұмысы төрт күн жүргізіліп, ұйымдастырушылар қатысушылардың назарына мұз нысандарына арналған спорттық-технологиялық құрылғыларын жоспарлау және салу ерекшеліктері жайында толық ақпараттар ұсынды, сондай-ақ, оларды пайдаланудың экономикалық аспектілеріне тоқталып, соңында Мәскеудегі ірі мұз айдындарын көрсеткен болатын.
Іс-шараның салтанатты бөлімі конгрестің алғашқы күні өткен-ді. “Мұз айдынының үздік инфрақұрылымы үшін”, “Жылдам мұз айдыны”, “Үздік көп функциялы мұз сарайы” және сол сияқты т.б. 16 номинация бойынша конгрестің алғашқы сыйлықтары берілген болатын. Көптеген басқа номинанттардың ішінде өткізілген іріктеу сайысы бойынша Астана қаласының “Қазақстан” спорт сарайы “Спорттық іс-шараларды өткізуге арналған үздік мұз айдыны” номинациясындағы сыйлыққа ие болды.
Конгресте мұз айдынының атынан шыққан “Қазақстан” СС директорының орынбасары Ержан Сәдуақасов “бұл жүлде біз үшін өте маңызды, және оны спорттық кешеніміздегі барлық қызметкерлер атқарған жұмысының жемісі деп санау керек. “Қазақстан” спорт сарайы белгіленген көрсеткіштерді одан әрі жетілдіруге тырысады”, – дейді.
“Қазақстан” спорт сарайы Елбасының тапсырмасы бойынша 2001 жылы салынды. Кешеннің құрамына: республикалық дәрежедегі іс-шараларды өткізуге бейімделген олимпиада стандарттарына сай бассейн (50 м.), арнайы дене шынықтыру залдары, сонымен қатар, көптеген спорттық секциялар, Олимпия ойындарының күміс жүлдегері Асхат Жіткеев атындағы дзюдо залы, жаңадан ашылған шығыс жекпе-жек күрес залы, шағын футболдан сайыстар өткізетін футбол алаңы және 5332 көрерменге арналған мұз айдыны мен оған қосымша салынатын мұз айдынының жаңа ғимараты кіреді.
Дастан КЕНЖАЛИН.