Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов халықаралық қатынастар жөніндегі директор Томас Паульсон бастаған К.Кербер қоры (ГФР) делегациясымен кездесті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Дөңгелек үстел түрінде өткен кездесуде Премьер-Министр қор өкілдеріне Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі параметрлері – қаржы секторын тұрақтандыруда және банк секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуде мемлекет қабылдаған шаралар, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылуы, ел экономикасын әртараптандыру жөніндегі шаралар, сол сияқты білім беру, денсаулық сақтау және адам капиталын дамытуға мемлекеттік инвестицияларды жүзеге асыру туралы баяндады.
Сондай-ақ К.Мәсімов Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға 2010 жылғы төрағалығының алдын-ала нәтижелері, үстіміздегі жылы Астанада өтетін аталған ұйымға мүше елдер басшыларының саммиті тақырыбына қатысты сауалдарға да жауап қайтарды. Сонымен бірге Премьер-Министр Қазақстанның өңірлік интеграция мен қауіпсіздік үдерістеріне қатысуы, Қазақстан Үкіметінің Қырғызстан мен Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру үшін көрсетіп жатқан көмегі туралы да хабарлады.
К.Кербер қоры өкілдерімен кездесу екі ел арасындағы өзара байланыстарға қосымша серпін беруді көздейтін Германияның Қазақстандағы жылы шеңберінде өтті.