• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Қыркүйек, 2010

Өзегінен өндір әуен төгілген

525 рет
көрсетілді

Қазақстан халқының осыдан он бес жыл бұрын тарихи таңдау жасап, бағыт-бағдарын, бақ-байламын жүрек қалауымен орнықтырғаны елдік мақсаттағы толағай істің тоқтаусыз атқарылуына себеп болды десек, жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция барша жарқын қадамдардың қайнар бастауына айналып, қастерлі құндылықтың қағидаттары қымбат тұғырға балануда. Ал Қазақ елінің осынау қысқа мерзімде мызғымас мемлекеттілігін қалыптастырып, байтақ даланың байрағын нықтаған, тұтастық пен тәуелсіздіктің кепілі ретіндегі һәм өзара бірлік мен туыстық сезімін бекіткен Ата Заңы татулық пен тұрақтылықтың берік тұтқасы болғанын қашанда халқына қадап айтатын Елбасының осы бір мұраты, Қазақстан Конституциясы заң  қарпінде өрнектелген жалпы ұлттық идея екенін мегзеген тұжырымы Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығы құрметіне Тәуелсіздік сарайында өткен мерекелік шараның басты лейтмотиві іспетті еді. Ата Заңның айбынын асырар ажарлы кешті ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тамашалап, өнерпаздардың шеберлігіне қошеметпен ықылас гүлін тарту етті. Қай бір мерекелік шараның болсын салиқалы, сындарлы сөзін сөйлейтін, қорғасындай салмақты ойын арқалайтын, көңілді көк­орай­ға бөлеп, жүрекке ізгі от тастайтын әзіз аттар, белгілі есімдер болары хақ. Қазақ ұлттық музыка өнерінде мұндай талантты жандардың үнемі көл бетіндегі тостаған айдай толы­ғып, молығып жатуы заңды жалғас­тық. Мемлекеттік мерекенің мән-мазмұнын ән мен күймен байытар олардың сол міндетке қалтқысыз мінсіздігі мен жан иітер иірімдеріне куә болғанда, адамның елі мен жеріне деген перзенттік сүйіспен­шілігін мүлтіксіз өруде дәл ән мен күйдің сазына тең келетін басқа бір құдіреттің болуына күмән келтірер едіңіз. Ата Заңды жырлаған, Ұлы да­ланың қасиетін ұлықтаған мере­келік кештің алдыңғы сабында Құр­манғазы атындағы Қазақ мем­лекеттік халық аспаптары оркестрі, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театры, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының солистері, жекелеген танымал тұлға­лардан Әлібек Дінішев сынды опера өнерінің жарық жұлдыздары тұрса, сахнадан тағы біраз жас өркеннің сәйгүліктің шабысындай шабытын көргенде, өнер көгінде жасындай жарқылдайтын жастар легі өсіп келе жатқанына қапысыз иландық. Әуелі Сыдық Мұхамеджа­новтың “Отан-Анасын” орындап, іле-шала шабытпен Түркештің “Көңіл ашар” күйін жалғастырған Құрманғазы атындағы Қазақ мем­лекеттік халық аспаптары оркестрі­нің күйшілері бір мезгілде демдерін іштеріне бірдей жұтып, саусақ­тарын бірдей сермеп, көшпелі дала халқының дарабоз екпінін қос ішекті домбыраның қоңыр үнімен қонымды айшықтауы айтарлықтай шықты. Дәстүрлі музыкаға негіз­делген бірінші бөлімде нақышты үндер үзілмей қатар өріле бергенде, қазақтың халық әндерінің бояуы қаныға түскен. Еліміздің әр өңі­рінде белгілі дәстүрлі ән мектептері қалыптасса, осы сарынды санаға ша­шаусыз тоқуда арулардан Бибі­гүл Сауытова, Перизат Тұрарова, Әйгерім Нартуеева мен Гүлсім Алшынова есімдері қазір ел-жұртқа әжептәуір таныс болып қалған.  Қазақ би өнерінде Н. Тілендиевтің “Аққу биінің” алар орны қашанда биікте екенін білеміз. Хореографтар мұның соңғы уақытта неше алуан түрін әзірлесе, К.Байсейітова атын­дағы ҰОБТ-ның балет труппасы қатысуымен орындалған бұл үлгі өзгеше қырларымен сүйсінтеді. “Туған ел” әні халықаралық конкурстардың лауреаты Нарұл Тойкенов пен Эмиль Сақауовтың үндескен әуенімен теңіздің толқы­нына қанатын тосқан шағаланың үніндей екі жақтан әсем құйыла берген. Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев іздері іркіліссіз жалғаса­рына сендірер мұндай сәттен тек ыстық әсер түйесіз. Конститу­ция­мен түйдей құрдас “Серпердің” бес өркені киелі домбыраны күйдесте­мен күмбірлетті. Соңынан Құрман­ғазы оркестрі қосыла жөнелгенде, ағыл-тегіл төгілген күй нөсерден даланың көңіл айнасы жарқырады. Кештің бұрынғы мерекелік шаралардан бір ерекшелігі бар ма дейтін болсақ, әрине, бірінші кезекте өндірдей жас өнерпаз­дардың үлкен сахнаға шығуына кө­ңіл бөлінгені қуантады. Бұл – бір. Ал екіншіден, өзге ұлт өкілдерінің қазақша әндерді тамылжыта шыр­қауы келешекте опера жанрында тың есімдердің жарқырап көрінуіне үміттендіреді. Екінші бөлімде сахна төріне К.Байсейітова атындағы ҰОБТ-ның симфониялық оркестрі жайғасып, халықаралық конкурстардың лау­реаты Алан Бөрібаевтың дирижер­лік етуімен Т.Қажығалиевтің “Қыз қуу” шығармасы шабытты орын­далды. Штраустың “Жарқанат” опереттасынан Адельдің шу­мақтары Халықаралық конкурс­тардың лауреаты, өзінің жастығына қарамастан, Милан опера мек­те­бінен көп нәрсе үйреніп үлгерген, келешегінен мол үміт күттіретін Мария Мудряктың шырқауында шынайы қабылданды. Халықара­лық конкурстардың лауреаттары Александр Сметанин, Олег Та­тамиров пен Евгений Чайниковтің қазақтың халық әндерінен ән шашуын, сол сияқты Клавдия Кро­пачева, Елена Ганжа, Ольга Лука­шева салған қазақ әндерінің гүл­дес­тесін тыңдаған көрермен ықы­ластана қол соқты. Қазақ әншілері итальянның, орыстың, басқа да халықтардың операларын орындау­дан, тәубе, ешкімнен кем қалып жатқан жоқ, тіпті кей жағдайда олардың өздеріне жетеқабыл орын­дайтыны мойындалады, ал енді өзгені қазақша шырқатуда ісіміз кемшін соғып жатқаны тағы аян. Міне, осындай мөлдір бастаулар келешекте сол олқылықтың орнын толтырарына сенеміз. Бибігүл апамыз орындаған әндердің нәзік толқындарын көмекеймен жеткізу кез келгеннің қолынан келе бермесін әншілер өз өнерлері арқылы анық аңғартқандай. “Жігіттер” тобы әскери киім­мен А.Дүйсеновтің “Айбынды ар­миясын” жалынды үнмен жаңғырт­ты. Жанат Шыбықбаев, Ардақ Балажанова, Досымжан Таңатаров, Ахат Кенжебаев пен Әсел Маде­ке­шова орындауында ел арасына кең тарай бастаған М.Қасымбеков пен Б.Тілеухановтың “Жан аға” әні тек Елбасына ғана арналып қоймай, елі мен жерін сүйетін арлы азаматтың бәрінің тұла бойын намыстың найзалы ұшымен түйрейтін нағыз патриоттық әнге айналып кеткені шындық. Кеш соңында Олег Татамиров пен Бауыржан Әндержанов шыр­қауындағы Т.Қажығалиевтің “Қа­зақстан” әні қазақтың дархан дала­сындай көкке самғай жайылып, жүректерге шаттық күйін себеле­геніне селкеу түсірмейміз. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.