• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
01 Қыркүйек, 2010

Ата Заңымыз – айдынымыз, әскеріміз – айбынымыз

734 рет
көрсетілді

30 тамызда елімізде Конституция күні кеңінен аталып өтті. Осы мерекеге орай көптеген шаралар ұйымдастырылды. Соның ішіндегі басты оқиға Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен “Қазақ елі” монументі жанындағы алаңда өткен Конституцияның 15 жылдығына арналған әскери шеру болды Шеру басталар алдында Мем­лекет басшысы сөз сөйлеп, отан­дастарымызды Конституция күні­мен құттықтады. Мерекелік іс-ша­ра­ға қатысушылар алдында сөй­ле­ген сөзінде Елбасы қазақ тари­хын­да Ата Заңның алатын орны, оның қазіргі мемле­кет­тілігіміздің дамуы­на қосып келе жатқан үлесі, Конс­титуцияның тарихи мән-маңызы туралы айта келіп, елімізде тәуел­сіздігімізді жа­риялаған кезден бері атқары­лып жатқан жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттерге кеңінен тоқ­талып өтті. Осы ретте Консти­ту­цияның 15 жылдығы аталып жатқан күннің мемлекетіміз үшін мерейлі меже, айрықша маңызды күн болып саналатыны, Ата Заңы­мыздың еліміздің арайлы азатты­ғы­мыздың айнымас айғағы, жар­қын болашағымыздың бұл­жы­мас бағдары екені, ол елдігіміздің ал­тын арқауы, толағай табыста­ры­мыз­дың бастау қайнары болып сана­латыны атап көрсетілді. Одан әрі Нұрсұлтан Назарбаев тари­хы­мызға қысқаша тоқталып, сол бір ата-бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сырт­қы жауларымен соғыс жүр­гіз­ген кездері билік басындағы хан мен билердің, сұлтан мен дат­қа­лардың халықтың басын бірік­ті­ру­де ата дәстүрімізге негізделген түр­лі заңдық, құқықтық күші бар ере­же­лер мен жарғыларды қа­был­да­ған­дарын атап айтты және бес сау­сақты біріктіру жолында Ордабасы мен Ұлытауда, Мәртөбе мен Күл­тө­беде келелі кеңес құр­ғандарын жеткізді. Бұл орайда заңды басшы­лыққа алғанының арқасында хал­қымыздың бірлігі нығая түскенін, соның нәтиже­сін­де сол тұстағы еңселі елдіктің ереже белгілері қалыптасқанын мәлімдеді. Нұрсұлтан Әбішұлы келесі ке­зекте қазақ халқы өз тарихында тұңғыш рет төл Конституциясына қол жеткізгенін, қазір ол бүкіл ха­лықтың талқысынан өтіп, елдің игіліне айналып, мемлекетіміздің басты төлқұжаты болып табыла­тынын көлденең тартты. Кеңес­кен ерде кемшілік болмайды, келе­лі істі халық қолдайды, деді Елба­сы осы орайда. Сын сағатта тәуел­сіздігіміздің кепілі болған қастерлі Ата Заңымыз – ұлттық рухымыз­дың адастырмас темір­қа­зығына ай­налды. Біз бірлігімізді бекем­де­ген бәтуалы байламмен тәуел­сіз­дігімізді тұғырлы еттік, тұрақ­ты­лық пен тұтастықты сақтап, де­ге­німізге жеттік. Біз жүретін жолы­мыз­дың жаңылмас жосығы, тал­ғам-таңдауымыздың таразысы бол­ған Конституция арқылы ір­гелі саяси-экономи­калық рефор­ма­ларды іске асыр­дық. Осылай дей келіп, Нұр­сұлтан Әбішұлы Конституция­ның кепілдік етуімен түрлі этнос өкілдерінің уыздай ұйыған ұлысына айналған Қазақ­стан­ның өнегесі бүгінде бүкіл әлемге үлгі ретінде ұсынылып жат­қанын, қазір біздің дүниені дүрліктірген қиындықтарды ең­сер­генімізді, соның бәрін қату­лық­пен емес, татулықпен шеш­кенімізді атап өтті. Біз қол жетпес қиянда көрін­ген биік белестерді бағындырдық. Тарлан тарих үшін тым қысқа бо­лып саналатын аз уақыттың ішін­де ғасырлық мәні бар ауқым­ды істер атқардық. Біз Сары­арқа­ның сай­ын даласында салтанаты жарас­қан, зәулім ғимараттары көкпен таласқан асқақ Астананы салдық. Біз жасампаз жарғымен төрт құ­бы­ламыз теңеліп, қата­рымыздан төрге оздық. Төрткүл дүниеге тө­ре­лік айтып, төбе биге қол соз­дық, дей келіп, Елбасы би­ыл Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп жат­қа­нына, таяу арада елімізде осы бе­делі биік ұйымға мүше мемлекет басшы­лары­ның Саммиті өте­ті­ніне, мұн­дай мәртебеге Қазақ елі бұрын қол жеткізбегеніне назар аударды. Одан әрі Президент: Конс­титу­ция­ны қастерлеу – түптеп келгенде –мемлекетті құрметтеу деген сөз! Ендеше, біз баршамызға өнегелі қағидаттар ұсынатын ұстынымыз, жасампаз жарғымыз – Ата Заңды айрықша құрметтеуіміз керек, деді. Астананың бас алаңында са­мұ­рығы тұғырына қонған “Қазақ елі” монументі мен Тәуелсіздік са­райы­ның алдында былтырдан бері осымен екінші рет өткізілген әске­ри шеру алдында Мемлекет бас­шы­сы Конституцияның, оның құр­метіне жасалып жатқан осы­нау мерекенің мән-маңызы жө­нін­дегі сөзін төмендегіше жал­ғас­тырды. Келелі Конституциямыз – дауға қалдырмайтын амалы­мыз, айбарлы армиямыз – жауға қалдырмайтын қа­малымыз. Оқтан қағар ақберен сауытымыз – ұлттық әскеріміз тәуел­сіздігіміз бен тұтастығым­ыз­ды қас қақпай күзетіп тұр. Тасқа ба­сылған тарихымыздың жарқын тұс­тары бізді елдік пен ерлікке ша­қырады. Ежелден ер деген даңқы шыққан батыр бабаларымыз күрең мініп, қоңыраулы найза қолға алып, жауға бөрідей тиген. Киелі ата­мекен, туған жер үшін жан беріс­кен баһадүрлер қашанда арын жанынан биік бағалаған, Отан үшін от кешіп, ел-жұртын қорғап қалған. Есіл ерлердің ғұмыры ат үстінде өткен, осылайша, бізге құс ұшса қанаты талатын ұлан­-ғай­ыр даланы аманат еткен. Осы аманатты көздің қарашығындай сақтау – бүгінгі батырлардың қас­терлі борышы, ұлттық армияның ұлы міндеті. Сап түзе­ген сардарлар мен сарбаздар үшін бұдан асқан мұрат, бұдан асқан абырой болмайды. Ендеше, елі­міздің абыройы асқақтап, ұлттық әскеріміздің даңқы арта берсін! Мемлекет басшысы, сонымен қатар, елімізде азаттығымыздың ақ таңы арайлап атқан күннен осы кезге дейін елдігімізді, тәуел­сіздігімізді нығайтуда атқарылған қыруар жұмыстар туралы да баяндады. Соңғы 10 жылда білім беру және денсаулық сақтау сала­ларына жұмсалған қаржы 8 есе өскеніне, жақында Астанада жаңа университеттің ашылғанына, бі­лім беру, жастардың жан-жақты білікті де білімді болуы үшін мемлекет одан әрі жұмыс істей беретініне, осыған байланысты елімізде интеллектуалды мектеп­тер­дің желісі салынып жатқанына тоқталды. Осы орайда Елбасы мен ХХІ ғасырда қазақстандықтар барынша оқымысты, білімді және бәсекеге қабілетті ұлт болатынына сенімдімін, дей келіп, экономика саласында атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты биылғы жылы жалпы құны 800 млрд. тең­геден асатын 140 индустриялық нысанның құрылысы аяқталаты­нын, сөйтіп, 20 мың жаңа жұмыс орны ашылатынын қаперге салып өтті. Осындай жұмыстардың нә­тижесінде біз экономикалық жа­ғынан мықты әрі табысты, саяси жағынан тұрақты мемлекет құрдық. Оны бүкіл әлем баға­лайды және құрметтейді, деді Президент. Астананың ашық аспаны астында биыл екінші мәрте өт­кі­зілген шеруге офицерлер, келісім-шарт бойынша қызмет етіп жатқан әскери қызметкерлер, әс­кери оқу орындарының курсант­тары мен сарбаздардан тұратын 2200 адамды құрайтын жауын­герлік есептоптар, 150-ден астам қару-жарақ пен әс­кери техника және 66 авиациялық техника қатысты. Шеруде алаңда сап тү­зеп жүріп өткен жауынгерлік топ­тар екі ай бойы Астананың маңын­дағы Қырқыншы станса­дағы 68 665 әскери бөлім аума­ғында жасақталған далалық ла­герь­де дайындалды. Олардың ара­сында болған Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, ар­мия генералы  Сағадат Нұрма­ғамбетов атындағы “Жас ұлан” республи­ка­лық мектебінің жас барабан­шылары мен 80 адамнан тұратын нәзік жандылар есептобы биыл алғаш рет шеруге қатысса, жаяу әскерлер жауынгерлік мә­ши­нелері (БМП), танктер алаң­нан жүріп өтті. Осылардың  бәрін алаңға ер­темен жинала бастаған мыңдаған астаналықтар мен қала қонақтары, араларында шетел­діктер де бар, шеру біткенше қызыға тамашалап отырды. Мерекелік парадты жауын­герлік есептоптар ішінен “Жас ұлан” республикалық мектебінің жас барабаншылары ашты. Одан соң Қорғаныс министрлігі Орта­лық аппараты мен Құрлық әскер­лері офицерлері, Әуе қор­ғанысы күштері бас қолбас­шысының басқармасы, Әскери-теңіз күш­терінің құрама ротасы салтанатты саппен жүріп өтті. Осыдан кейін шеруді “соғыс құдайы” атанған Ракета әскерлері және артиллерия жалғастырса, олардан соң “Батыс” өңірлік қол­басшылығының әскери қызмет­шілері мен биыл 10 жылдық мерей­тойын атап өткен “көгілдір беретті” десантшылар сап түзеді. Қанатты ұландардан соң алаңда Қорғаныс министрлігінің Құрметті қарауыл ротасы көрінді. Олар 9 мамырда Мәскеуде өткен Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған әскери парадқа Қазақстан Қарулы Күштерінің атынан қатысып қайтқан болатын. Одан әрі шеруге Құрлық әскер­лері Әскери институтының, Радиоэлектроника, байланыс және әскери инженерлік инсти­тутының, сондай-ақ Әуе қорғаныс күштері­нің екі мәрте Кеңес Ода­ғының Ба­тыры Талғат Бигелдинов атындағы әскери институтының курсанттары шықты. Осы жерде Құрлық әс­керлерінің бас қолбас­шысы, гене­рал-майор Мұрат Май­кеевтің же­текшілігімен парад­қа қатысушылар 5 шілдеден бастап осынау мере­келік шараға дайындық жүргізген­дерін, ал офицердің өзі Отанға адал қыз­метінің арқасында “Ай­бын” сияқты бірнеше мемлекеттік награ­далармен  марапатталғанын атап өту жөн. Биыл Құрлық әскерлерінің Әскери институты құрылғанына 40 жыл толмақ. Шеруде болашақ офицер­лердің со­ңын ала Қорғаныс министр­лігінің Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусының ротасы сап түзеп шықты. Биылғы парадқа Отан қорғау жолындағы жауынгер­лік тапсырмаларды ерлермен бірге орындап жүрген әскери әйел­дер­ден құралған есептоп тұңғыш рет қатысты. Жауынгер бойжеткендер­дің ше­рулік есептобы оңтүстік және шығыс өңірде қызмет ететін қыздардан құралыпты. Алаңда олар­дың әскери киімі өздеріне жа­расып тұрды. Шеруде бойжет­кен әскерилер ерлерден қалыспай өз міндеттерін тиісті деңгейде атқа­рып шықты. Бойжеткендердің есеп­тобынан соң алаңда Қарулы Күштер Әскери полициясының офицерлері көрінді. Олардан кейін салтанатты шеруді еліміздің оңтүс­тік және шығыс аумағын қорғап жүрген шекарашылар – Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік­тің және Республикалық ұланның бөлім­шелері жалғастырды. Шерудің тағы бір қаумалаған жұртшылық үшін қызықты жері әскери қызметшілердің есептоп­тары­нан соң жауынгерлік техника үлгілерінің жүріп, әскери авиа­ция­­ның Астана аспанында қалық­тап көрсеткен өнері болды. Мұн­да алдымен бас алаңда Құрлық әс­керлерінің, Әуе қорғанысы күш­тері­нің және Әскери-теңіз күште­рінің жауынгерлік тулары­мен “Лэнд Роверлер” өтті. Олар­дың ізін ала Қарулы Күштердегі Т-72Б танкісі мен БМП-2 жаяу әскер жауынгерлік мәшинелері жүрді. Әскери техникалар қозға­лысын “Стрела-10М” зенитті-зымыранды кешені жалғастырды. Осыдан кейін алаңда өздігінен жүретін танкіге қарсы ракеталық “Штурм-С” кешені көрінді. Бұл техника қоз­ғалатын және қозғал­майтын бронды нысандарға және жасыры­нып жатқан жау әскер­лерін жоюға арналған. Шеруде әскери техни­калар қатарынан алғаш рет десант­ты шабуылдаушы бригада мен Қазақстан  бітім­гершілік баталь­оны­ның туларын көтерген “Хам­мер” автокөліктері мен қазіргі заманға сай жетіл­дірілген БТР-80А колоннасы шықты. Одан әрі жауынгерлік мүмкіндігі зор жыл­жымалы “Цикада” радиокедергі стансасы, БРДМ-2, 122 мм-лік Д-30 гау­би­цасын ұсынған біріккен зымы­ранды-артиллериялық полктің механикаландырылған колоннасы жүріп өтті. Бұл қару түрі өзінің жауынгерлік сипаты жағынан тірі күштерді және қарсыластың бронды техникасын кез келген уақытта жоя алады. Ол сол үшін аса қауіпті және барлық елдер қызығатын қару түрі болып са­налады. Осыдан соң 152 мм “Мста-Б” гаубицасы бар артилле­риялық батарея сап түзеді. Бұл қару түрінің мүмкіндігі минөтіне жеті рет оқ ата алады. Шеруді КамАЗ автокөлігіне қондырылған “Град”, “Ураган” сынды дүркін­деп оқ ату реактивті жүйелері жалғастырды. Артиллериялық және ракеталық қарулар сапында “Смерч”, “Точка-У” сияқты қуатты қарулар бар. Жауынгерлік техниканың ізін баса Қарулы Күштердің Әуе қор­ғанысы күштерінің мақтанышы, әуе шабуылынан қорғаныс жүйе­сінің ең сенімді қарулары С-125, С-200, С-300 азулы зенитті-зымыранды кешендер шықты. Одан соң әскери-әуе парадын мемлекеттің және әскер тектері­нің жалауларын желбіретіп МИ-17, МИ-24, МИ-17, МИ-26 тік­ұшақтары жалғастырды. Ал әуе күштерінің қаумалаған жұрт қызыға көретіндей көрсеткен көрінісі төрт Су-27 жауынгерлік ұшақтарының сүйемелдеуімен екі Ил-76 әскери көліктік ауыр ұшақ­тары көрсеткен әуе шеруі болды. Оларға Л-39 оқу-жаттығу ұшақ­тарының қоршауындағы екі Ан-26, Су-25, Су-27, МиГ-27, МиГ-29, МиГ-31 сияқты шабуыл­даушы, бомбалаушы ұшақтар да қосылды. Әскери парад құрамында Қорғаныс министрлігінің Орта­лық әскери оркестрі, Ішкі әскер­лердің орталық оркестрі мен ми­нистрлік бөлімдерінің және әске­ри-оқу орындарының оркестрлері бар есептоптың шеруімен аяқ­талды. Дастан КЕНЖАЛИН, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ. Алматы мереке құшағында 30 тамыз ерекше болып тұрды. Жаз да алматылықтармен қоштасқысы келмегендей шуағын шашып-ақ бақты. Мұндайда мерекеге сән беретін ақбас Алатау өзінің қоңыр самалымен желпуін де ұмытпаған. Қаланың Астана алаңына ағылған жұрт көлеңкені көп іздемегендей. Астана алаңы Астанаға көз тікті. Алып экрандарда  әскери парад, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жалынды құттықтау сөздері. Ал алаңда  Қазақстан елінің аспан түстес туларының теңіз толқыны. Үндесіп жатқан, үйлесіп жатқан ақ тілектер. Бұл мерекенің алматылықтарға қымбатырақ болатын бір жөні бар, ол – Ата Заңымыз қабыл­данғанда Алматы астана еді. Бүгінгі күні халық 15 жылдық мерекесін тойлап отырған Конституциямыз өмірге осы қаладан бастау алған. Қашанда солай ғой – жұрт жақсыны иемденгісі келеді. Ата Заңымызды мерекелеушілер қатарынан ақбасты ардагерлеріміз көзге көбірек шалынады. Оның да жөні бар. Астана Арқаға көшкенде ағалар жағы жас­тарға ақ баталарын беріп, жаңа ордаға шығарып са­лып, өздері осында қалған. Сөйтсе де, олар шет қал­ған жоқ, ардагерлерге қашанда құрмет дайын – бүгін де оларды мерекелік салтанаттың төріне шығарды. Өнер саңлақтары да жұрттың ортасында, олардың қуанышын бөлісіп жүрді. Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Нұрғали Нүсіпжановпен дидарласып қана қоймай, олардың жақыннан лебізін естіген халық ойын-сауықты да бірге тамашалады. Ал ойын-сауық күні бойы Астана алаңында бір сәт те толастаған жоқ, жастар жағы оны ұзын кешке дейін созды. Сірә, осынау шат-шадыман мерекенің өзін Ата Заңымыздың салтанат құруының бір көрінісі десе болғандай-ау. “Егемен-ақпарат”.