Айтайын дегенім...
Қазақ халқы ежелден адамның елге, жерге жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпайды. Бұл – біздің ұлттық ерекшелігіміздегі жақсы қасиеттеріміздің бірі. Әсіресе, қарт адамдарды жасын сыйлаумен қатар, олардың өмір жолында ел мен жер үшін жасаған жақсы істерін, биік жетістіктерін ұрпақтарға үлгі қылып әрі олардың есімдерін ардақ тұтып, әрқашанда құрметтің төрінен орын беріп отырады. Бүгінгі таңда Қазақстан басшылығы да барлық деңгейдегі билік өкілдерінен осыны талап етіп, жақсылардың жақсылығын ешқашан ұмыттырмай келеді. Осының өзі де еліміз біртұтастығының бір кепілі. Осының өзі де Президент Н.Назарбаевтың халық сүйіспеншілігіне бөленіп отырғандығының бір себебі. Өйткені, ол Қазақстан үшін айрықша еңбек сіңірген барлық халықтың өкілдерін де бір-бірінен ажыратпай, алаламай, бірдей құрмет көрсетуді әрқашанда ұмытпайды. Бараев, Костенко, Брусиловский, Гумилев, т.с.с. түрлі халықтардың өкілдеріне қазақтың атақты адамдарымен бірге Қазақ еліне сіңірген еңбегі үшін төрден орын берілген.
Ал кейде жақсыны бағаламай, өзі жоқтың көзі жоқ дегендей, көңілден де өшіріп, есімін ауызға алудың өзін артық санайтын қайырсыз шенеуніктер де арамызда кездесіп қалады. Осы орайда Қарағанды қаласында орын алып келе жатқан мына бір сорақылықты айтқымыз келеді.
Түсіп Күзембаев – атақты шахтер, қазақ ұлдарының қандай қиындықты да өзгелерден кем қалмай көтере алатын мықтылығын дәлелдеген ұлттық мақтаныштарымыздың бірі. Ол өзінің ерен еңбегінің арқасында кезінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Сол өңірде Еңбек Ері атағын алғашқы болып алғандардың бірі. Рас, Кеңес Одағы тұсында Түсекеңнің есімі ерте бастан үлгі етіліп, еңбегі оңды бағаланды. Қарағандыда Т.Күзембаев пен тағы да сондай Еңбек Ері Г.Костенко атындағы шахта, көше, т.т. бар. Олардың есімдері жаңғырып, ауыздан түспейді. Қандай тамаша!
Ал... Кеңес Одағы тараған соң өмірден өткен, дәл Т.Күзембаев сияқты Еңбек Ері, дәл сондай КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген шахтері, тіпті, 1970 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар палатасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы болып сайланған Есенжол Зәлиевтің аты ауызға да алынбайды. Неге? Өйткені, Есенжол аға қайтыс болған 2003 жылдары Қарағанды қаласын Ю.Литвинов деген қайырсыз әкім басқарған. Қайырсыз деп отырған себебіміз Есенжол Зәлиевтің есімімен бір көшені атайық, ердің есімі ұмытылмасын деген қарағандылық ардагер шахтерлердің, туған-туыстарының өтінішін ол аяқсыз қалдырған. Сондағы сылтауы көше атын ауыстыру туралы өтініш көп дейді. Жауап хатты толығырақ келтіретін болсақ: “...имеются множество заявлении и обращении о присвоении имен заслуженных людей улицам города...”. Әрине, Литвинов та, хатты дайындаған тағы бір сезімсіз шенеунік Н.Шамаев деген де Есенжол Зәлиевтің еңбегінің ерен екенін ұғып тұрған жоқ. Олар үшін Есенжол аға қатардағы, көп айтылатын “заслуженные люди” деген тізімге енетіндердің бірі ғана. Мұндай немқұрайдылық елдің, жердің болашағына пысқырмайтын шенеуніктерге тән болса керек.
Ал бажайлап қарасақ, Есенжол Зәлиев өзін құрметті адамдар қатарына 1943 жылдан бастап, 1983 жылға дейін 40 жыл бойы қара жердің астына түсіп, көрдей шахтада көмірдің қара шаңын жұта жүріп, мойнындағы міндетін тек абырой биігінде атқаруының арқасында ғана қосқан жан емес пе? Ол өзіне берілген жоғары атақтарды ақшаға сатып алған жоқ, адал еңбегімен алды. Табандылығының арқасында ол өзінің ұлтының да атын шығарды. Оның тер төгіп өндірген көмірі балабақшаларды, мектептерді, ауруханаларды жылытумен қатар, электр қуатын арттырып, өндіріс ошақтарының өрлеуіне жол ашты.
Осы күні кейбір кекірт шенеуніктер еңбек адамын ардақтаудың, оларды насихаттаудың қажеті шамалы дейтін болыпты. Олардың ойынша адам жұмысты жақсы істесе өзі үшін, ақшаны көп табу үшін, сөйтіп, тұрмысын жақсарту үшін істейді. Олар дүниенің бәрін ақшамен ғана өлшейтін өздерінің өресінің тар шеңберіне салатын болыпты. Ал шынында солай ма?..
Әр адам өз орнында бекітіліп берілген міндетін, тапсырылған жұмысын жақсы атқарса, ол сайып келгенде, елдің еңсесін, экономикалық қуатын арттыратын амал емес пе? Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның алғашқы Еңбек Ері атағын да қарапайым еңбек адамдарына берген себебі де сол емес пе?
Жоғарыда біз Литвиновтың жауабының жартысын ғана келтірдік. Ол өзінің қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінбей, сүйкей салған жауабының екінші жартысында, жарайды енді, қоймадыңдар ғой деген секілді пиғылмен: “предлагаю установить мемориальную доску на здании дома, где он проживал. Для чего необходимо ходатайство от вашего имени или общественной организации, также определить за счет каких средств будет изготовлена мемориальная доска” деп шалқаяды.
Естелік тақтаның өзіне шығын шығарғысы жоқ шенеуніктің “мырзалығында” шек жоқ екені айқын көрінеді. Бұл, жауап 2003 жылдың аяғында келген. Бұл құдайға шүкір, елдің еңсесі әбден көтерілген, бюджеттердің тесігі бүтінделген уақыт. Соның өзінде қайырсыз шенеунік қарағандылық хас батырды құрметтеуге қарабақыр шығарғысы келмей тұр. Кезінде сол Қарағандының атағын аспанға шығарып, бүкіл әлемге танытқан Е.Зәлиев секілді ерлер емес пе еді? Бірақ оны білу Литвиновқа керек емес, өйткені, мұндайлар елдің ертеңін ойламайды. Шахтерлер қаласында, яғни өзінің төл шаһарында бір көшенің атын беріп, 13 жасынан шахтаға түсіп, өз еңбегімен үлкен атақтарға жеткен адам осы деп жастарға үлгі етсе, олардың бәрі болмаса да біразы ойланып, тек заңгер немесе экономист болмай-ақ жақсы атты азамат болуға болады екен-ау деп ойланатынын ол қаперіне де алмайды.
Біз Қарағандының қазіргі басшылығы дұрыс шешім қабылдап, ердің есімін ескеруде біліктілік танытады ғой деп сенеміз.
Жақсыбай САМРАТ, Қарағанды.