Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Германияның Кёрбер атындағы қордың делегациясымен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Кездесуді ашқан комитет хатшысы Виктор Роголев Қазақстан Республикасы мен оның Конституциясының 15 жылдық тарихына тоқталып, меймандарды Қазақстанның қос палаталы Парламентінің құрамымен таныстырды.
Қордың халықаралық саясат бойынша жетекшісі, доктор Томас Паульзен сөз алып, сапарларының мән-мақсаты туралы айтты. “Аталған қор мүшелері – министрліктер мен Бундестагтың өкілдері. Олар жылына бір рет Германия үшін айрықша стратегиялық маңызы бар елге сапар жасап, әр түрлі пікірталас өткізіп қайтады. Биыл Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға болып, Германияның Қазақстандағы жылы өтіп жатқандықтан, жастардың осында ықыласы ауды”, – деді ол.
Меймандармен кездесуге Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Наталья Геллерт пен Камал Бұрханов қатысты.