Ақтауда өткен ІІ Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның басты тақырыбы болып, аймақтағы тарихи-мәдени мұраларды сақтап қалу және пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды.
Ақтау қаласында араға үш жыл салып екінші рет өткен бұл алқалы басқосуға АҚШ-тың, Ресей, Әзірбайжан, Иран, Өзбекстан, Түркіменстан елдерінің көрнекті ғалымдары, тарихшылар, этнология, мәдениеттану, археология және социология саласының зерттеушілері, тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану саласының белгілі мамандары, ғылыми-зерттеу орталықтарының қызметкерлері қатысты. Маңғыстау облысының әкімі Қ.Көшербаев “бұл конференцияның еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің үштен екісін еншілейтін, аспан астындағы мұражай атанған аймақта өтуі біз үшін өте маңызды”, деп осынау игілікті іске іргелі мемлекеттердің ғалымдарының, осы сала мамандарының атсалысып, бірлесе жұмыс жасауы құптарлық жағдай екендігіне тоқталды. Одан кейін Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары Қ.Ерімбетова, Ресей Ғылым академиясының тарих институтының бөлім бастығы, профессор В.Трепавлов, АҚШ Индиана университетінің профессоры Ди Уис Девин, Өзбекстан Ғылым академиясы Қарақалпақ бөлімінің тарих, археология және этнография институтының директоры В.Ягодин, тарих ғылымдарының докторы Ө.Озғамбаев, тағы да басқа ондаған ғалымдар тартымды баяндамалар жасап, ой-пікір бөлісті. Конференцияға қатысушылар келесі күні көшпелі семинар өткізді.
Жоламан БОЛАШАҚ, Маңғыстау облысы.