(Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының
бірлескен отырысында сөйленген сөзден).
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдер сыртқы істер министрлерінің Алматыдағы бейресми кездесуін теледидардан тамашалап, “Егемен Қазақстан” газетінен оқып, тәнті болдым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ондағы сөзі “Ұйымның заман талабына сай болуы аса маңызды” деп аталуының өзі төрағалығымыздың алдағы жарты жылдықтағы жауапкершілігі де мол екендігін білдіреді. Осы кезеңде атқарылуға тиісті негізгі төрт міндеттің табысты орындалатынына имандай сенеміз. Себебі, “бейресми” аталған бас қосудың өзіне 56 елдің министрлері, мемлекет қайраткерлері, халықаралық беделді ұйымдардың басшылары қатысып, әлемді толғандырып отырған жайлардың байыппен талқылануы қазақстандық сенімнің айрықша қуатын танытады. Қазақстанға тарих ұлан-ғайыр жауапкершілік жүктеді. Тәуелсіздігін жариялағанына жиырма жыл да толмаған еліміз Орталық Азияда бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету құрметіне бөленді. Бұл президенттік сара бағыттағы мемлекеттің бедел тұғырының биіктігін әйгілеп, баршамызды осы елдің азаматы екендігімізге мақтаныш сезімін қалыптастырады. Бедел – байыпты істермен өрнектеледі. ЖаҺанды өзара түсіністік ахуалы жақындастырып, Шығыс пен Батыстың бауырмал қауышуына негізделген игі дәстүрлер сабақтастығы нығайғанын көрудеміз. Осыған байланысты Президент Н.Назарбаев “Біз еуропалық қауіпсіздік ұғымы континенттік аядан әлдеқайда шығып тұратыны туралы тезисті дәйектілікпен және белсенді түрде ілгерілеттік. Соның нәтижесінде бүгінде ЕҚЫҰ қазірдің өзінде еуроатлантикалық және еуроазиялық қауіпсіздік ұғымдарын нық пайдалануда” деген сөздерді ерекше екпін түсіре айтты. ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аймағындағы “Корфу үдерісінің” консенсустық салаларының айқындалуы, Созылмалы қақтығыстарды реттеу жөніндегі келіссөздер форматтарының дәйектелуі, ЕҚЫҰ-ның Таулы Қарабақ бойынша Минск тобы тең төрағаларының отырысы бейресми кездесуге жалғас өткізілуі, Қырғызстандағы саяси дағдарыстың салдары мен ел болашағына қатысты терең талқылаулар төрағалықтың жұмысы қызу әрі екпінді жүріп жатқандығын айқындайды. Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсеткеніндей, “Жоғары деңгейдегі кездесу ЕҚЫҰ-ның осы заманғы сынақтар мен қатерлерге бейімделуіне қуатты серпін беріп қана қоймайды, сонымен бірге Ұйымның өзінің беделін арттырып, оның еуропалық және еуразиялық қауіпсіздік архитектурасындағы рөлін күшейтеді”. Алматы кездесуі төрағалықтың тамаша табысын әйгіледі. ЕҚЫҰ-ның жаңа мыңжылдықтағы, ХХІ ғасырдағы алғашқы Саммиті Қазақстан төрағалығы тұсында, биылғы жылдың 1-2 желтоқсаны күндері Астанада өтетін болды. Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдеме жасауы алдағы Саммиттің адамзат үшін айрықша маңызды екендігін айғақтайды. Елбасы: “Қабылданған шешім Қазақстан халқының Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген табыстарына халықаралық қоғамдастықтың жоғары құрметінің белгісі болып табылады”, деп атап көрсетті. Сонымен қатар, мәлімдемедегі Астана Саммиті стратегиялық бағыттар мен ЕҚЫҰ дамуының “Жол картасын” белгілеп беруді көздейді деген сөздер жүрекке жылылық ұялатады. Өйткені, өркендеу бағытымыздың құбылнамалық картасы ретінде еліміздегі жарқын істерге серпін берген қадам халықаралық ұғым ретінде игілік төгетіні қуанышты. Мен туберкулезге қарсы республикалық оңалту орталығының директоры ретінде “Жол картасының” шарапаты мол екендігін бар дауыспен айта аламын. Елбасы баршамыздың алдымызға үлкен жауапкершілік қойып отыр. Мәлімдемеде былай деді: “Астана Саммиті Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және демократиялық дамуына серпін беріп, қазақстандықтардың бірлігі мен патриотизмін бұрынғыдан бетер нығайта түсетін болады. Ендігі жерде оны дайындау мен ең жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуді қамтамасыз етудің маңызы зор”. Қарышты қадам үстіндегі ел азаматтары бұл міндетті де абыроймен атқарып шығатыны күмәнсіз. Қайырлы ҚҰРМАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, “Құрмет” орденінің иегері. Ақмола облысы, Бурабай ауданы. Ел абыройын асқақтатар шара Астанада керемет бір Саммит өткелі жатыр деп естігенде ой құшағына берілдім. Тәуелсіздік алғанға дейін біз кім едік? Кеңес Одағы деген атаудың аясында жасырын тұратынбыз. Бұдан 19 жыл бұрын мыңдаған жылдар бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Келесі жылы бостандықтың 20 жылдығын атап өткелі отырмыз. Қазағымның маңдайына біткен кемеңгер саясаткер, ел бірлігі мен ынтымағы жолында аянбай еңбек етіп жүрген Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында бізді қазір бүкіл әлем танып отыр. ЕҚЫҰ-ға басшылық жасау, 11 жыл бойы өтпей келген Саммитті Астанада өткізу шын мәнінде зор мәртебе, үлкен құрмет. Ал Саммит үлкен істерге жол, әлем халықтары аңсаған бейбітшілік пен ынтымаққа бастайтын абыройлы іс болса керек. Саммитті ел астанасында өткізу Қазақстан деген мемлекеттің абыройын асқақтата бермек. Неге дейсіздер ғой? Бұдан он шақты жыл бұрын Ақмола провинциалды, көзге қораш шағын ғана қала болатын. Елбасының көрегендігі нәтижесінде ел Астанасы атанды. Он жылда еліміздің жүрегі адам танымастай өзгерді. Ал Саммитке елуден астам мемлекеттен қонақ келеді. Арқаның төсіндегі асқақтаған Астананы көргенде олардың біздің елге деген құрметі арта түсетіні сөзсіз. Ұлттық нақыштағы әсем ғимараттар, Есіл бойындағы сән түзеген әсем тұрғын үйлер, басқа да құрылыс алаңдары қайталанбас дүниелер. Қысқасы, бас-аяғы он шақты жылда бүкіл әлем жұртшылығын таңғалдыратын ғажайып қала дүниеге келді. Мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлігі мен өрлігі десек, артық айтқандық емес. Мамырбек ТҰРҒАНБАЕВ, дербес зейнеткер, ардагер ұстаз. Өскемен. Ұлы жиын ұлы елдерде өтеді Тарихтың күнделікті күйбең тіршілік тізбесінен тұрмайтыны анық. Еліміз тарихының объективті, субъективті себептермен кіріптар күйге түскен шақтары мен әлемдік дамуға әсер ете бастаған беделді кезеңдері баршамызға аян. Ғасырларға созылған даму үдерісіміздің ең бір жарқын беттерін, әрине, ел болып, егемендікке ие болған тәуелсіздік кезеңі құрайды. Орын алған оқиғалардың ауқымы мен ішкі мазмұнына қарап бағалағанда ғасырларға татитын Тәуелсіздік кезеңі жетістіктерге толы болса, Қазақстан Республикасының үстіміздегі жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі өте үлкен оқиға болды. Төрағалық еткен осы уақыттар ішінде ел басшылығы Ұйым беделі арқасында пайда болған бірнеше қайшылықтардың бабын тауып, арнасына түсіре білді, яғни салиқалы ұйымға сай салмақты басшылық қырын танытты. Сондықтан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында осы аса ірі халықаралық ұйымның саммитін Астанада өткізу жөнінде түпкілікті шешім қабылдағандығы туралы мәлімдемесі түсіне білгенге шын қуанатын оқиға деп білеміз. Неге десеңіз, Қазақ елі ТМД елдері, Азия мемлекеттері, қала берді мұсылман және түркі әлемі елдерінің ішінде бірінші болып ЕҚЫҰ сияқты ықпалды ұйымға басшылық жасаса, араға он бір жыл салып Ұйымның қатысушы мемлекеттердің Саммитін Астанада өткізгелі отыр. Ұйымға мүше 56 және ЕҚЫҰ-ның әріптес 12 елінің мемлекет басшылары бас қосатын бұл ұлы жиынға еліміздің, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуі халықаралық аренада абыройымызды бұрынғыдан да асқақтата түсері анық. Ендеше, бұл жетістікке неге қуанбасқа, неге мақтаныш тұтпасқа? Өйткені, өз елімізде өзіміз кіріптар болған, өз төрімізге өзіміз шыға алмаған шақтарымыз ұмыт болатындай көп уақыт өте қойған жоқ қой. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі еліміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси-құқықтық дамуының әрбір баспалдағын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ғылыми негізделген теориялық тұжырымдарымен, сындарлы саясатымен және қажырлы саяси қызметімен қабысып жатқан, біртұтас даму үдерісі деп атауға болады. Мемлекетіміздің ЕҚЫҰ сияқты ықпалды ұйымға төрағалық етуі туралы, Астана саммиті туралы батыл ұсыныстарға алпауыт мемлекеттер басшыларының құлай келісе салмағандығы айтпаса да белгілі. Бұл келісім Нұрсұлтан Әбішұлының көп жылдардан бергі қажырлы еңбегінің, әлемдік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты саяси қызметінің, жас мемлекетті әлемге танытқан табандылығының, дұрыс жүргізілген дипломатиялық қатынастарының және халықаралық деңгейдегі жоғары жеке беделінің жеңісті жетістігі. Қазақ халқының “төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы” кетеді деген ғажайып қағидатты ұстанған ауызбірлігі мен дарабоз даналығы. Қайрат НҰРМАНБЕТОВ, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті заң институтының директоры. Жамбыл облысы. Тарих жылнамасына алтын әріппен жазылады Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 1-2 желтоқсанында Астана қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Саммитін өткізуге байланысты мәлімдемесінде айтылған ой-пікірлер көкейге қонымды, көңілімізден шықты. Әлемде бейбітшілікті нығайтуға байланысты ұдайы тың бастамалар көтеріп келе жатқан Елбасының бұл мәлімдемесінде Саммитте осындай өзекті мәселелердің талқыланатыны анық айтылған. Мәртебелі жиында іргедегі көршіміз Қырғызстандағы терең саяси дағдарысты, Ауғанстандағы жағдайды бейбіт реттеу және Арал проблемаларын шешуге басымдылық берілуінің өзі Саммиттің мәні мен маңызын арттыра түсері сөзсіз. Бұл жиында есірткіге қарсы күрес мәселесі де талқыланатын болады. Бұл қазіргі таңда адамзатты алаңдатып отырған мәселе екенін білеміз. Яғни, бұл Саммиттен күтеріміз көп. “Астанада халықаралық өмірдегі ең басты саяси оқиғалардың бірін өткізу фактісі біздің еліміздің беделін көтеріп қана қоймайды. Астана Саммиті Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және демократиялық дамуына серпін беріп, қазақстандықтардың бірлігі мен патриотизмін бұрынғыдан бетер нығайта түседі”, – деді Елбасы ЕҚЫҰ Саммитін Астанада өткізу туралы шешімнің қабылдануына байланысты мәлімдемесінде. Қазақстан әлемдік қоғамдастық алдында өзінің ұлтаралық және конфессияаралық келісімге ұмтылушылық бастамасын баянды ету жолында тағы бір үлкен іс тындыруға бағыт ұстауда. Араға он бір жыл салып еліміздің бас қаласы Астанада Саммиттің өткізілетіні әрбір қазақстандықтың бойында мақтаныш сезімін тудырып отырғаны шындық. Біз Елбасымыздың әлемдік саяси аренадағы беделі мен толағай табысына мақтанып қана қоймай, елдегі ынтымақ пен бірліктің, достық пен татулықтың нығаюына әрқайсымыз өзіміздің хал-қадерімізше үлес қосуымыз керек. Елдің тарихи жылнамасына алтын әріппен жазылып қалатын мұндай маңызды оқиғалар күнде болып жатқан жоқ. Сондықтан бұл мақтаныш қана емес, тәуелсіз мемлекетіміз үшін үлкен жауапкершілік те. Себебі, бұрын жақсы жағынан танылып келе жатқан Қазақстанның бұл қадамына Ұйымға мүше 56 ел ғана емес, дүние жүзінің барлық мемлекеттері көз тігіп, құлақ түріп отыр. Әлемдік өзекті мәселелерді шешуге бастамашыл болып келе жатқан елімізден бұл бағытта қайтарымды шаруалар күтетіні де рас. Көп ұлтты еліміздегі тыныштық пен бірліктің үлгісі ілгері күндерге деген сенімді нығайта түседі. Ал бұл төрткүл дүниеге төбе би болып отырған Қазақстанның беделіне деген құрмет сезіммен қарауға алғышарт жасайды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардағы оң нәтижелерді, тың табыстарды да Нұрсұлтан Әбішұлы есімімен тығыз байланыста қарайтынымыз сондықтан. Оны күнделікті өмірімізде анық көріп отырмыз. “100 мектеп, 100 аурухана”, “Ауыз су”, “Балапан” бағдарламалары бойынша пайдалануға беріліп жатқан әлеуметтік нысандар, қуаңшылыққа байланысты Үкіметтен бөлініп жатқан қаржылар сондай колдау-көмектің бір парасы ғана. Мәртөк ауданының тұрғындары да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесін көріп келеді. Аудан орталығының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көре бастады. Бұл кешегі Кеңестік кезеңде ұйықтасаң түске де кірмейтін игілік еді. Шәміл САРИНОВ, Мәртөк аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы. Ақтөбе облысы.