Классик жазушының осы аттас әңгімесінде қарлы боранда адасып кеткен қожайын мен қызметшінің бір-біріне деген адалдығы, қайғылы қазамен аяқталса да, керемет көркемдікпен суреттелген ғой. Ал мына жамбылдық қожайын мен “қызметшінің” басынан өткен оқиға мүлде басқаша өрбиді екен.
Жамбылдық із кесушілер 14 тамыз күні Шөлдала ауылының маңындағы саяжай көшелеріндегі бос қалған ғимараттың бірінен зейнеткердің мәйітін тапты. Көп ұзамай жәбірленушінің Талас ауданындағы Қасқабұлақ ауылының 76 жасар тұрғыны екені анықталды. Егде жасқа келгеніне қарамастан, шаруасын сәтті ұйымдастырып келген қария тамыздың басында өзінің малшысымен бірге оншақты қойын сату үшін базарға кеткен сапарынан оралмайды. Туыстары “жұмысбасты адам ғой, бір істерімен аялдап қалған шығар, әлі де болса келіп қалар, күтейік” деген үмітпен қарияны іздеуге асықпайды.
Жамбыл облысы ІІД криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Ардақ Мәдімаровтың айтуынша, базарға шығарған қойларын сәтті саудалаған соң, қасында көмектескен болып жүрген малшысы қожайынын Шөлдала ауылында тұратын анасының үйіне ертіп келеді. Жомарт қария Андрейдің анасына деп азды-көпті сыйлықтар мен азық-түлік сатып алады. Ол өзінің малын бағып жүрген Андрейге де әкесіндей қарап, баласындай еркелетіп, бастан-аяқ киіндіреді екен.
Андрейдің анасының үйінен шыққан соң, олар аялдамаға қарай бет түзейді. Бос ғимараттың маңында қария кенеттен сүрініп кетіп, қалтасындағы ақшаларын шашып алады. Сол сәтте жалдамалы малшы жерде жатқан таспен қарияны демі үзілгенше басынан қатыгездікпен ұра береді, ұра береді... Сөйтіп, ұрлық пен алаяқтық қылмыстары үшін бұрын 3 рет сотты болған 26 жастағы Андрей өз әкесіндей болып кеткен қожайынына “алғысын” осылайша білдіреді.
Куәгерлердің болмауы себепті орын алған кісі өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу қиынға түскен. Әйтсе де, күдікті көп ұзамай сауда-саттық жасап жүрген жерінен ұсталады. Алғашында тергеу амалдарын шатастыруға тырысып, жауапкершіліктен қашпақ болған ол өз қылмысын толық мойындайды.
Жамбылдық тәртіп сақшылары бүгінге дейін 67 кісі өлімін ашты, оның ішінде бұрын жасалғандары – 12, өткен жылғылары – 6. Мәселен, қазіргі уақытта 35 жасар жүкті әйелдің өліміне күдікті 29 жастағы қала тұрғынының ісі сот қарауына жіберілді. Бірнеше пышақ жарақаты салынған мұғалім мәйіті 2005 жылы қалалық аурухана маңындағы Достоевский көшесі бойынан табылған болатын. Бұл қылмыстық іс бойынша іздестіру шаралары бес жыл бойы жүргізілді. Соның нәтижесінде полицейлер дәлелді айғақтар мен бірнеше куәгерлерді тапты. Олар қылмыстық оқиға болған күні жәбірленушіге келген жас жігітті жазбай таныған.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.